Home » Мақалалар » ЛУЛЛИЯ ШЕҢБЕРІМЕН ДИДАКТИКАЛЫҚ ОЙЫНДАР ҰЙЫМДАСТЫРУДЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

ЛУЛЛИЯ ШЕҢБЕРІМЕН ДИДАКТИКАЛЫҚ ОЙЫНДАР ҰЙЫМДАСТЫРУДЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

Сопбекова Мағира Байұзақовна,
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы жамбыл облысы бойынша
ПҚ БАИ «Әдіснама және педагогикалық инновация»
кафедрасының аға оқытушысы,
Тараз қаласы

Мектеп жасына дейінгі балаларға білім беру жүйесінде жаңа әдіс-тәсілдер, ойындар және түрлі ойын-сауықтар пайда болып жатыр. Балалар ақпараттық-қатынастық құралдарды оңай игереді, яғни смартфон, компьютер, планшет, т.б. Сондықтан оларды дәстүрлі көрнекі құралдармен таң қалдыру қиын. Бірақ балаларды дәстүрлі көрнекілікті қызықтырарлықтай таңдап, ұйымдастыру қажет. Балалардың тілін дамыту үдерісін түзету үшін қазіргі күнде өте көп әдістер, технологиялар бар.

Мектепке дейінгі жастағы балаларға ең жақын, қызықты, қолайлы қызмет ол – ойын. Ойын және тіл арасында екі жақты байланыс бар: бір жақтан баланың тілі ойында дамиды, белсендіріледі; екінші жағынан ойынның өзі тілдің ықпалы және толықтыруы арқылы жетілдіріледі.

Қызықты оқыту әдістерінің бірі — Луллия шеңбері. ХІІІ ғасырда француз монахы Раймонд Луллий қағаз шеңберлер түрінде логикалық машинаны ойлап жасады. Дөңгелек әр түрлі диаметрлі екі шеңберді қамтиды. Шеңбердің ортаңғы бөлігіне көрсеткіш немесе белгі орналастырады. Барлық топтар бірдей секторларға бөлінеді (ерте жастағы балалар үшін шеңбер төрт секторға бөлінеді). Оларда суреттер (қоршаған әлемнің объектілері) болады. Шеңберлер мен көрсеткіш бір-бірінен еркін қозғалады. Қажет болса, секторлар орналасқан суреттердің әр түрлі комбинацияларын алуға және үйлеспейтін көрінетін объектілерді де біріктіруге болады.
Балабақшаларда Луллия шеңберлерін қоршаған ортамен таныстыру, сөйлеуді дамыту, қарапайым математика, сенсорика, көркем әдебиет, музыка оқу қызметтерінде пайдалануға болады. Бұл материалдың функциясы өте көп, оны жеке де, топтық түрде де қолдануға болады.

Луллия шеңбері — мектепке дейінгі ұйымдарда қолдануға балалардың зияткерлік және шығармашылық қабілеттерін дамытудың бір құралы. Бұл әдістеме зерттелетін материалдарға қызығушылық сақтауға көмектеседі. Әдістеменің негізгі мақсаты — зейінді, ауызша сөйлеу дағдыларын дамыту, қолдың моторлық дағдыларын, қиялды дамыту, әлемді тану жолын меңгерту, пайда болған мәселелерді шешуге мүмкіндік беретін дағдыларды қалыптастыру.

Луллия шеңберлерін педагогтер балалардың әр түрлі іс-әрекетінде және бағдарламаның барлық салаларында: танымдық іс-әрекетте, сөйлеуді дамытуда, математикада, сурет салуда, көркем шығармада және, әрине, шығармашылық пен қиялды дамытуда белсенді қолданады.

Балалармен жұмыс кезінде балалардың жасына байланысты 2-ден 4-ке дейін шеңберді қолдануға болады. Шеңберлер 4-тен 8-ге дейін өзгеретін секторларға бөлінеді. Сурет шеңбердің әр секторына орналастырылады. Тәжірибеде ауыстырылатын суреттерді қолдануға да болады, бұл әр түрлі ойындар үшін бір негізді – шеңберді пайдалануға мүмкіндік береді.

Луллия шеңберіне негізделген ойындарды барлық білім беру салаларында қолдануға болады.

Кейбір ойындарға мысал келтірейін.

«Нақты комбинацияны табу». Бірінші шеңберде бағдардың астына сурет орнатылады, оған жұп екінші шеңберді айналдыру арқылы таңдалады.

