Home » Мақалалар » Болашаққа Абай болып аттанамын

Болашаққа Абай болып аттанамын

Махан Масат Лесбайұлы
Жамбыл облысы
Жуалы ауданы
Т. Тастандиев атындағы
№11 орта мектебінің
  дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі

 

Абайды әлем мойындады. Тіпті,  көрші өзбектер Абайдың  150 жылдығында «Біз Абайды жатқа білген халықпыз», —  деді. Абайға астанасынан еңселі ескерткіш ашты. Ақын — халықтың ұраншылы. Алладан кейін ақиқатты айтатын сол ақындар емес пе? Ибрагим Юсупов ақындарын алақанында аялады. Абайды жатқа білсе,  алғысымыз шексіз деп біздің интеллегенциямыз алақан соқпады. Керісінше,  өлеңнен көркемдік іздеп, көсемсініп кетті. Біз сол көрші халықтан артық сөз айта алдық па? Стамбул, Тегеран, Будапеш, Пекин сияқты елдер Абайға ескерткіш орнатып, Италия «Абай үйін» ашып жатқанда,  «Біз Абайды жатқа білеміз»,-  деп кеудемізді соға аламыз ба?

Қарсы уәж айтылатынын білемін.

«Ет жүрексіз ерніңнің айтпа сөзін»,  — деп Абай қазаққа айтты.
Біз өзге ұлттардан асырып, Абайға арнап ұран сөз айтқан екенбіз.
Абайдың 120 жылдығына арнап, Мұқағали Мақатаев  «Болашаққа Абай болып аттанамын», — депті қайран ақын. Содан бері 50 жыл асыпты. Сол баяғы Абай айтқандай:

«Көп айтса көнді,

Жұрт айтса болды —

Әдеті надан адамның»

немесе

«Жартасқа бардым,

Күнде айғай салдым,

Онан да шықты жаңғырық…

Баяғы жартас — бір жартас,

Қаңқ етер, түкті байқамас»,-дейді.

Абай өзінің он бесінші қара сөзінде «Егер де есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өмірді қалай өткіздің екен, не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды, күнінде өзің өкінбестей қылықпен өткізіппісің? Жоқ, болмаса, не қылып өткізгеніңді өзің де білмей қалыппысың?» деген еді.  Біз содан бері қаншалықты есті кісілер қатарына қосыла алдық?

Есті кісілердің қатарында болсақ Мұқағалидің әлгі өлеңін кітаптарынан сызып, 2012 жылға шейін 50 жылға жуық халқына жеткізбей қараңғыға жасырмас ек.

Қарсы уәж айтылатынына сенімдімін. Өйткені Абайдың өзі:

«Күштілерім сөз айтса,

Бас изеймін шыбындап…»,-дейді.

Мұқағалидің сол ұран сөзі ұлттың идеологиясына айналуы керек. Айналдыруымыз керек. Дамыған алдыңғы қатарлы елдердің қатарында боламыз десек, біз болашаққа Абай болып аттауымыз керек.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «ХХІ ғасырдағы ғылымның мақсаты биікке ұмтылу, алысқа құлаш сермеу екенін көріп отырмыз. Ол үшін, ең алдымен, білім беру саласын заманға сай дамытуымыз керек», -деген болатын. Президенттің осы ойының байыбына қаншалықты барып жүрміз? «Елу жылда ел жаңа» демей ме дана халқымыз. Абай тойы халқымызға құтты болғай!

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.