Смаилова Сәбира Әбдумүтәліқызы
Алматы қаласы Жетісу ауданы
№177 жалпы білім беретін мектептің
ағылшын тілі мұғалімі
«Заманың түлкі болса, сен тазы болып шал», деген қазақта кереметтей сөз бар. Оның астарында терең мағыналы ой жатыр. Дамудың, өсудің, алға қарай ұмтылудың жолын меңзейді. Ағылшындағы «Live and learn» сөзі осыған сайып келеді. Дегенмен неге ағылшын? Себебі тағыда даму, өсу, өркендеу және алға қарай ұмтылу. Ағылшын тілі де-заман талабы. Үш тілділікті қолдап, оны меңгерудің өзі үлкен бір тындырымды іспен тең болып тұр. Олай дейтін себебім, мен ағылшын тілі мұғалімі қызметін атқарып келемін. Шәкірт тәрбиелеудемін, тіл үйретудемін, мүмкіндігі болғанша, баланы сол тақырыбын қызығушылықпен ұғындыруға тырысып жүрмін. Осы орайда К.Д. Ушинскийдің тамаша мына сөзі есіме түседі: «Егер мұғалім өз бойына іс пен шәкірттеріне деген сүйіспеншілікті біріктірген болса, ол – кемел ұстаз.» Кемел ұстаз болу көп нәрсені талап етеді. Соған сәйкес, негізі қосымша табыс көзі үшін емес, қарым-қатынас жасау, өз-өзімді дамыту, мамандығымды одан әрі шыңдау мақсатында Дарын онлайнның тюторлығына тіркеліп бастадым. Тағы да, атақты орыс педагогі К.Д. Ушинский сөзін есіме алғым келеді: «Мұғалім өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім, оқуды, ізденуді тоқтатысымен оның мұғалімдігі де жойылады.» Бірақ әлі ешбір репeтитор жалдаушымен байланысқа түспедім. Дегенмен кез келген уақытта барымды салып қызметімді атқаруға дайынмын. Бұл дарын тютор дәл қазіргі уақытта аса маңызды орын алады.
Білім – адам өмірінің ажырамас бір бөлігі. Технологияның қарқынды дамуына қарай әлем бойынша дәстүрлі оқыту формасы жиі өзгерістерге ұшырады. Елдегі пандемиялық жағдайға байланысты карантиндік режим онлайн оқыту жүйесімен табыстырды. Онлайн кезінде де оқытудың эффективтілігіне назар аударылды. Қашықтан оқыту мұғалімдерге жаңа дағдыларды игеруге, кәсіби дамуға мүмкіндік берді.
Бүгінде қосымша білім алғысы келетін жандардың саны артып жатыр. Оған басты себеп – әдеттегі оқудың онлайн жүйеге ауысуы. Бұған дейін де қосымша білім алу үшін репетитор іздеп сандалған оқушылардың қарасы аз болды дей алмаймыз. Бірақ сұраныстың өскені белгілі. Статистикаға сүйенсек, бес оқушының біреуі репетитордың көмегін қажет етеді екен.
Daryn Tutor платформасының негізгі мақсаты – жоғарыда айтылған мәселені шешу. Яғни үздік ұстаздарды білікті репетитор ретінде танытып, қоғамды сапалы біліммен қамтамасыз ету. Қазіргі таңда платформаға тіркелген мыңға жуық ұстаз өзінің білетінімен бөлісуге дайын. Репетитор ретінде тек қана кәсіби мұғалімдер ғана емес, білімді студент жастар да тіркеле алады. Одан бөлек ұстаз оқушының білім сапасын арттырып ғана қоймай, өзі де қосымша табыс табады. Daryn Tutor арқылы жалпы білім бағдарламасына, қосымша сабақтарға, ҰБТ-ға, еліміздегі түрлі зияткерлік мектептердің емтиханына, олимпиадаларға дайындық жүргізуге болады. Онымен қоса, репетиторлар тізімінде домбыра, гитара сынды түрлі аспапта ойнауды үйрететін, сөйлеу мәнеріне, театр өнеріне баулитындар да кездеседі. Былайша айтқанда, қай арнаға жақынсыз, қай іске толық төселгенсіз – сонымен табыс табуға барлық мүмкіндік жасалған. Сіз жәй ғана тіркеліп, өз анкетаңызды қалдырсаңыз жеткілікті. Қапы қалмай, білім саласын жаңа арнаға түсірейік.
Жай мұғалім хабарлайды,
Жақсы мұғалім түсіндіреді,
Керемет мұғалім көрсетеді.
Ұлы мұғалім шабыттандырады,-дегендей, білім шырағын одан әрі жағамын деген білім алушыларымызға шабыт беруден ешқашан талмайық!