Home » Мақалалар » Ғажайып арал

Ғажайып арал

Есімова Мирамгүл Серікқалиқызы
Нұр-Сұлтан қаласындағы
№72 «Жанарым» МКҚК балабақшасының
дене шынықтыру нұсқаушысы

 

Білім беру саласы: Денсаулық.

Ұйымдастырылған оқу қызметі: «Дене шынықтыру» (мектепалды даярлық тобымен).

Мақсаты: — балаларды аяқ ауруларының бірі «майтабанмен» таныстыру;

— жүру барысында табандарын дұрыс қойып жүруге үйрету, жаттығулар арқылы табандарын нығайтуды қалыптастыру;

— «майтабанның» алдын алу мақсатында табанға арналған жаттығу-ларды үйрету;

— дәстүрден тыс әдістерді қолдану арқылы аяқ бұлшық еттерін жаттық-тыру;

Міндеттері: жүру, жүгіру түрлері арқылы балалардың табандарын нығайту, негізгі қозғалыс жаттығуларын орындау барысында аяқ бұлшық еттерінің дұрыс дамуын қалыптастыру;

— балаларды қозғалыстарды музыка әуенімен орындауға, топ болып әрекет етуге дағдыландыру;

Қажетті құрал-жабдықтар: «денсаулық» массаж жолдары, гимнастикалық таяқшалар, текшелер, түрлі-түсті қалпақшалар, орамалдар, пішіндер бейнеленген қағаздар, түрлі-түсті қарындаштар.

Жүргізілу барысы:

Балалар саппен дене шынықтыру залына кіреді.Амандасады.

Нұсқаушы: — Сәлеметсіздер ме, балалар!  Балалар «сәлеметсіз бе!» деп амандасу арқылы біз бір-бірімізге денсаулығымыз жақсы болсын деген тілек тілейміз. Ал ауырмай, денсаулығымыз жақсы болу үшін не істеу керек?

Балалардың жауабы: спортпен шұғылдану, дене шынықтыру, жеке бас гигиенасын сақтау және т.б.

Нұсқаушы:— Балалар, қалай ойлайсыңдар, ал аяқтарымыз бізге не үшін қажет?

Балалар: жүру, жүгіру, секіру үшін

Нұсқаушы:— Дұрыс, аяқтарымыздың негізі табан болып саналады.

Табан – денеміздің сүйеніші, тірегі, ал оның дамуының кез келген бұзылуы дене бітімімізден көрінуі мүмкін.

Бұлшық еттерге күш түсірмесе, олар әлсізденіп, табанды сәл көтеріп жүруге мүмкіндік бермейді. Соның кесірінен «майтабан» пайда болады. Майтабан сонымен бірге жайсыз аяқ киім кигеннен, ауыр көтеріп, аяққа салмақ түсіргеннен де болуы мүмкін.

— Табанның бұлшық еттері мен сіңірлерін қатайту үшін үнемі жаттығу жасау керек. Ол үшін, балалар, мен сендерді Ғажайып аралға саяхат жасауға шақырамын. Ғажайып аралда, балалар, біз табанға арналған әртүрлі жаттығулар жасап, табанымыздың майтабан болмауына көмектесеміз. Сондықтан да аралға, балалар, біз жалаңаяқ барамыз. Бізге аралға баруға «денсаулық» массаждық жолдары көмектеседі.

  1. Жүру, жүрудің түрлері, жүгіру (музыка әуенімен)

— аяқтың ұшымен;

— өкшемен;

— табанның сыртымен;

— табанның ішкі қырымен;

— тізені жоғары көтере жүру;

— шашырап жүру;

— тізбекте орнын таба жүру;

— ирелеңдеп жүру;

— және жүгіру;

— шашырап жүгіру;

— тізбекте орнын таба жүгіру;

— ирелеңдеп жүгіру;

— жүгіруді жүрумен алмастыру;

— тыныс алу жаттығуы.

  1. Жалпы дамыту жаттығулары: (үш қатарға тұрып)

— Балалар, міне біз аралға да келіп жеттік. Біздің алдымызда көптеген сынақтар тұр. Сол сынақтарға төтеп беру үшін біз алдымен бұлшық ет пен табанымызды қатайтып, ағаш бұтақтарымен (гимнастикалық таяқшалардың көмегімен) жаттығулар жасаймыз.

