Жазаева Назгуль Амантаевна
№ 102 ЖББ КММ
Алматы қаласы Жетісу ауданы
бастауыш сынып мұғалімі
…Тәуелсiздiк – ата-бабаларымыздың жүздеген жылдармен
өлшенетiн арман-аңсарының жүзеге асқан ақиқаты.
«Біз бәріміз бір атаның – қазақ халқының ұлымыз.
Бәріміздің де туған жеріміз біреу: ол қасиетті қазақ даласы.
Бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар:ол тәуелсіз Қазақстан».
Нұрсұлтан Назарбаев
Түп шежіресі сонау ежелгі түркіден бастау алатын «мың өліп, мың тірілген» қазақ халқы бағзы заманнан бері қаншама өзінің іргелі ел, қабырғалы қалпын, салиқалы салтын сақтап қалғаны – еркіндік сүйгіштік жігерінің, асқақ рухының арқасы. Қазақ мемлекеттілігінің түпкі негізі сонау сақтардан басталып, ғұн, қаңлы, қыпшақ, Ақ орда мен Қазақ хандығының жалғасы – бүгінгі тәуелсіз Қазақстан мемлекеті.
Қазақ елінің еркіндігі, тәуелсіздігі үшін тарихта ерекше орын алатын көтерілістер: Сырым Датұлы, Кенесары Қасымұлы, Махамбет Өтемісұлы мен Исатай Тайманұлы бастаған және 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістер болды. Сонау «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» заманынан бастап, қынадай қырылған 1930-1933, ел тізгінін ұстаған азаматтардан 1938 жылдарына дейінгі аралықта халқымыздың осынау кең жақан далада өмір сүруі, тарих бетінен ұлт болып жойылып кету қаупі төніп тұрған еді. Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай батырлардан бастап, Иса, Досан, Шотан батырлар, беріректе Бауыржан, Мәншүк, Әлия сынды батырлар сол ел қорғауды ұран еткен, сол үшін құрбан болып, ел құрметіне бөленген бабаларымыздың есімдері алтын әріппен тарихта қалды.
Тәуелсіздік үшін ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен елін қорғаған бабалар рухынан қуат алған ызғарлы Желтоқсан оқиғасы қазақ халқының қасіреті де, қасиеті де жетерлік тарихына айналды. Иә, Желтоқсан оқиғасы қаншама ызғарлы естілсе де, жанымызға нұр септі. Желтоқсан жаңғырығы бізге Тәуелсіздіктің таңын әкелді.
Қазақ халқының ғасырлар бойы аңсаған арманы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заң қабылданған сол бір тарихи күнде, 1991 жылдың 16-желтоқсан күні жүзеге асты. Дүниеге жаңа мемлекет – Тәуелсіз Қазақстан келді. Біз өзіміздің рәміздерімізбен мақтанамыз, Қазақстан Туымен тұғырлы, Елтаңбасымен еңселі, Ән-ұранымен айбатты.
Еңсемізді тіктеп, егемен ел атанып, өз алдына отау тігіп дербес мемлекет атанған Қазақстан қаншама қиындықтарға жолықса да тастай берік төзімділіктің арқасында, жалпақ әлемге өзінің өршіл үнін, өркениетке деген үмітін мойындатты… Ата-бабаларымыздан мұра болып қалған ұлан-ғайыр атамекен жеріміз, отарлық жоя алмаған тіліміз, мәдениетіміз тек қана қазақтың рухының күштілігімен сақталды.
Біздің тәуелсіз Қазақстан Республикасының тарихындағы барлық жетістіктері, қазақ халқының егеменді заманда жаңаша ерекше өрлеуі, өркендеуі, рухани-экономикалық еркіндігіміз, әлемдік қоғамдастық пен дүние жүзінің дамыған озық мемлекеттерімен тереземіз тең, дәулетті елдермен бірдей қарым-қатынас жасау жетістіктеріміздің барлығының алтын бастауы – біздің мемлекеттің Тәуелсіздігінде.
Тарих толқынында талайды бастан кешірген қазақ елі 30 жыл бұрын өз тәуелсіздігін алған тұста дұрыс таңдау жасағандығын бүгінгі таңда уақыттың өзі дәлелдеп отыр. Тәуелсіздігіміздің алғашқы таңынан бастап қазіргі кезеңіне дейінгі оңды өзгерістер Елбасымыздың тікелей бастамасымен болып жатқаны аян. Бейбітшілік, келісім мен тұрақтылық жағдайында Қазақстан жылдам қарқынмен әлемдегі алдыңғы қатарлы жетекші елдердің қатарына қосылып келеді.
Бүгінде Қазақстан – әлемдік қоғамдастықтағы жауапты да құрметті әріптесі, Орталық Азияның шешуші елі.
Қазақ халқының бір ерекшелігі – ұлттық тәрбиеге үлкен мән беруінде. Ежелгі ата-бабаларымыз сан ғасыр бойы өз ұрпағын күмбірлеген күміс күйімен, сыбызғы сырнай үнімен, ғашықтық жырымен, асқақтата салған әнімен, мақал-мәтел, шешендік сөз, жаңылтпаш, айтыс-өлеңдерімен тәрбиелеп келгені шындық. Өйткені, бүкіл саят-санасы, әдет-ғұрпын ертегі, аңыздар, жыр – термелері, ойын-сауығы, жұмбақтары мен жаңылтпаштары, барлығы да айналып келіп тәрбиеге келіп тірелген.
Тәуелсіздік – ең алдымен қазақ халқының бостандыққа ұмтылған асқақ армандары мен қайсар рухының жемісі. Сондықтан да біз үшін Тәуелсіздік күні – ең қастерлі күн. Біз бүгінгі барлық жетістіктерімізге Тәуелсіздіктің арқасында қол жеткіздік. Тәуелсіздік – тәңірдің біздің ұрпаққа берген үлкен бақыты, халқымыздың мәңгілік құндылығы.
Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойы тұғырлы, баянды болсын! Әрқашан күн сөнбесін! Тәуелсіз Қазақстанның таңы нұрлы, егемен еліміздің ұрпағының еңсесі биік болып, көк аспанда қасиетті көк туымыз мәңгі желбіресін!