Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті Ғани Бейсембаев Ресей білім академиясы ұйымдастырған «Білім туралы ғылым саласындағы зерттеулерді дамыту перспективалары» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға қатысты.
Конференцияның мақсаты – білім туралы ғылым саласындағы дисциплинааралық, өңіраралық және халықаралық ынтымақтастықты дамыту, білім беру жүйесін дамыту шеңберінде ғылыми әзірлемелерді ілгерілетудегі озық ғылыми жетістіктер нәтижелері туралы біліммен және практикалық шешімдер тәжірибесімен бөлісу.
Ғ.Бейсембаев өз баяндамасында пандемия кезінде қазақстандық білім беру жүйесінің цифрлануы туралы баяндап, телевизиялық сабақтарды ұйымдастыру, жаңа цифрлық оқулықтар мен білім беру платформаларын енгізу, «Цифрлық мұғалім» жобасы және т. б. туралы айтып берді. Сондай-ақ оқушылардың білімдеріндегі олқылықтардың орнын толықтыру, атап айтқанда «Жазғы мектеп» ұйымдастыру, негізгі оқу пәндерінің күрделі тақырыптары бойынша YouTube-арнасында онлайн сабақтар жүргізу мәселелері қозғалды.
Баяндама соңында Ғани Бейсембаев ТМД елдері Білім академияларының қауымдастығын құру туралы ұсыныс білдірді, айтуынша, ол педагогикалық салада жаңа шешімдер мен жұмыс әдістерін әзірлеуде күш-жігер біріктіруге септігін тигізеді.