Home » Мақалалар » Азаттықты аңсаған ұлт көсемі  Міржақып Дулатұлы

Азаттықты аңсаған ұлт көсемі  Міржақып Дулатұлы

Нұр — Сұлтан қаласы
Міржақып Дулатұлы атындағы
№68 мектеп — гимназия
Бастауыш сынып мұғалімі
Уалиева  Сандуғаш  Калиденовна 

Халықтың шын жанашыр қамқоры болып туған, өте алыс болашақтарды ойлап, мәңгілік маңызы бар істер атқарған ақын-жазушыларымыздың бірі-Міржақып Дулатұлы. Қазақ үшін, айбарлы алты алаш үшін жанын қиған асыл арыстарымыздың бірі. Нағыз ұлтжанды, өз ұлтының шамшырағы секілді біртуар ұлы. Ол —Жас та болса, бас болып, әу дегеннен ел назарына ілікті. Өз еркімен емес, темір шеңгелді жалмауыз жүйенің маңдайға тиген қатты соққысынан қалың ұйқыға кеткен қаймана халықтың есін жинап, еңсесін көтерту үшін шыбын жанын шүберекке түйіп, бозторғайдай шырылдаған, сол күрес жолында қоғам қайраткері болып қана қоймай, қазақ әдебиетінің дамуына өлшеусіз үлес қосып, ұрпағына баға жетпес асыл қазына қалдырып кеткен сегіз қырлы, бір сырлы дарын.

Адамзат тарихында қилы-қиямет оқиғалармен, дүбірлі даму үрдісімен ерекше орын алған ХХ ғасырдың басы қашаннан еңбегі еш, тұзы сор қазақ халқы үшін де сындарлы кезең болғаны белгілі. Осындай талма тұста, шешуші сәтте ұлт үшін қызмет көрсетудің үздік үлгісін көрсеткен алтын айдарлы арыстарымыздың қатарында Міржақып Дулатовтың есімі бұл күнде зор ілтипатпен аталады.

Сондай аумалы-төкпелі, аласапыран кезеңде халқының жоғын жоқтап, мұңын мұңдап, аузы алты қарыс патша өкіметіне қарсы бас көтерген қазақ азаматтарының іс-әрекеттерін ұлт азаттығы үшін күрес деп бағалаған жөн. Басым көпшілігі сауатсыз, қараңғыда бұйығып жатқан елді оятып, жаңаша өмірге, еркіндікке, елдікке тарту, әлбетте, оңай бола қойған жоқ. Соның үшін де Ахмет Байтұрсынов ұйықтап жатқан елді оятар ма екен деп «Масасын» ұшырды. Міржақып Дулатұлы «Оян, қазақ!» деп ұран салды. С.Торайғыров «Қараңғы қазақ көгіне, өрмелеп шығып күн болам» деп жалын атты. Ә.Бөкейханов орыс газеттеріне қазақ жерін қалай болса солай тартып алып жатқан, қазақтарды шоқындыруды көздеген патша саясатына қарсы мақалалар жазды.

Көзіңді аш, оян қазақ, көтер басты,

Өткізбей қараңғыда бекер жасты.

Жер кетті, дін нашарлап, хал арам боп,

Қарағым, енді жату жарамас-ты.

«Оян, қазақ! Ойлан, қазақ! Бол, қазақ!» деп сол кезден бері халықтың көзі ашық, көкірегі ояу, білімді болуы, өркендеп-көркеюі жолында қан төгіп, жан беріскен Міржақып Дулатұлының артында ұлы туындылар қалды. Жас буын осындай асыл мұраны ешқашан ұмытпауы тиіс. Алаш қайраткерінің тек қана бір салаға қатысты емес, барлық саланы қамтитын ойларына көңіл бөліп, зерделеп отыру қажет. Мәселен, «Жалғыз білім үйретуге емес, біліммен бірге жақсы тәрбиені қоса беру керек», «Өзінің тарихын жоғалтқан жұрт, өзінің тарихын ұмытқан ел — қайда жүріп, қайда тұрғандығын, не істеп не қойғандығын білмейді, келешекте басына қандай күн туатынына көзі жетпейді», «Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады», — дейді Міржақып Дулатұлы. Тарихсыз келешек болмайды. Тарихсыз мемлекеттің негізі де берік емес. Сол кездің өзінде көрнекті ағартушы аталмыш жайттардың барлығына тұңғиықтан көз жүгіртіп, жан-жақты ойлай білген.

Қорыта айтқанда ХХ ғасырдың басында қазақ даласы күрескер азаматтарға зәру еді. Осы тұста елдің ертеңі үшін бар күш-жігерін жұмсап қызмет еткен тұлғалардың бірі – Міржақып Дулатұлы. Келешек ұрпақ егемен елде өмір сүру үшін өз өмірін қысымда өткізуге бел буды. Шұрайлы жерінен, сес көрсетер қаруынан, басындағы билігінен айрылған, қара түнекке бет алған елін орыс бодандығынан арашалап алмақ болды. Халықтың санасына әсер етсе, елдік ойлау жүйені қайта қалпына келтірсе қазақ елінің қандай болмасын бұғауды жеңіп шығатынына сенді. Осы мақсатына жету жолында көптеген қиыншылықтарына қарамастан ел арасындағы «ояту» шараларын жүргізіп, жалпы жұртты сауаттандырудың ауқымын кеңейтті. Жалпақ жұртты бірауыздан бірігіп, мектеп-медресе салуға шақырды. Міржақып Дулатұлының ұлт санасына сіңіруге тырысқан құндылықтары қазақ халқымен мәңгі бірге жасайтын қасиеттер.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.