Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің шәкірті Шыңғыс Тоқанов химия пәнінен Қ.Сәтбаев атындағы V Республикалық олимпиаданың жеңімпазы атанды.
9 сынып оқушылары арасында ұйымдастырылған білім бәйгесі биыл Қарағанды қаласында өтті. Оған еліміздің әр аймағынан 73 үміткер қатысты. Шыңғыс олимпиада қорытындысы бойынша 101 ұпай жинап, І орынға ие болды.
— Олимпиада онлайн өткізілгенімен қатаң бақыланды. Талап бойынша оқушының өзі мен тест тапсыратын ноутбук экраны толықтай қадағаланып отырды. 60 сұрақ берілді. Бір атап өтерлігі – әр сұрақтың бір немесе екі, тіптен үш жауабы болуы мүмкін. Сондықтан атүсті қарауға болмайды. Әр сұраққа мұқият назар аудару керек. Осы қағидаларды берік ұстанған Шыңғыс өз білімін дәлелдей алды, -дейді жетекшісі әрі химия пәнінің мұғалімі Асылбек Оразбеков.
Шыңғыс – Зияткерлік мектепке қабылданған сәттен бері химияға деген қызығушылығын байқатқан. Осыны байқаған ұстаздар шәкіртке қосымша білім беріп, түрлі дайындық жұмыстарын жүргізіп келеді. Ал пән олимпиадасы шыңын бағындыру осы еңбектің нәтижесі.
Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы
Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі