Калмурза Мәдина Еркинқызы
Қазақ Ұлттық Қыздар
Педагогикалық Университеті
Тұтықпа — сөйлеу аппаратының бұлшық еттерінің тырысу салдарынан, сөйлеудің жылдамдығы мен ырғақтылығының бұзылуы. Тұтықпаның пайда болуына бас ми қыртысының жүйке процестерінің өзара қатынастарының бұзылуының маңызы зор. Тұтықпаны түзетудің қазіргі замандағы кешенді тәсілдерінің пайда болып қалыптасуының алдында көптеген әдіс тәсілдерді іздестірулер болған. Тұтықпа ілімінің даму тарихында ондай бірнеше әдістер сипатталған:
Терапевтикалық әдістер санау ерте заманнан (Гиппократ, Аристотель, Авиценна, Гален т.б) бері әр түрлі деңгейде қолданылып келеді. Хирургиялық әдістер тұтықпаны артикуляциялық аппараттың құрылымының немесе тілдің бұлшық еттерінің иннервациясының бұзылу салдарынан деген түсініктің нәтижесінде пайда болып, I ғасырдан XIXғасырдың ортасына дейін қолданылып келді. Ортопедиялық мақсатпен механикалық бейімдеу құралдарынмпайдалану сонау Демосфеннен басталған.
Ол өзінің тұтықпасын түзету мақсатымен теңіз тастарын пайдаланған. Итар тілдің шанышқы, Кленке тілдің астына ағаштан доғаға ұқсас табақша т.б қолданған. Психотерапиялық ықпалды жақтаушылар тұтықпаның ең бастысы психологиялық азап шегу деп түсініп түзету тәсілдерін тұтығушының психикасына ықпал етуге бағыттау қажет деп санайды. Дидактикалық тәсілдер біртіндеп күрделенетін әртүлі сөздік жаттығуларды қолдануды көздейді (Андрес, Гутцман, Итар, Коэн,Куссмауль т.б).
Емдеу педагогикалық жүйені алғашқы рет И. А. Сикорский және оның шәкірті И. К. Хмелевский қолданған. Көптеген ғалымдар мен тәжірибелі мамандар бұрынғы құрастырылған әртүрлі тәсілдердің ең тиімділерін алып, оны тұтықпаны түзетудің кешенді тәсілдері деп анықтады.
В. А.Гиляровский, Ф. А. Рау, Ю. А. Флоренская, Н. П. Тяпугин, М. Е. Хватцев,Н. А. Власова, В. С. Кочергина, М. С. Лебединский, С. С. Ляпидевский, В.И. Селиверстов өздерінің зерттеулерімен, тұтықпаны түзетуде кешенді емдік-педагогикалық ықпал ету әдісін ары қарай дамытады. Тәжірибелік іс-әрекеттермен тұтықпаны түзетудің кешенді әдісін дамытуға зор үлес қосады. Қазіргі замандағы тұтықпаны түзетудің кешенді әдісін тұтығушының психофизиологиялық жағдайына әртүрлі мамандардың және әртүрлі тәсілдермен ықпал етуі деп түсінеді.
Тұтықпа ерекшеліктеріне тән:
- Тұтықпа 2-6 жасқа дейінгі жаста байқалады.
- Тұтықпаға дейін жайылма сөйлемдерді қолданады.
- Ақаулық кенеттен немесе созылмалы психикалық зақымдалудан басталады.
- Тырысудың деңгейі тұтығушының эмоционалды жағдайына және қатынас ортасына байланысты.
- Белгілі бір жағдайда жатық сөйлеу мүмкін (өзімен болғанда, эмоционалды жайлы жағдайда, сөйлеу процесін көңілін басқа жаққа бөлгенде.