  1. Б.қ.- аяқты сәл алшақ қойып, таяқшаның екі ұшына сәл жеткізбей ұстаған күйде қолды төмен түсіріп тұру. 1-таяқшаны жоғары көтеру. 2-таяқшаны кеуде тұсына түсіру. 3-таяқшаны жоғары көтеру. 4-б.қ.-қа келу (6 рет).
  2. Б.қ.- аяқты сәл алшақ қойып, таяқшаның екі ұшына сәл жеткізбей ұстаған қолды төмен түсіріп тұру. 1-таяқшаны жоғары көтеріп, оң (сол) аяқтың ұшымен тұрып, өкшені өзіне тарта созылу. 3-4- б.қ.-қа келу (6 рет).
  3. Б.қ.- аяқты сәл алшақ қойып, таяқшаның екі ұшына сәл жеткізбей ұстаған күйде қолды төмен түсіріп тұру. 1-таяқшаны жоғары көтеру. 2- алға қарай иіліп, таяқшаны жерге қою. 3-түзу тұру. 4-алға қарай иіліп, таяқшаны көтеріп алу. 5 — б.қ.-қа келу (6 рет).
  4. Б.қ.- аяқты иық деңгейімен бірдей қойып, таяқшаның екі ұшына сәл жеткізбей ұстаған күйде қолды желкеде ұстап тұру. 1-солға бұрылу. 2- б.қ.-қа келу. 3- солға бұрылу. 4- б.қ.-қа келу (6 рет).
  5. Б.қ.- аяқты алшақ қойып, еденге отыру, таяқша аяқтың астында жатады. 1-таяқшаны аяқпен алға домалату. 2-таяқшаны аяқпен кері қарай домалату (6 рет).
  6. Б.қ.- жерде жатқан таяқшаға қырынан тұрады. Таяқшадан екі аяқпен секіру, секіруді жүрумен алмастыру (6 рет).
  7. Б.қ.- аяқты сәл алшақ қою, таяқша алда жатады. 1-таяқшаны өзіне қарай тартып, демді ішке тарту. 2-таяқшаны өзінен кері қарай итеру, демді ауыз арқылы шығару. (6 рет)

III. Негізгі қозғалыс жаттығулары.

— Балалар, аралда күн ыстық екен, ендеше біз өзімізге көлеңкелеуге үйшік құрастырайық.

  1. 1. «Құрылысшы». Әр балаға түрлі-түсті текшелер беріледі. Балалар текшелерді табандарымен қысып, текшелерді бірінің үстіне бірін қойып «үйшік» құрастырады.

— Біз үйшік құрастырғанда көптеген құрылыс материалдарының қалдықтары шашылып қалыпты. Енді соларды бір орынға жинауымыз керек.

  1. «Құрылыс материалдарының қалдықтарын жинау».

Еденде шашылған түрлі-түсті қақпақшаларды башпайларымен қысу арқылы өкшесімен жүріп барып, арнайы ыдысқа салады.

— Балалар, үй салып, құрылыс қалдықтарын жинаймыз деп үстіміздегі киімдерімізді кірлеттік. Ендеше киімдерімізді жуайық.

  1. «Кір жуу». Балаларға шағын орамал таратылады. Балалар орамалды башпайларымен жиыра жинауы қажет.

— Балалар, біздің табанымыз көп еңбектенді. Енді олардың қаншалықты мықтылығын, ептілігін тексеру үшін ойын ойнауға шақырамын.

  1. «Орамалды жалға» ойыны. Ойынның шарты: балалар орамалдарды башпайларымен қысып, бір-біріне жалғайды.
  2. «Пішіндерді бояймыз» ойыны. Түрлі-түсті қарындаштар мен пішіндердің үлгісі сызылған қағаз пайдаланылады. Шарты: балалар қарындаштарды башпайларының арасына қысып алып, қағаздағы пішіндердің үлгісін бояйды. Осылайша олар түрлі-түсті пішіндерді бейнелейді.

— Жарайсыңдар, балалар, ал енді барлығымыз жайғасып жатып, дем алайық, қолымыз жанымызда, аяқтарымыз түзу, денемізді бос ұстаймыз (Музыка қосылады)

  1. Релаксация«Құмырсқа».

— Балалар, біздер алаңқайда жатырмыз, күн сәулесі бізді қыздырады. Башпайларымыға құмырсқа жорғалап шықты. Тезірек аяғымызды өзімізге қарай тартамыз. Демімізді ішімізге тартып, қай башпайымызда құмырсқа отырғанын байқаймыз. Құмырсқаны аяғымыздан сілкіп тастаймыз да, терең дем аламыз. Аяғымызды созып, денемізді бос ұстаймыз. Ақырын орнымыздан тұрамыз.

— Балалар, бізді «денсаулық» жолы шақырады, балабақшаға қайтатын уақыт болыпты (балалар бір шеңберді айналып жүріп, тоқтайды). 

— Міне, біз балабақшадамыз.

  1. Қорытынды:

— Балалар, біз қайда бардық? (аралға).

— Қандай жаттығулар жасадық? (табанға арналған).

— Жаттығулар бізге не үшін қажет? («майтабан» ауруын болдырмау үшін).

— «Майтабан» ауруы не себепті болады? (жайсыз аяқ киім кигеннен, мыс: тар аяқ киім, аяққа салмақ түсіргеннен, ауыр көтергеннен).

— Қандай жаттығулар сендерге өте ұнады? (балалардың жауабы).

— Жарайсыңдар, табандарымыз «майтабан» болмау үшін табанға арналған жаттығулар жасау қажет екен. Сонымен бірге, балалар, дәрумендер қабылдаған дұрыс (балаларға дәрумен таратылады). Осымен бүгінгі  ұйымдастырылған оқу қызметі аяқталды. Сау болыңыздар!

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.