Home » Мақалалар » Тәуелсіздік белестері

Тәуелсіздік белестері

Ақтобе қаласы, Қобда районы
Талдысай орта мектебінің
 тарих пәні мұғалімі
 Джумашева Динара Алишеровна

Тақырыбы: Тәуелсіздік белестері

Тақырыптың мақсаты: «Біз бәріміз бір атаның – қазақ халқының ұлымыз. Бәріміздің де туған жеріміз біреу: ол қасиетті қазақ даласы. Бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар: ол тәуелсіз Қазақстан»деп мақаламды елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың  сөзімен бастап отырмын.

Тәуелсіздік — кез келген халық үшін өте қадірлі ұғым. Азаттықты ғасырлар бойы аңсаған халқымыздың асыл арманы орындалған ұлы күн — Ел тәуелсіздігіне биыл 30 жыл толып отыр. Үш жүз жыл бойғы бодандық бұғауынан азат болған қазақ халқы тарих көшімен салыстырғанда қас-қағымдай осынау уақыттың төрткүл дүниеге танылды, әлем мойындаған егемен ел болды. Ежелгі қазақ даласында өзіне тән барлық институттары бар түбірінен жаңа демократиялық-құқықтық мемлекет құрылды.

Осының барлығы дамыған 30 елдің қатарына кіруімізге жаңа серпін беретіні сөзсіз. Бұл үшін бізде барлық мүмкіндіктер: ресурстар, білімді адамдар, жұдырықтай жұмылған ұлтымыз бар.

Қазақстанды жарқын болашаққа жетелейтін жастарымыз бабаларымыз аңсап өткен тәуелсіздіктің туын жықпай, желбірете білуі тиіс. Өйткені, бабаларымыздың ұлан байтақ жерін қалай қорғағанын, бостандықты қалай аңсап-қадірлегенін білеміз.

Тақырыптың  міндеттері:

  • Тәуелсіздік белестеріне тоқталу;
  • Тәуелсіздіктің тұрақтылығы ұғымның мәнін жете ұғынып, бағасын біліп, зердесіне сіңіру.
  • Жастарды қазақ­стан­дық патриотизмге шығарма­шы­лық жағынан дамыған жеке тұл­ға ретінде тәрбиелеу қажет.

          Тақырыптың өзектілігі.

«Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 30 елдің қатарына кіру стратегиясында» маңызды екі міндетті атап өту керек. Біріншіден, білім беру ісі отанның игілігі үшін саналы түрде таңдау жасауға және өз бетімен шешім қабылдауға қабілетті патриотты тәрбиелеуге қолдау көрсетуі керек. Екіншіден, білім беру ісі кез келген жағдайға бейімделгіш және жаңа идеяларды қабылдауға қабілетті, өзіне де, жақындарына да қамқорлық жасай алатын, бәсекеге қабілетті және үнемі жетіліп отыратын адамды тәрбиелеуге септігін тигізуі қажет. Жаһандану жағдайында осы екі зор міндетке үшіншісі — ұлттық сәйкестікті сақтап қалу міндеті қосылды.

Қазақ халқының бір ерекшелігі – ұлттық тәрбиеге үлкен мән беруінде. Ежелгі ата-бабаларымыз сан ғасыр бойы өз ұрпағын күмбірлеген күміс күйімен, сыбызғы сырнай үнімен, ғашықтық жырымен, асқақтата салған әнімен, мақал-мәтел, шешендік сөз, жаңылтпаш, айтыс-өлеңдерімен тәрбиелеп келгені шындық. Өйткені, бүкіл саят-санасы, әдет-ғұрпын ертегі, аңыздар, жыр – термелері, ойын-сауығы, жұмбақтары мен жаңылтпаштары, барлығы да айналып келіп тәрбиеге келіп тірелген.

Осыған орай таңдалған тақырыптың өзектілігі мен оның құндылығы маңызы өте үлкен екендігін атап өткім келеді.

Ал енді тәуелсіздік белестеріне тоқталсақ, мынадай 30 жылдың ішінде маңызды саяси оқиғаларға куә болған екенбіз:

1991 жылы 16 қазанда — Қазақ КСР-інің Президентін сайлау туралы Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Заңы қабылданды.

