Home » Мақалалар » Қоғам келбетін сомдайтын жаңа  мектеп

Қоғам келбетін сомдайтын жаңа  мектеп

Жұматаева Еңлік
педагогика ғылымдарының докторы,
профессор, академик

Торайғыров Университеті
Ж. Аймауытов атындағы
этнопедагогика және білімденудің инновациялық
технологиялары ғылыми-практикалық
орталығының директоры

 

Қоғам келбетін сомдайтын жаңа  мектеп Павлодар өңіріндегі оқу қазақ тілінде  жүргізілетін, оқылатын мектептер саны 1960 жылдардан  бастап төменге құлдырау үдерісінде болған. Дегенмен, осындай қиындыққа қарамастан,  аудандардан  малшылардың, механизаторлардың т.б.  балаларын қазақша оқыту мүмкіндігіне  жағдай туғызып, Павлодар обылысының  басшылары  жаңа мектеп салып берген. Бұл мектептің тұңғыш аталымы — №3 мектеп –интернат болған.

Мен Алматыдан жоғары оқу орнын бітіріп, Успен ауданының «Қаратай» орта мектебіне қызметке орналастым. Бірде   1969 жылы  біздерді Павлодар қаласында өтілетін облыстық семинарға шақырды.  Абай атындағы  №10 мектеп  қалалық болғаннан кейін жұмыс №3 мектеп-интернатында  өтті. Міне, осы сапарымда алғашқы директордың  бірі – Сапа Құспановтың  басқару ісімен таныстық.  Сол кездің заманына бұл мектеп өте жақсы сәйкестініне,  ұстаздардың кәсіби шеберліктері, іскерліктері орталықтан келетін  нұсқаулықтар  мен бұйрықтарға үндесетіні байқалды.

Сапа Құспановтың   басқару стилі сол уақыт мүддесіне сай келетініне зер салған басшылар Б. Ахметов атындағы педагогикалық училищеге  ауыстырады.

70 жылдары подъемныймен жолдасымыз екеуімізді Павлодарға шақырып, Облисполком бөлімі   мені Облыстық  оқу бөліміне жұмысқа  алды.  Сол уақыттан бүгінгі күнге дейін  санамнан  бір сәт кетпеген «Білім шаңырағы» талай директорлардың әртарапты басқару стильдеріне куә болдым. Сапа Құспановтан кейін Жұмаш Асылбеков, Шапиғолла Қаратаев және т.б. азамттар мен азаматша директорлар тізбегін айтуға болады. Мектептің түп  тамырын үңгілей беру бір мақаланың  көлемін көтермейді.

Аталған төрт директорларымыз  фәни-жалғаннам бақилыққа озды. Ауыр заманның  жүгін көтеріп, ұлтына барынша парыз-қарыздарын адал атқарған, халқына сүйіспеншілікпен қараған  Әз – Ағаларымызға: «О дүниенің  қайырын берсін!» Артта қалған ұрпақтарына: «Байқуатты, жарқын өмір сүрсін!» -дейміз.

2020 жылы ұзақ жыл аталған мектепті  жаңаша бетбұруға бар жанын салып,  шәкірттеріне сүйіспеншілікпен қарап,  дарабоз жол бастаған – Мақажан  Несіпбайұлы  Жылқыбаев. Аты үлкен әріппен жазылған, мәртебесі  Ы. Алтынсарин армандаған ұстаз-басшы жайлы екі бірдей кітап жарық көрді.

Бірінші, «Гимназияда оқу-тәрбие жұмысын басқару» (Алматы1998 Ы. Алтынсарин атындағы қазақтың білім  академисының  республикалық баспада).

Екінші,  «Мектепті білімдену технологиясымен басқару» Павлодар  «С. Торайғыров атындағы мемлекеттік  университетінің баспасы» 2006 ж.

Посткеңестік дәуір мен Тәуелсіз  Қазақстан кеңістігіндегі  аталып отырған  мектебі білімді ізгілікті тәліммен тұтастырып  игертуге, білім сапасын кәсіп алу бағдарына  бейімдеп өткізу, техникалық құралдарды  тиімді пайдалану және т.б. жұмыс түрлеріне айрықша мән беріп, шәкірттері жоғары біліктілікке  ие болып отырғаны бәрімізге де қуаныш әкелетін. Десек те,  «қысқа жіп күрмеуге келмейтін» деген халқымыздың  дана мәтелі сол замандағы мектептерге соның ішінде, қазақ мектептеріне басшылардың қаражаттары жетпей қалатын.

Осындай қаражат тапшылығынан  мектептің тозығы жетіп, ескіні жамау ұстанымы дәл  2020 жылға дейін  жалғасын тауып, ескімізден арылмай, пұшайман халге түскен директорлардың ісі алға  басуына кедергі келтірді. Бұл аянышты қалыптан 2020 жылдың  Павлодар  облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов,  басқа басшылардан озықтық бастамашыл іскерлігін танытар мәрттік көрсеткені – мектептің жаңа корпусын көрген мені айрықша қуанышқа бөледі.

Бұндай мәрттікті қолдап, оны жүзеге  асыруға ынта-жігерлерін  аямаған,  ірі мен ұсақ шаруаларын бар ыждаһатымен ұйымдастырып, бір кірпішінің қолды  болуына жауапкершілікпен қараған Облыстық  білім беру басшысы  — Дінислам Болатханұлы, Ы. Алтынсарин атындағы  мектеп –интернатының директоры – Шоқан Түймебайұлы Қалдыбаев.

21 ғасырда  ұстаздардың  шәкірттеріне алыс болашақтың  басым бағыттарын меңгерту стратегиясы мен тактикалық  кәсіби-құзыретінің өте жоғары болуы Қазақстан Республикасының Үкіметінде, кейін Еліміздің Парламент палатасында талқыланған «Педагог мәртебесі»  туралы Заңына сәйкес келуіне аталып отырған мектеп базасының іргетасы жаңарған корпусымен қаланып отырғаны дүйім жұртқа Абай тілімен айтсақ, «хауас» сезімін, біздерше, бұл ұғым рахат, қуаныш» сезімін тудырып отыр. Қанша ата-ана мектептің радикалды тұрғыда қайта жаңғыруына «Рахметін» алдымен «Жаратушыға», содан кейін облыс әкіміне Әбілқайыр Сқақовқа, облыстың білім беру төрағасына Дінислам Болатханұлына, Ы. Алтынсарин атындағы  мектеп – интернатының директорына Шоқан Түймебайұлы Қалдыбаевқа  шынайы  ризашылығын айтып жүр.

21 ғасыр  20 ғасырдағы білім беру мәселесінен айбынды ерекшеліктерімен айқындалып келеді.  Оның бір айғағы «Заманауи мектеп» Мега Жобасы   аясында күрделі жөндеу өткізілуге заңдылық құзыретімен  қомақты қаржы бөлінген, міне, осыны облыс әкімі  рационалды жұмсап,  қалалық ата-ана емес, бүкіл аудандағы жас жеткіншектердің  табиғи дарындылығына түрткі жасап,  олардың «ойлау қабілеті өнер» биігіне, біліми-ғылыми түйсіктерінің ұдайы  өрлеу  динамикасында болуына, бәсекеге қабілетті бағдарлануына, оны  өмірге тиімді пайдалана алу шеберліктерінің шыңдалуына «STEM», «IT» «Жаратылыстану» зертханаларының ашылуына, оқушылармен  қашықтықта, тікелей жұмыс жүргізілуде.

STEM – оқытылудың біріктірілген тәсілі, оның шеңберінде академиялық (оқушылардың жас  ерекшелігі  мен  психологиялық қабілеті ескеріліп) ғылыми- тезаурустық технологиялардың  ең ұтымдысы сараланып,  ондағы икем-дағдылар  мен біліктіліктер өмір контексінде зерттелуіне мектеп басшысы мен  педагогикалық ұжым  екпін жасауда. Мектептің негізгі философиясы   әлемдік бәсекеге оқушылардың дарындылығы мен  ойлау өнері төтеп берер тұғырларының орнығуына, экономикалық тығырықтан шығар амалдарды игеруге ықпал жасайтын нық, нұсқалы байланыстарды орнықтыруға қатысты бірталай іс-шаралар өткізуде. Мәселен,  тәжірибе алмасу, озық іс-тәжірибелердегі прагматикалық іскерлікті ширату сияқты сүбелі  үдерістерді аталған іс-шараға сүйене жүргізілуге ынталы болып отыр.

OPEN SPACE  форматында оқушылардың аспан әлемі мен , космоспен ашық алаңда жұмыс атқаруларын ұйымдастырумен түсіндіріледі.  Ашық аспандағы «офистерде»  оқушылардың шаршамай білім игеруі қазіргі уақытта ұтымды пайдалануға, оқушылардың тәні, физиологиялық саулығы, психологиялық жай-күйі жадырап отыруға бағытталған бұл жұмыстың берері мол.

Мектептің интернаттық мәртебесіне қатысты оқушылардың бос уақыттарын тиімді пайдалануға әртарапты интеллектуалды ойындарға арналған бұрыштар, коворкингтер, асхана, жатақхана заман тапсырысына жауап берелік тұрғыда жабдықталған.

Қорыта келгенде, талай ғасырлар бойы армандап келген тәуелсіздігіміз халқымыздың болашағына жас ұрпақты біліммен, ғылыммен бақытты өмір сүруге қолайлы жағдай туғызып, болашағының жарқын, нұрлы болуына мүмкіндіктер жасалғанына қуаныштымыз.

60 жылдық мерейлі тойымыз біздерге, білім алушы жас ұрпақтарымызға салтанатты өмір сүруімізге, қуанышпен, табыстылықпен, ұрпағымыздың бай-қуатты, салауатты болуына нәсіп етсін!

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.