Тұтықпаны түзету әдістері:
Баланың асықпай, яғни тұтықпай дауыс ырғағының анық естілуін және оның дұрыс сөйлеуі үшін арнайы әдістер мен тәсілдер бар. Соларды тізбектеп өтелік. Ең бірінші баланың психологиясына мән беру қажет. Бірінші сатыда мінезінің қандай екенін анықтап алу. Оның өз ортасында және көпшілік ортада ұялу сезімінен арылту, болмашыға бола тұтығып қысылып қалуынан сақтандыру қажет. Баланы үнемі тежеп немесе тоқтатып отыруға болмайды. Сонымен қатар қатты дауыс шығарып ұрсып немесе бар дауысыңызбен айқайлауға мүлдем болмайды. Баланың өзіне деген сенімділігін арттыуға тиістісіз.
Тұтықпаны түзетуде мұғалімнің орны ерекше деп білеміз. Мұғалім тұтығушының отбасымен тығыз байланыс жасайды, сыныптағы балалардың тұтығушыға ықыласпен қарауын қадағалайды, сыныптағы, мектептегі қоғам жұмысына тартып, баланы сөйлеуін түзетуге қызығушылығын белсендірілуіне жағдай жасайды.
Түзету жұмысының негізгі міндеттеріне: жалпы, ұсақ, артикуляциялық моторикасын, фонациялық тыныс алуын, сөз қорын молайту т.б. жатады. Түзету педагогикалық жұмыс тұтықпаның клиникалық түріне байланысты жүргізіледі. Баланың өзінің тәртібі мен сөйлеу кемшіліктерін және тұтықпаны түзету тәсілдерін меңгеруі, оның түзету логопедиялық процесіне белсенді табысты қатысуына мүмкіндік береді. Жұмыс барысында әр түрлі дәстүрлі және арнайы оқу құралдары қолданылады. Оларға көптеген оқулықтар, оқу процесінде, ойындар, диафильмдер, видио материалдар жатады.
Өз жұмысында логопед мұғалім тұтығуды түзетуде А.Н.Стрельникованың парадоксальдік және цигун әдісін, сын тұрғысынан ойлау әдістерін қолданады.
Баланың қорғаныштық режимін қалыптастыру үшін,айна алдында бала өзін еркін ұстау, психологиялық тұрғыдан дайындау қажет.
Артикуляцияға және мимикалық бұлшықеттерге арналған релаксациялық жаттығулар:
- Тісімізді көрсете отырып,барынша күлеміз. Зейінді беттегі қысымға аударамыз.
- Түтікше, езу тарту.
- Ерінді алға шығара отырып,10 секунд бойы үрлейміз.
- Алдыңғы тіске тілді тірейміз,зейінді тілдегі қысымға аударамыз.
- Ауызды ауаға толтырып,көзімізді барынша ашу.
3) Дауысты дыбыстармен жұмыс:
Тілінде кемістігі бар балаларға сөздегі дауысты дыбысты бөліп айтуды үйрету үлкен нәтиже береді.Кейбір дауысты дыбыстарды созып айту үшін, сөйлеуді жеңілдетіп,тілдегі құрысуларды болдырмайды. Дем шығару арқылы дауысты дыбыстармен жұмыс жасау керек:
А-о А-о-у-ы М-м-м-м-м-а-а-а М-м-м-м-м-у-у-у
А-о-у А-о-у-ы-и М-м-м-м-м-о-о-о М-м-м-м-м-ы-ы
4) Санау жаттығуларын жасау кезінде:
Бір тыныста терең тыныс алып,санау қажет.
1,2,3,4,5,6,7,8,9,10,11,12,13,14,15,16,… сандарды кері қарай санау.
5) Тыныс алу жаттығуларын
Стрельникованың пародоксальдік тыныс алу әдісі арқылы жасаймыз.
- Мұрыннан шулы тыныс алып,жылдам дем алу.
- Насос
- Серіппе
- Өз-өзіңді құшақта
- Мысық
Қорыта айтқанда, әр баламен жеке жұмыс істеген мұғалімнің қандай әдістерді қолданатынын қарастырдық. Сонымен қатар олармен байыпты сөйлесу және ата-анасымен тығыз байланыс орнату қажеттігі жөнінде нақтыладық. Әр жеке тұлғаның дамуы үшін, өзінің арнайы ғылыми тұрғыда зерттелгенін және сол бағыттармен жұмыс істеу керектігін аңғардық.