«Ұлт пен ұлтты, адам мен адамды теңестіретін нәрсе — білім» ( М.Әуезов). Бір ұлттың, мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігінің кепілі — білім ғана. Осындайда Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Рухани жаңғыру: Болашаққа бағдар» мақаласында: «Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді»,- деп көрсеткені бекер емес.
«Жаңа мектеп жаңа заман талабы, жаңалықпен алға жылжып барады» деген ұранмен оқу-тәрбие үрдісінде жаңа заманның талабына сай жұмыс атқарып келе жатырған мектептердің бірі — Қараөзен мектеп-лицейі. Жарты ғасырдан астам тарихы бар қасиетті білім ордасы жыл сайын қарыштап дамып, жаңашылдығымен, жан-жақты шәкірттерімен, білімі мен білігі жоғары ұлағатты ұстаздарымен ауданымызда дараланып келеді. Еліне қызметі сіңген, кең пейілді жарқын бейнесі мен білімдарлығы арқылы шәкірт санасында жатталған жарқын бейнелердің бірі — Сапар Үмбетұлы.
Утегенов Сапар Үмбетұлы — математика пәнінің мұғалімі, ұзақ жылдар бойы мектепте тәрбие ісінің меңгерушісі болып қызмет атқарған еңбекқор да ізденімпаз ұстаз. Халыққа білім беру саласындағы ерекше еңбегі үшін «ҚР халық ағарту ісінің озық қызметкері» белгісіміне марапатталған педагог.
Ұстаздық еткен жылдарында «Ынтымақтастық топтар арқылы білім беру және жеке тұлғаны тәрбиелеу» атты проблемалық тақырыпты жан-жақты зерттеген ұстаз мақсаты — заманға сай сапалы білімді, тәрбиелі де жан-жақты жеке тұлғаны қалыптастыру болды. Сапар Үмбетұлының «Оқушылардың білімін бағалау», «Оқушыларды тәрбиелеудегі мұғалімнің жеке басының рөлі», «Педагогикалық технологиялардың негізгі параметрлері» тақырыбындағы баяндамалары заман талабына сай ұстаз мәртебесін қалыптастырудағы құнды ой-пікірлер ретінде бағаланып, әріптестері арасында ерекше ықыласпен қабылданды. Аға ұстаз ұжымда үлкен-кішіге көмек қолын соза, жас ұстаздарды қиындығы мен қызығы қатар жүрер ұлы қызметке тәрбиелеуде де көпке үлгі бола білді.
1991 жылы тәрбие жұмыстарының өзіндік моделін облыстық байқауда қорғап, шығармашылық ерекшелігі үшін, республикаға ұсынылған болатын. Ізденімпаз да еңбекқор ұстаз бірнеше тәжірибе шаралары, тынымсыз зерттеу жұмыстарының нәтижесінде оқушыларға мектептегі оқу-тәрбие жұмысын жүзеге асыруда «Ынтымақтастық топтар, клубтар арқылы оқушылардың өзін-өзі басқару» моделін құрды. Бұл жұмыстың нәтижесі 2001 жылы Казталов білім беру бөлімінде, аудандық маслихатта тыңдалып, мектеп өмірінде пайдалануға ұсынылып, бекітілді.
2002 жылы облыста білім беру ұйымдарында тәрбие жүйесі жобасының IV республикалық жастарының облыстық кезеңіне қатынасып, «заман талабына сай құнды жоба» болып бағаланды.
2003 жылы облыстық мұғалімдердің тамыз маслихатында «Ауыл мектептеріндегі тәрбие жұмысын ұйымдастыру» баяндамасы талқыланып, жаңашыл тәрбие моделі екендігі ұстаздар тарапынан үлкен қолдау тапты. Бала тәрбиелеудегі жаңашыл да тиімді әдістерді іздеуді өзіне мақсат-мұрат етіп алған Сапар Үмбетұлының шығармашылық жеке тұлғасы барлық ісінде ерекше дараланып тұрады.
«Адамның адамшылығы — жақсы ұстаздан» деп ұлы Абай айтқандай, мұғалім тәрбиесі мен өнегесі қай кезде де шәкіртіне жан азығы, бағыт сілтеуші бағдары боп қала бермек. «Адамдықтың диқаншысы» мәртебесінің жүгін адал көтеріп жүрген ардақты ұстаз шәкірт тәрбиелеудің, жеке тұлғаны қалыптастырудың бағбаны бола білді. Бірнеше буын жас ұрпақты арман жолына жетелеп, білімнің қия шыңына көтерді.Әр шәкірттің бойындағы тұлпардай тулаған дарынын қамшылай түсіп, жаңа шыңға көтерілем деген әр балаға өмірден өзінің шынайы орынын табуға жетелей жол көрсетті. Пән олимпиадалары, ғылыми жобалар қорғау, түрлі сайыстарға баулыған шәкірттері талай додалардан топ жарып, үздік атанды. Аудандық, облыстық байқауларда, атап айтсақ, «Жайық толқыны», «Атамекен» өлкетану экспедициясының қорытындысы — ұстаз ізденісі мен еңбегінің жемісі. «Ұстазы жақсының –ұстамы жақсы»,- демекші Сапар Үмбетұлының тәлімін алған шәкірттері бүгінгі күні туған өлкенің әр жерінде еліне қызмет етуде.
«Тамшысымен тас тесетін бейнебір су тәрізді» (әл-Фараби) мамандық иесі — Сапар Үмбетұлының — ауылымыз, туған жеріміз үшін жасаған әр ісі келешек ұрпақ үшін маңызы бар ерекше істер.
Кәрі, жасын елімнің,
Тұнығына білімнің
Жүздірген тау бұлақтай,
Таңдауындай тарихтың,
Көзін ашып халықтың
Түнде жанған шырақтай, —
Оқытушы мұғалім
Білімі елге мағұлым,
Оқытып ел баласын…-деп
жыр алыбы Жамбыл бабамыз жырлағандай, ұстаздарға ұстаз болған, өлкесінің игілігі үшін тыным алмай тер төккен, жүрек жылуын, мейірім шуағын, адамгершілік ұлылығын баланың бойына дарытуда қызмет еткен Сапар Үмбетұлына еңбегінің жемісін көріп, отбасымен амандықта отыруын, зейнеткерлік шақта «көрінбес ғажап еңбектің бейнетін кешіп жүрген» «әр сәті, әр күні тұрған бір ерлік» (Ф.Оңғарсынова) аяулы сәттердің зейнетіне, әдемі естеліктеріне бөленіп, ұзақ та тағылымды ғұмыр кешуіне тілектеспіз!
Батыс Қазақстан облысы
Казталов ауданы
Қараөзен мектеп-лицейінің
Оқу ғылыми әдістемелік орынбасары:
Буранова Ляззат Табылдықызы