Home » Білім және тұлға » Шеберлігі шыңдалған ұстаз

Шеберлігі шыңдалған ұстаз

Ұстаздық – ұлы қызмет һәм ұлы міндет. «Бір әріп үйреткен ұстазға қырық жыл қызмет ет», — деп түйін түйген дана халқымыз әрқашан мұғалімге төрін ұсынып, ардақ тұтқан. Әр адамның біліммен қаруланып, тұлға ретінде қалыптасып, қоғамда өз орнын табуына ұстаздың тигізер ықпалы зор. Және де бұл – ештеңемен тең келмейтін өлшеусіз құнды еңбек. Осындай ауыр әрі асыл жүкті абыроймен арқалап жүрген қадірлі ұстаздың бірі – Дарынды балаларға арналған С.Сейфуллин атындағы №11 облыстық мамандандырылған мектеп-интернатының педагог-шебер санатындағы тарих пәні мұғалімі Асқар Сатыбайұлы Әлмұқан.

Еліміздің білім кеңістігіндегі дәстүрлі және жаңаша оқыту әдістемесінің ұтымды әрі нәтижелі әдіс-тәсілдерін шебер меңгерген Асқар Сатыбайұлының әр сабағы – оқушы үшін қызықты ақпарат пен тарихи тың дерекке толы. Кез келген сабағында оқушыларға сыни, дәлелдеуді қажет ететін сұрақтарды тиімді қоя отырып, олардың өздігінен ізденуіне, сыни ойлап дағдылануына, ойын еркін әрі нақты фактілермен дәлелдей отыра білдіруіне мүмкіндік жасайды. Мұғалімнің басты ерекшеліктерінің бірі–білім алушылармен тең дәрежеде сөйлесуі, әр баланы лақап атымен атауы. Асқар Сатыбайұлының сабағына қатысқан әрбір әріптесі, ата-ана немесе бақылаушы «мұғалім-оқушы» диалогтік сипатындағы емес, тең дәрежедегі ой бөлісіп жатқан тұлғалардың ашық қарым-қатынасын көреді және сабақтың қызықты өтетіні соншалықты – оқушылардың ешбірі қоңырауға асықпайтынына куә болады. Әр баланың жеке мүддесін сыйлай отырып, пәнге деген қызығушылығын ояту нәтижесінде бүгінде мектебімізде бірнеше жас тарихшылар жетіліп келеді. Ұстаздық шеберлігі шыңдалған Асқар Әлмұқанның шәкірттері облыстық, республикалық білім бәйгелерінде үздік атанып жүр. Мәселен, 8-сынып оқушысы А.Серік «Менің Отаныма – менің бастамам» республикалық шығармашылық жобалар байқауының «Өз жылуыңмен бөліс» номинациясы бойынша III дәрежелі Дипломмен марапатталса, А.Тлесова 5-6 сынып оқушыларына арналған республикалық олимпиадасынан ІІ орын; А.Аманғалиева, А.Талапова, А.Аманкелді, Б.Махсот, М.Орынбасар, Н.Марат сынды шәкірттері 5-10 сынып оқушылары арасында өткен XVI республикалық  «Тарих ата» қашықтық олимпиадасынан I, II, III орын иеленді. Сондай-ақ Асқар Сатыбайұлының жетекшілігімен А.Мурзағали, М.Жасқайрат, Р.Батырғали, А.Тлесова, Э.Бақтыгерей, Б.Махсот, М.Орынбасар секілді оқушыларымыз түрлі облыстық ғылыми жобалардың, интеллектуалды байқаулардың, зерттеу жобалары мен шығармашылық жұмыстарының жүлдегерлері атанып, ұстаз мерейін асыруда.

Асқар Әлмұқан – үнемі кәсіби ізденісте, шығармашылық шыңдалу үстінде жүретін маман. Тарихшының бір ғана оқу жылында жеткен  жетістіктері бұл сөзімізді дәлелдей түседі:

  • Республикалық пәндік олимпиадасында Қазақстан тарихы пәні бойынша жеңімпазы (І дәрежелі Диплом, 2020 жыл);
  • Республикалық пәндік олимпиадасында Дүниежүзі тарихы пәні бойынша жеңімпазы (І дәрежелі Диплом, 2020 жыл);
  • Қазақстан тарихы пәнінен «ПЕДСТАРТ» республикалық қашықтық олимпиадасының жеңімпазы (І дәрежелі Диплом, 2020 жыл).

Жаңалықты жаны сүйетін, ізденімпаз Асқар Сатыбайұлы үнемі республикалық, облыстық іс-тәжірибе алмасу, әдіснамалық семинар-конференциялардан да қалыс қалмайды. Мұғалімнің жылдар бойы жинақтаған педагогтік шеберлігі мен әдістемесі бағдарлама ретінде облыс көлемінде таратылған.

Үздіксіз оқып, кәсіби тұрғыда өз-өзін жетілдіріп жүретін Асқар Әлмұқанның бойынан өз ісіне құлай берілген хас шебердің бейнесін көреміз. Ардақты әріптесімізге алдағы уақытта тынымсыз еңбегіңіздің тек жемісін көріңіз деген тілек айтқымыз келеді.

Магзумова Замзагуль Тулегеновна,
директордың оқу-әдістемелік жұмысы жөніндегі орынбасары

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.