1991 жылы 1 желтоқсанда — Қазақ КСР-інің Президентін сайлау өтті. Сайлау нәтижесі бойынша дауыс беруге қатысқандардың 98,78 % дауысын жинаған Н.Ә.Назарбаев Республика Президенті болып сайланды.

1991 жылы 10 желтоқсанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының атауын өзгерту туралы» Заң қабылданды. Осы заңға сәйкес жаңа құрылған тәуелсіз мемлекет Қазақстан Республикасы деп аталды.

1993 жылғы қаңтардың 28-інде Қазақстан Республикасының тұңғыш Конституциясы қабылданды. Негізгі Заң 4 бөлімнен, 21 тараудан, 131 баптан тұрды.

1993 жылғы 5 қарашада «Ақша жүйесін тұрақтандыру жөніндегі шұғыл шаралар туралы» Президент жарлығы шықты. 1993 жылы 15 қараша «Ұлттық валюта» күні деп аталып, алғашқы Қазақстан Республикасының теңгесі айналымға түсті. Оған атақты тұлғалар суреті басылып шықты. 2006 жылы 15 қарашада теңгеміз жаңа басылыммен қайта шықты.

Елордада ЭКСПО-2017 көрмесі өтті. «Болашақ энергиясы» тақырыбындағы халықаралық шара 10 маусым мен 10 қыркүйек аралығында өттi.

2019 жылдың 19 наурызында Қазақстанның Тұңғыш Президенті өз өкілеттілігін тоқтату туралы мәлімдеді.

2020 жылғы 11 маусымда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «ҚР Парламенті Сенаты депутаттарының сайлауын 2020 жылғы 12 тамызға тағайындау туралы» жарлық қабылдады.

2021 жылғы 1 қыркүйектен бастап Қазақстанда халық санағы басталады.
Демек тақырырыптың жаңалығы тарих толқынында талайды бастан кешірген қазақ елі 30 жыл бұрын өз тәуелсіздігін алған тұста дұрыс таңдау жасағандығын бүгінгі таңда уақыттың өзі дәлелдеп отыр.Тәуелсіздігіміздің алғашқы таңынан бастап қазіргі кезеңіне дейінгі оңды өзгерістер Елбасымыздың тікелей бастамасымен болғаны аян. Бейбітшілік, келісім мен тұрақтылық жағдайында Қазақстан жылдам қарқынмен әлемдегі алдыңғы қатарлы жетекші елдердің қатарына қосылып келе жатқандығын ашып көрсету тақырыптың жаңалығы екендігін атап айтқым келеді.

Биыл тәуелсіздігімізге 30 жыл болады. Бұл мерейлі дата – Егемен еліміз үшін аса маңызды меже. Бұл – жаңа тарихи кезеңнің басы.

Тәуелсіздігіміз тұғырлы, баянды болсын! Әрқашан күн сөнбесін! Тәуелсіз Қазақстанның таңы нұрлы, егемен еліміздің ұрпағының еңсесі биік болып, көк аспанда қасиетті көк туымыз мәңгі желбіресін!  Деген тілекпен аяқтағым келеді.

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ:

  1. 1. Выступление Президента Республики Казахстан Нурсултана Назарбаева на V Астанинском экономическом форуме 23.05.2012 г. // http://www.akorda.kz.
  2. 2. Послание Президента РК Н.А. Назарбаева народу Казахстана «Социально-экономическая модернизация – главный вектор развития Казахстана» // Казахстанская правда, 2012, 27 января.
  3. 3. Назарбаев, Н. Қазақстан жолы / Н. Назарбаев.- Астана, 2007.- 372 б.
  4. 4. Нұрсултан Назарбаев: елмен сырласу . Т.ІІ: сөздер, сұхбаттар / жобаның авт.: М.Жолдасбеков.- Астана: Күлтегін, 2009.- 254 б.
  5. 5. Қасымбеков М. Елін сүйген, елі сүйген Елбасы.- Астана,2005.- 200 б.
  6. 6. Нұрсұлтан Назарбаев – Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті.

2 томдық.Т.1.: ретроспективтік библиографиялық көрсеткіш / бас. ред. Б.Ө.Жақып.- Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 2010.- 735 б.

  1. Назарбаев Н. Ә. Тарих толқынында. — Алматы, «Жібек жолы» баспа үйі, 2010. — 232 бет.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.