«Ыбырайдың ізімен» атты Нұр-Сұлтан – Қостанай велошеруіне қатысып, 750 шақырымдық жолды 6 күнде жүріп өткен әуесқой велошабандоздарға Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті Ғани Бейсембаев алғыс хаттар табыс етті.
Веломарафон Тәуелсіздіктің 30 жылдығына, Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығына, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының 100 жылдығына орай ұйымдастырылған.
Ыбырай Алтынсариннің өнегелі өмірін, бай мұрасын насихаттауға, жастарды салауатты өмір салтына және патриотизмге насихаттауға бағытталған велошеруге бес әуесқой велошабандоз қатысты. Қатысушылардың ең үлкені – 76 жаста.
Велотоп Қостанай қаласына жеткен соң қаланың іргесіндегі Ы.Алтынсарин кесенесіне, Ы.Алтынсарин атындағы мектепке барды, сондай-ақ Ы.Алтынсарин мемориалдық музейімен танысып қайтты.
«Ыбырай 137 жыл бұрын негізін қалаған, қазір ұстаздың атындағы облыстық мектеп-интернатқа барып, оқу орнымен, мұражайымен таныстық. Ыбырай Алтынсариннің облыстық мемориалдық музейіне де бардық. Музей басшысы Марғұлан Оспанов пен қызметкерлері мол мағлұмат берді. Бұл велошерудің танымдық, рухани, физикалық, интеллектуалды пайдасы жетіп-артылады», – деді веломарафонның бастамашысы Ернат Мелсұлы.
Іс-шара қорытындысы бойынша веложүгірушілер Академияға веломарафон символикасы бар естелік жейделер сыйлады.