Тугербаева Гульзира Абайқызы
«Маңғыстау облысы білім басқармасының
Қарақия ауданы бойынша білім бөлімінің
«№9 бастауыш мектеп» КММ
директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары
Қош келдің, «Әліппе»!
Тәуелсіз еліміздің жас ұрпағы саналы да білімді азамат, өмірдің барлық саласында да белсенді, рухани тәрбиені бойына сіңірген, өз Отанына жанашыр азамат етіп тәрбиелеуде мектептің орны зор десек, ал оның негізін қалаушы- бастауыш сынып. Мектеп табалдырығын жаңа аттаған әрбір бүлдіршін бұлақтай таза болса, сол бұлаққа қайнар білімді беріп, нәрін оқушының бойына сіңіретін бастауыш. Бастауыш мектеп балаға білім беріп қана қоймай, оның алғашқы жеке адам ретінде қалыптасуына жағдай туғызып, оқушы бойына ұлттық мінез-құлық, адамгершілік, сыпайылық пен кішіпейілділік қасиеттерін қалыптастырып, баланың жан дүниесін рухани қазыналармен байытып, қазақ халқының әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін меңгерте отырып, оқуға, білімге деген қызығушылығын оятып, дұрыс сөйлеп, өз ойын еркін айтуға, пікірін дәлелдеуге үйретеді.
Ай басында «Маңғыстау облысы білім басқармасының Қарақия ауданы бойынша білім бөлімінің «№9 бастауыш мектеп» КММ-де мектеп табалдырығыналғаш аттаушы 75 бала мен ата-аналардың қатысуымен «Кел, балалар, оқылық!» атты салтантты жиын өткізілді. Барлық санитарлық талаптар сақталған, дәстүрлі форматта өткізілген шара барысында Жетібай ауылы әкімі Асанов Қуаныш Сырымұлы, мектеп директоры Ибраева Гулназ Рысқалиқызы, Қамқоршылық кеңес төрайымы Серикова Гүлнар Түйебайқызылар 1-cынып оқушыларына жүрекжарды ақ тілектерін жаудырып, алдағы өмірлеріне ақжол тіледі. Өз кезегінде балапандар да өздерінің білім, мектеп, ұстаз туралы тақпақтары мен өлеңдерін айтты.
Ең ерекше айта кетерлік жайт, мектебіміздің қайта жаңғыртылып жұмыс жасағалы бергі алғашқы қоңырауы да дәл осы күні соғылды. Алғашқы қоңырауды соққан 1 «А» сынып оқушысы Әкімбай Сержан Нұрғалиұлы.
Сондай-ақ шара соңында 1-сынып оқушыларына биылғы жаңа оқу жылының ауыз толтырып айтарлық жаңалықтарының бірі «Әліппе» кітабы сыйға тартылды. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының әдістемесіне негізделген “Әліппенің” негізгі мақсаты өзгермеген. Ол – баланы оқуға және жазуға үйрету. Алдағы уақытта осы оқулықтың балдырғандардың әріп танып, қабілетін шыңдауда оңай әрі ұғынықты болатыны сөзсіз.
Сонымен бірге мектебіміздің басқа да сыныптарында «Тәуелсіздік жетістіктері» тақырыбында тәрбие сағаттары өтті. Мақсаты – 30 жылдық тарихы бар егеменді еліміздің жетістіктерін өскелең ұрпаққа таныстыру, патриоттық тәрбиелеуге бағытталған іс-шара өте жоғары дәрежеде өткізілді.