Педагогтердің кәсіби құзыреттілігін дамыту – оның кәсіби тәжірибе арқылы үздіксіз өз білімін жетілдіріп, дамып, шыңдауға әкелетін тың жаңалықтарды қабылдау мен меңгертудің қарқынды үдерісі. Педагогикалық тәжірибе- шығармашылық ізденіс, жаңалығы бар тәжірибе, жаңашылдардың тәжірибесі. Ол сонысымен өте құнды әрі мектеп тәжірибесіне жаңалық енгізеді.
Ағымдағы оқу жылының күзгі каникул уақытында белгіленген жоспар бойынша Семей қаласының «13 ЖОББМ» КММ-де «Тәжірибе алмасу-мұғалім үшін кәсіби қажеттілік» атты әдістемелік кеңес өтті. Аталған кеңес шаһардағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің қолдауымен ұйымдастырылып, ұстаздардың үздік әдіс-тәсілдерін үйренумен ұласты.
Мәселен, Назарбаев Зияткерлік мектебінің физика пәнінің мұғалімі А.Сүлейменова ұстаздардың кәсіби даму мақсатын (КДМ) жоспарлаудың әдістерін көрсетті. Сонымен қатар, SMART мақсат пен SWOT талдау – кәсіби даму мақсатын құрып, ол жоспарлаудың негізгі көмекші құралы болып табылатынын түсіндіріп, тәжірибелік жұмыс жүргізді.
Ал, осы білім ошағының тағы бір ұстазы А.Ахтанбердина болса, «Мектептегі мұғалімдердің зерттеу жұмысы «Lesson Study – сабақтағы іс-әрекеттегі зерттеудің ерекше үлгісі» тақырыбында өз тәжірибесіндегі іс-әрекеттегі зерттеуді ұйымдастыруды, сыни ойлауды дамыту, критериалды бағалау моделін, тәрбие жұмысы жүйесіндегі маңызды әрекеттердің қаншалықты деңгейде жүзеге асырылып жатқандығын, тиімділігін атап көрсетіп, қалай жоспарлау керектігіне тоқталды.
Қазақстан тарихы пәнінің мұғалімі Д.Кемешев «CLIL технологиясын тиімді қолдану» туралы мектеп мұғалімдеріне өз іс-тәжірибесін ортаға салды. CLIL оқыту әдіснамасы бойынша білім алушылар үшін пәндер ана тілі болмайтын тілде оқытылады. Мақсаты — тіл оқу материалын меңгерудің құралы болып табылады. Осы ретте Данияр Тұрдыұлы өз тәжірибесіндегі әртүрлі әдістерін мектеп мұғалімдеріне қолданып, оның нәтижесі жөнінде пікір алмасты.
Мұғалімнің кәсіби дамуына қолдау көрсету-мәртебесін көтерудің бір сатысы болып табылады. «Мұғалім өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім, оқуды, ізденуді тоқтатысымен оның мұғалімдігі де жойылады» деген К.Д.Ушинскийдің сөзін естен шығармауымыз керек. Өйткені, үздіксіз еңбектенген ұстаз ғана өз мақсатына жетеді.
«№13 ЖОББМ» КММ мұғалімдері Зияткерлік мектептен келген әріптестерінің іс-тәжірибесіне оң баға беріп, алдағы уақытта бірлескен жұмыстың нәтижесін көруге болатынын айтты. Сондай-ақ тәжірибе алмасу жалғаса берсе деген өтініштерін білдірді.
Мұрат Жақсыбаев,
Семей қаласының
«13 ЖОББМ» КММ-нің директоры