Жуырда Алматы қаласы білім басқарамасының ұйытқы болуымен бірнеше балабақша меңгерушілері бірігіп, екі мемлекеттің үш қаласында, атап айтқанда Қытай мемлекетінің Сужоу қаласындағы “Eton house” және Ханчжоу қаласындағы “ENOBLE” және Малайзия елінің “Universiti Pendidikan Sultan Idris” балабақшаларында халықаралық тағылымдамадан өтіп келдік. Іс-сапарымыз он күнге созылды.
Сұлтан Ыдырыс атындағы педагогикалық Университетте өткен тағылымдама оқу орнының тарихымен танысудан басталды. Оқу орынның ұжымы ең алдымен мұражайды аралатып экскурссия жасап, университеттің құрылысы, жердің таңдалуы, қандай құжаттар дайындалғандығына дейін фотокөрмелер арқылы қызықты баяндап берді. Оқу орны мектепке дейінгі мекемеден, мектептен, колледжден және университеттен тұрады. Білім берудің осы төрт баспалдағы бір-бірімен сабақтасып, етене аралас-құралас. Нағыз маман даярлау ісіне жұмыла кіріскен мекеме қызметкерлерінің жетістігі айтпаса да көрініп тұрды.
Ал Малазия және Қытай еліндегі балабақшалар бала тәрбиесіне үлкен жауапкершілікпен қарайтыны аңғарылды. Балабақшаның көркем безендірілгені табалдырығын аттай сала көзге түсті. Осынша әдеміліктің сыры үлкен еңбекте деп білдік. Бала тәрбиесіне көңіл бөлу, ағылшын тілін тереңдетіп оқыту, патриоттық сезімді қалыптастыру, тағы да басқа көптеген жұмыстар атқарылуда. Балабақшада робототехника, өнер және шығармашылық, инклюзивті білім беру, қоғаммен байланыс, ата-анамен тиімді жұмыс істеу, таза аудағы белсендік сияқты тақырыптарда лекциялар тыңдап, практикалық жұмыстарға қатыстық. Бір ерекшелігі шет мемлекеттерден келетін деллегацияларға балаларды көрсетпей-ақ өз жұмыс тәжірибелерімен бөлісуді жолға қойған екен. Сонымен қатар балабақша ұжымы жоғарғы оқу орны ұжымдарымен бірлесіп жұмыс істейді. Теория және практика ұштасып, бір-бірімен тығыз қарым-қатынас орнатқан.
Шетелдік әріптестеріміздің бала тәрбиелеуде ерекшеліктері көп. Философиялық бағытта өмір сүру, баланың көшбасшылық қасиетін қалыптастыру — басты міндет.
Жекеменшік балабақшалардың бөлмелері мен дәліздері өте кең. Үлкен бөлмелер мен дәліздер түсінің өзі адамның көңіл-күйін көтеріп, жайлылық сезімін сыйлайтындай. Тағы бір атап өтетін нәрсе — балалардың топтағы ойыншықтарының басым көпшілігі табиғи материалдан жасалған. Пластмасса, темір сияқты материялдар жоқтың қасы. Балалар саз балшықты қолдана отырып түрлі бұйымдар мен мүсіндер жасайды. Тек жасап қана қоймай майда топырақтың ылғалданғаннан кейін саз балшыққа айналу жолын зерттейді. Бұл балалар үшін өте қызықты әрі пайдалы жұмыс.
Балаларды тазалыққа баулып, шашқан ойыншықтарын, отырған орындарын өздеріне жинатады. Бұл да – тәрбиенің бір қыры, баланы қоғамға бейімдеу әдісі. «Тәрбие тал бесіктен басталады» деген осы шығар дерсің.
