Home » Мақалалар » МЫҢ ТАҒЗЫМ, АЯУЛЫ ҰСТАЗДАРЫМ!

МЫҢ ТАҒЗЫМ, АЯУЛЫ ҰСТАЗДАРЫМ!

Әбдіманап Дана Қанатқызы,
Алматы қаласы

 

 

 

 

 

 

 

МЫҢ ТАҒЗЫМ, АЯУЛЫ ҰСТАЗДАРЫМ!

 Ұстазым менің, ұстазым,
Өзіңмен өткен қыс-жазым.
Қалдырған ізің мәңгілік,
Жадымда тұрар жаңғырып.
Ұстазым менің, ұстазым…

Қандай жүрекжарды өлең десеңізші?.. Айтқан үстіне айта бергің, шырқаған үстіне шырқай бергің келеді. Әсіресе саған бар мейір-шапағатын беріп, жан жылуын сыйлаған, өз шәкірттерінен қадірлі азамат сомдап шығару үшін күні-түні тер төккен абзал жандарға болса тіпті де.

Иә, мен Мұқағали мектебінің 2021 жылғы түлегімін. Негізінде маған Алматыдай киелі шаhардың екі мектебінде білім алу бақыты бұйырған-тын. Оның бірі — бастауыш сыныпта білім алып, балалығымның аяулы мекеніне айналған Мұхтар Әуезов атындағы 128 мектеп болса, келесісі —  жаңа өмірге дайындап, тұлғалық қабілетімді шыңдаған құтты мекен – Мұқағали Мақатаев атындағы 140 гимназия. Екі бірдей алыптың есімін иеленген қос мектепте білім алуыма ұйытқы болған ата-анама әрдайым ризамын.

Қос мектептегі 40 минутта бойыма  40 түрлі қасиет дарытатын қадірлі ұстаздарым-ай! Сіздер үшін жыл сайын түлек түлету үйреншікті жағдай шығар, ал мен сіздерді шынын айтсам, қимаймын, себебі мен үшін әрбіріңіздің орындарыңыз ерекше. Білім атты ғажайып әлемде шәкірт деген кейіпкер атанып, нағыз ұстаздардың ұстаздарынан тәлім алып, енді міне, түлек атанып, киелі ордадан ұшып барамын. Тарыдай болып кіріп, таудай болып шықсам, алдымен, барлық  игі қасиетті қаныма сіңірген сіздердің еңбектеріңіз дер едім. Енді күмбірлеген күміс коңыраудың үнін естімеймін…  Күнде сыныптастарыммен қауышып, мектеп ауласында асыр-салып ойнамаймын… Неге? Өйткені уақыт та, сәт те басқа. Орнымызды жас толқын басады. Мектеп өмірі, балдай тәтті балалығым тәтті елесі боп қала бермек. Алда жаңа өмір тосып тұр. Сөз жоқ, бұл — өмір заңы.

Болашақтағы әрбір жемісті еңбегім, білікті маман атануым — бәрі-бәрі — «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай» тәрбиелеп өсірген ата-анам мен 11 жыл білім нәрімен сусындатқан сіздердің еңбектеріңіз деп есептеймін.

Реті келгенде, 40 қасиетті қаныма сіңірген 40 ұстазыма шәкірт ретінде алғыс айтып, алдағы еңбек жолына сәттілік тілегім келеді. Олар мен үшін бойыма сіңірген қасиеттің символы іспеттес:

  1. Сәния Өскенбайқызы — даналықтың,
  2. Фарида Сәбішқызы — іскерліктің,
  3. Сафура Сәлімбайқызы — адалдықтың,
  4. Ержан Қалиденұлы — әділдіктің,
  5. Дәурен Наурызбайұлы — дарындылықтың,
  6. Бақтияр Үсенұлы — талапшылдықтың,
  7. Нұрғали Асанұлы — көшбасшылықтың,
  8. Талғар Талғатұлы — шеберліктің,
  9. Ләйла Өмірзаққызы — әдеміліктің,
  10. Нұрзат Кәкітайқызы — шыншылдықтың,
  11. Клара Әлібекқызы — шешендіктің,
  12. Анар Шәмиқызы — ізгіліктің,
  13. Гүлжайна Стыбайқызы — шүкірліктің,
  14. Айгүл Кеңесбайқызы — қырағылықтың,
  15. Қорлан Кеңесбайқызы- адамгершіліктің,
  16. Бажи Ақару — білімділіктің,
  17. Құралай Әбдікерімқызы — қанағатшылдықтың,
  18. Сәуле Амангелдіқызы — төзімділіктің,
  19. Жанар Қасиетқызы — еңбекқорлықтың,
  20. Базаргүл Кемелбайқызы — мәдениеттіліктің,
  21. Жазира Ақылбекқызы — тапқырлықтың,
  22. Нұрсұлу Амангелдіқызы -сұлулықтың,
  23. Бақыт Мейірманқызы — тазалықтың,
  24. Камшат Мәлікқызы — жаңашылдықтың,
  25. Бекзат Мұхаммедрайымұлы — жан-жақтылықтың,
  26. Фариза  Серікқызы — мейірімділіктің,
  27. Манарбек Мәмбетұлы- шығармашылықтың,
  28. Бауыржан Қарашыбайұлы — имандылықтың,
  29. Меруерт Дәулетқызы — сыйластықтың,
  30. Көшеген Мақсат — сабырлылықтың,
  31. Ержан Сәрсенқожаұлы — отансүйгіштіктің,
  32. Меруерт Айталықызы — ораторлықтың,
  33. Гүлсім Сейітқализы — сыпайылықтың,
  34. Жанар Ерденқызы — ісмерліктің,
  35. Айша Абдуллақызы — рухани байлықтың,
  36. Ләззат Төлеуқызы —  ізденімпаздықтың,
  37. Бақытжан Әбішұлы — салауаттылықтың,
  38. Гүлбану Берікқызы- инабаттылықтың,
  39. Әйгерім Шыңғысқызы — алғырлықтың,
  40. Айдана Асланбекқызы — кішіпейілдіктің дәнін сеуіп, менің шәкірттік өміріме ұмытылмас сәттер сыйлағандарыңыз үшін бас иіп алғыс айтамын! Бойымдағы барлық ізгілік пен жақсылықтың барлығы — алдымен Алладан, ата-анамнан және өздеріңізден. Болашақта мен бағындырар белес болса, ол — сіздердің төккен тер мен қажырлы еңбектеріңіздің жемісі.

Мың тағзым, аяулы ұстаздарым! Қош бол, алтын ұя — мектебім!

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.