М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті теріскейдегі жастардың болашағына жол ашатын, ғылым мен білімнің бастауы болатын жалғыз жоғары оқу орны. Университет апта сайын, ай сайын студенттердің, магистранттардың, докторанттардың ғылыми әлеуетін жоғарлату мақсатында әртүрлі ғылыми-тәжірибелік конференцияларды ұйымдастырып отырады. Соның тағы бір айғағы дәстүрлі түрде өтіп тұратын белгілі тарихшы, академик ғалым М.Қозыбаевтың құрметіне «Қозыбаев оқулары – 2020: дамудың басым бағыттары, заманауи қазақстандық ғылымның жетістіктері мен инновациялары» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның жоғары деңгейде өтуі.
Конференция барысы ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы қарсаңында бой көтеріп жатқан шаралардың бірі «Абай орталығының» тұсаукесерінен басталды. Аталмыш орталық болашақ ғалымдар мен студенттердің ғылым жолына деген құлшынысын оятатын, өмірдің соқпағынан сүйреп ғылымға әкелетін үлкен ғылыми орталық болады. Ұлттық ғылым академиясының академигі, белгілі абылайтанушы, абайтанушы, журналист, тарихшы Зарқын Сыздықұлының айтуынша: осы орталықты ашуға біраз тер төгіліп, көптеген еңбектердің жарық көргенін, болашақта да Абай мұрасының ғана емес талай тарландардың мұрасын зерттейтін орталыққа айналатынын жеткізді.
Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігі білім басқармасының басшысы Кәрімова Гүлмира Райымбекқызы да қатысып, «Абай орталығының» ашылуымен құттықтап, болашақта атқарылатын істерге сәттілік тіледі.
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің тарихшы ғалымдарының үлкен еңбегі «Манаштану мәселелері» деген атпен шыққан 5 томдық кітаптың тұсаукесері конференция алдындағы тамаша жұмыстың жемісі болды.
«Қозыбаев оқулары – 2020: дамудың басым бағыттары, заманауи қазақстандық ғылымның жетістіктері мен инновациялары» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ZOOM платформасында онлайын өтті. Конференция барысын М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті ғылым және инновациялар жөніндегі Басқарма мүшесінің м.а. Ыбыраева Ақмарал Ғосманқызы жүргізді. Ал конференцияға Франция, Түркия, Қытай, Қырғыз, Болгария, Литва, АҚШ сияқты мемлекеттердің белді ғалымдары мен Қазақстанның әр университетіндегі тарихшы ғалымдары, докторанттары, магистранттары қатысты.
Конференцияның алғашқы құттықтау сөзін Солтүстік Қазақстан облыс әкімінің орынбасары Нығыметов Ғани Сақтағанұлы жеткізді. Ғани Сақтағанұлы М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің өткізіп жатқан үлкен іс-шарасына сәттілік айтып, М.Қозыбаевтың жұбайы Сара Пішенбайқызы апамызға ұзақ ғымыр тіледі.
Келесі құттықтау сөз М. Қозыбаев атындағы СҚУ Басқарма Төрағасы – Ректорының м.а Исақаев Ербол Маратұлына берілді. Ербол Маратұлы да дәстүрлі түрде жыл сайын М.Қозыбаев оқуларының ұйымдастырылып келе жатқанын айтып, болашақта да бұл дәстүр жалғасын табады деді. Ербол Маратұлы да Сара апамызға ұзақ ғұмыр, зор денсаулық тіледі. Аталмыш конференцияның үлкен сыйы академик Манаш Қабашұлы Қозыбаевтың жұбайы Қозыбаева Сара Пішенбайқызың қатысуы болды.
Төрткүл дүниеден жиналған тарихшы ғалымдардың бас қосуы ғтарихи тағылымы мол, ғылыми құндылығы жоғары, жас ұрпаққа рухани азық болатын жиын болды. Алдағы уақытта да тағылымы терең ғылыми-тәжірибелік конференциялар көп болсын!
СҚО, Қызылжар қаласы
Көкбасқызы Жазира
«BILIM AINASY»