Сучжоу қаласындағы балабақшада балалардың жұмыстарын эстетикалық түрде көрсетіп, стент қылып іліп қойған. Келген адам балалар шығармашылығын тамашалай алады. Тәрбиешілері өте қарапайым, балаларға еркіндік берілген екен. Балалар еш қысылмай өз ойларын айта алады. Бүлдіршіндердің өз елінің ұлттық құндылықтарын білуі — бірінші орында тұрғандай, елі мен жеріне деген сүйіспеншілік сезімдерін салған суреттері мен нұр шашқан көздерінен байқауға болады. Мектепке дейінгі мекемеде жүріп-ақ бала өз мемлекетімен қатар өзге елдердің бар екенін ұғынып, олардың мәдениеті мен өмір сүру салтын біліп шығады.
Тәрбиешілер зерттеу жұмысытарын жүргізіп, тәжірибе жүзінде көрсетіп, көп мысалдар келтіреді. “Неге? Не үшін?” деген сұрақтарға жауап іздеп, балаға іс-әрекет арқылы түсіндіруге тырысады. Мысалы, балалар бір асқабақты өз бақшаларында өсіріп көреді. Тәрбиешілер балалармен бірге дәнін егіп, өсіп-өніп, пісіп, жетілгенін көрсетіп, баптауын үйретеді. Адам ағзасына берер пайдасын да жан-жақты айтып түсіндіреді. Бала бұл процесске етене араласып, әр нәрсені өз қолымен ұстап, көзімен көрсе, еңбекке деген қызығушылығы оянып, көп ұзамай нәтижесін беретініне сенімді. Табиғи жарық, жасанды жарық түрлерін ажырата білуінің өзі әлі мектеп табалдырығын аттамаған бала үшін үлкен жетістік деп айтуға болады.
Этно Хаус балабақшасының тағы бір ерекшелігі – балаларды кішкентайынан қытай халқының ежелден келе жатқан медицинасымен таныстыру. Бүлдіршіндер емдік шөптердің түр-түрімен танысып, олардан гербари жасайды. Тәрбиешілер дәрі-дәрмек жасау жолдары түсіндіріп, үйретеді. Одан бөлек музыка, дене шынықтыру сағаттары өтеді және үлкен кітапхана бар.
Тағы бір ерекше тоқталатын тәрбие әдісі «Иіс сезу» деп аталады. Әр түрлі заттарды құтыға салып, қақпағын жауып қояды. Балалар келгенде ыдыстың ауызын ашып, иіскетеді. Балалар иісті иіскегенде қандай сезімге бөленгендігін сурет салу арқылы көрсетеді.
Табиғатты аялауды, қоршаған ортаны қорғауды балаға жастайынан үйретін, санасына сіңіруге тырысады. Балабақшаға кіре салғанда қоқыс қалдықтарын тастайтын жәшіктер қойылған. Әр жәшіктің сыртында арнайы жазулары мен суреттері бар. Бүлдіршіндер соған қарап қоқысты сұрыптап үйренеді, қай қалдықты қайда тастайтынына дейін біледі.
Балаларға тәлім-тәрбие беріп, жақсы дағды қалыптастырып жатқан балабақша ұжымына ата-аналар да дән риза. Олардың балабақшаға деген құрметі, өзара сыйластықтары қарым-қатынасынан-ақ көрінеді.
Іс-сапар барысында шетелдік әріптестердің тәжірибесін көріп, пайдалы түстарын өзімізге түртіп алдық.
«Атың барда жер таны желіп жүріп» демекші басқа мемелекетке шығып, тәжірибе алмасып, ел-жер көріп, бала тәрбиесіне қатысты тың бағыттармен танысып қайтқанымызға қуаныштымыз. Осы орайда, Алматы қаласы білім басқармасына, аудандық білім бөлімініе алғысымызды айтамыз. Алдағы уақытта алған тәжірибеміз бен білімімізді ұштастыра отырып бала тәрбиелеу ісін одан әрі дамытуға өз үлесімізді қосамыз дегіміз келеді.
КМҚК № 52 бөбекжай балабақшасының меңгерушісі.
Курбанова Карлыгаш Турдыковна
КМҚК № 42 бөбекжай балабақшасының меңгерушісі.
Баткалова Жанат Шукирбековна
Алматы қаласы