Home » Мақалалар » Мағжан Жұмабай “Педагогика” еңбегінің тәрбие берудегі маңызы

Мағжан Жұмабай “Педагогика” еңбегінің тәрбие берудегі маңызы

№1 жалпы білім беретін  мектептің мұғалімі
Тасқынбай Маусымжан,
11 сынып оқушысы Тасқынбай Рақымжан

 

«Қазақтың қаны бір, жаны бір жол басшысы – мұғалім.
Еліміздің аз ғана жылдық ояну дәуіріне баға беру
үшін алты алаштың баласы бас қосса,
қадірлі орын – мұғалімдікі»

Мағжан Жұмабай

 

Ұстаздық жолды таңдаған Мағжан Жұмабай қазақ халқына сауатты болашақ сыйлауды мақсат етіп қойды. Халық қаншалықты білімді болса, заманмен бірге қарқынды дамитынына сеніп, өзінің қазақ халқын білімсіз қаранғылық өмірде қалып қоймауына атсалысқан ағартушы-педагог бола білді.

Абайдан кейін қазақ поэзиясының алтын қорына өз үлесін қосқан ақын Мағжан өткен ғасырдың ХХ ғасырдың 20-30 жылдары ұлттық педагогика әлемінде де айрықша орын қалдырды. Мағжанның ақындығы туа біткен табиғи дарыны болса, негізгі кәсібі – ұстаздық қызметі болды.

М. Жұмабай халықтық педагогика негізінде оқу ісі мен тәрбие ісін ұйымдастыру мәселесіне айрықша көңіл бөлді. Ол әр ұлттың өз мектебі, өз ана тілі, оқулығы, мәдениеті мен әдебиеті болуын армандап, осы «Педагогика» оқулығын жазды. М.Жұмабаевтың «Педагогика» оқулығы басынан бастап аяғына дейін халқымыздың ұлттық тәрбиесін басты орынға ала отырып жазылған еңбек.

Мағжан Жұмабай «Педагогика» атты еңбегінің алғы сөзінде адамның басқа жаратылыстардан бөлек екенін, тәрбие мен күтімді қажетсінетінін былай деп білдірген: «Жер жүзінде басқа да жан иелерімен салыстырғанда, адам баласы туғанда өте әлсіз, зағип, осал болып туады. Малдың төлі туа сала аяқтанады. Тауықтың балапаны жұмыртқадан жарылысымен жүгіріп кетеді. Ал адам баласы – туғанда іңгәлаған айғайы мол бір кесек ет. Ақылы, есі жоқ. Денесі тым әлсіз. Өсуі, ұлғаюы тым сараң, тым шабан. Мінеки, адам баласы осылай өте әлсіз боп туып, аса сараң өсетіндігінен, оның денесіне, жанына азық беріп, өсуіне көмек көрсетпей, яғни оны тәрбиелемей болмайды».

Бұл еңбектің алғаш басылымы 1922 жылдың қырқүйегінде жарық көрді. Мағжан бұл кітабын ХV бөлімнен құрып, әр бөлімінде педагогика ғылымын жан-жақты саралап, болашақ ұрпақты тәрбиелеуде таптырмас көмекші құрал ретінде қалдырған.

Мағжан Жұмабайдың педагогикасының мақсаты:

Ақыл тәрбиесі

Құлық тәрбиесі

Сұлулық тәрбиесі

Дене тәрбиесі

Ақыл тәрбиесі – түзу ойлайтын, дұрыс шешетін, дәл табатын болса.

Құлық тәрбиесі – жамандықтан жаны жиреніп, жақсылықты жаны тілеп тұратын болса.

Сұлулық тәрбиесі – сұлу сөз, сиқырлы үн, әдемі түрден лаззат алып, жан толқытатын болса.

Дене тәрбиесі – ыстық-суық, аштық-жалаңаштық, тұрмыста жиі ұшырайтын.

Тәрбиенiң бұдан басқа да түрлерi бар. Автордың төрт тәрбиеге баса көңiл бөлуi сол заманның талабына сай көзқарасы болса керек.

Мағжан Жұмабай осы тәрбиенiң төрт түрiн жүйелі түсiндiре келiп, былай дейдi: “Егер де адам баласына осы төрт тәрбие дұрыс берiлсе, оның тәрбиесi түгел болғаны. Бала берiк денелi болса, дұрыс ойлайтын, дұрыс шешетiн, дәл табатын ақылды болса, сұлу сөз, сиқырлы әуен, әдемi түрден ләззат алып, жан толқындырарлық болса, жамандықтан жаны жиренiп, жақсылықты жаны тiлеп тұратын болса ғана адам баласының дұрыс тәрбие алып, шын адам болғандығы…Балам адам болсын деген ата- ана осы төрт тәрбиенi дұрыс орындасын…”– деп М.Жұмабай тәрбиенің мақсатын анықтап бередi.

Мағжанның  «Педагогика» еңбегін оқи отырып, қай жерлерін алсақ та терең ойға толы, тәрбиелік мәні зор ұлтымыздың асыл қазынасы жатыр. Осы тәлім-тәрбиеге толып тұрған Мағжан ағамыздың «Педагогика» еңбегін ұрпақ тәрбиесіне бейжай қарамайтын жұртшылыққа оқуға кеңес бере отырып, ой елегінен өткізіп, өскелең ұрпаққа жеткізе білсек, онда біздің қазақ балалары биік белестерді бағындырарына кәміл сенуге болады.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.