Елеуова Ақерке Дүйсенханқызы,
Алматы қаласы, Наурызбай ауданы
№200 мектеп-гимназиясының аға тәлімгері
Жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті жүйелі орынға қойып, адалдықпен ел үмітін ақтар жас буынды тәрбиелеу әр білім ошағының міндеті.
Осы ойдың аясында рухани-адамгершілік, азаматтық патриоттық тәрбиені негіз еткен «Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубы 2018 жылы қыркүйек айында біздің мектепте құрылған.
Алматы қаласы, Наурызбай ауданы №200 мектеп-гимназиясында 7-9 сынып оқушылары мүшелікке қабылданатын клуб құрамында сыбайлас жемқорлыққа қарсы білім, сыбайлас жемқорлыққа қарсы ақпаратпен шығармашылық мәдени-бұқаралық іс -шараларға арналған секциялар жұмыс жасайды.
Жас буынның мектеп қабырғасынан бастап адалдықпен өзіндік ой пікірін қалыптастырып тек еңбекпен жететін таза жолды ту еткенін әр ұстаз арман етеді.
Жемқорлық – іштей ірітетін індет. Өмірге енді қадам басып келе жатқан жас ұрпақтың әуелі өз сөзінде тұруы алға қойған мақсаттарына жетуінің алғы шарты. Еріктілер қатарына қосылатын мүшелер ант қабылдап елінің патриоты болуға, өз Отанын тілін қастерлеуге, мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге, үлкенге құрмет, кішіге ізетті болуға, білімге құштар, салауатты өмір салтын ұстанып, адал, әділетті болуға ант етеді.
Ағымдағы жылдың 19 қазан күні 8-9 сынып оқушыларын «Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубына қабылдау рәсімін өткіздік.
Тәлімгерлік жолымдағы әр ұйымдастырған іс-шарам шәкірт санасына ой салар, болашағында сабақ болар ізгі бастама болса мен үшін еңбегімнің ақталғаны.
«Адал ұрпақ» еріктілер қатарына қабылданған белсенді оқушыларға төсбелгі тағу рәсімі мектеп Президенті Елдосұлы Әлиге берілді.
Тәуелсіз еліміздің адал әрі саналы ұрпағы атанып талай игі іс-шараларды бірлесе атқаруға шақырған Әли Елдосұлы клубтың жаңа мүшелеріне өзінің ізгі лебізін білдірді. Іс—шараға қатысқан мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары А.Л.Салкинбекова, Е.С.Рахманбердиевте 270 оқушы құрамына енетін атаулы клуб жұмысына сәттілік тіледі.
Тәрбие жұмысының негізі оқушылардың мәдени деңгейін арттыру, адамгершілікке баулу, моральдық-этикалық қағидаларды қалыптастыру болса оқушыларға жауапкершілік деген ұғымды түсіндіретін осындай шараларымыздың тәрбиелік мәні зор деп білеміз.