«Ерекше комбинацияны түсіндіру». Мұнда суреттің жұбы суреттердің бағдардың астына кездейсоқ түсіру арқылы таңдалады. Балаларға осы заттарды немесе заттарды қалай біріктіруге болатындығын түсіндіру ұсынылады.

Дөңгелектердің барлық секторларында суреттер немесе заттар белгілейтін белгілер орналасады. Мысалы, бірінші ең үлкен дөңгелектің секторларына ағаштардың (алма ағашы, қарағай) суреттері жапсырылады; екіншіге – олардың өсетін жері (бау–бақша, орман, батпақ, т.б.); үшіншіге – жемістері немесе тұқымдары (апельсин, алма, т.б.). Балалар дөңгелектердегі сәйкестікті табу керек. Мысалы, тәрбиешінің ұсынысы бойынша төменгі дөңгелектен алма ағашының суретін табады, содан кейін ортаңғы дөңгелектен бақшаның суретін тауып, алма ағашының үстіне орналастырады, ең кішкентай дөңгелектен алманы тауып орналастырады. Сонан соң өзара байланысын түсіндіреді.

Ойын жүргізу барысы:

Барлық шеңберде сурет орналастырылады.

1) ағаштың түрі;

2) оның орналасқан жері (бақ, орман, дала т. б);

3) жемісі, тұқымы (алма, жаңғақ т.б)

Мақсаты қойылады: балаларға сәйкестігін табу қажет.

Балалар шеңберді айналдырып түскен комбинация бойынша әңгіме құрастырып, оның пайдасын айтады. Мысалы, шеңбердегі әр-түрлі суреттер арқылы сөз тіркестерін, жай сөйлемдер құрап үйрену.

Шарты: берілген суреттер бойынша сұрақтарға жауап бере отырып, суреттерді бағдармен қосу.

— Балық қайда жүзеді? (Балық суда жүзеді)

— Дәрігердің көлігін не деп атаймыз? (Дәрігердің көлігін «Жедел жәрдем» деп атаймыз)

— Көбелек қайда қонады? (Көбелек гүлге қонады)

— Мынау не? Бұл — қайық. Қайық қай жерде жүреді? (Суда, қайық — судың көлігі)

— Мынау —  көкөністер. Көкөністер қай мезгілде піседі? (Күз мезгілінде піседі)

— Сиырдың төлін не деп атайды? (Сиырдың төлін «бұзау» деп атайды)

«Луллия шеңбері» ойыны шартты түрде 3 түрге бөлінеді

1) «Сыңарын табу» ойыны. Бірінші шеңберде суреттер жапсырылады. екінші шеңберді бала айналдыру арқылы сәйкестендіреді.

2)  Шеңберді кездейсоқ орналастыру арқылы қиял-ғажайып әңгіме құрастыру. Бұл ойында екі шеңберді бірге айналдырады.

3)  Балалардың шығармашылық қиялын дамытуға арналған ойындар.

Нәтижесінде:

  • баланың ойын барысында белсенділік танытады, сөздік қоры молайып, әңгімелеу және сөйлеу тілі қалыптасады;
  • ақыл-ой әрекетінің тәсілдерін үйренеді (талдау, бекіту, жүйелеу, құрастыру);
  • қоршаған ортамен танысады, оған қамқорлықпен қарауды үйренеді.

Бұл ойын-оқыту әдісі балалардың сыртқы ықпалсыз еркін, қызыға жұмыс жасауына, жаңа материалдарды тез қабылдауына және психологиялық, физикалық қобалжуларды басуға көмектеседі.

Дөңгелекте ерекше түрімен орналасқан суреттермен балаларға ойнауға қызықты. Әдеттен тыс тапсырмалар балалардың тек қана заттардың белгілерін танытып қоймай, олардың түстерді қабылдау, топтастыруды білу, салыстыру, талдау, қорытындылау, зейінді шоғырлау, ауызша тілді қалыптастыру қабілеттерін дамытады және көру қызметін белсендіруге себеп болады.

Жалпы мектеп жасына дейінгі балалармен жұмыс істеу үшін әртүрлі диаметрмен төрт-сегіз секторға бөлінген екі-төрт дөңгелек қолданған жөн:

– 2-3 жастағы балалармен жұмыс істеу үшін диаметрі әртүрлі әрқайсысы төрт-алты секторға бөлінген екі дөңгелек қолданған жөн;

– 4-5 жастағы балалармен жұмыста әрқайсысында төрт-алты-сегіз сектордан екі-үш дөңгелек қолдану ұсынылады.

Дөңгелектерді пластиктен немесе жуан қатырма қағаздан, жалпы қолда бар материалдардан жасап пайдалануға болады.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.