Home » Білім және тұлға » Ел сенімін арқалаған ұстаз

Ел сенімін арқалаған ұстаз

Бүгінгі бәсекелестік заманында барлық мамандыққа қойылатын талап  күрделі. Оған ешкім де таласа алмайды.Оның үстіне талай мәрте оңтайландыру үрдісін басынан өткізген білім саласындағы бәсекелестік ешқашан күн тәртібінен түсіп көрген емес.Өзіміз педагог болғасын, осы саланың ілгері-кейінді жетістіктеріне мейлінше көңіл бөліп, ондағы соны бастамаларға қолдау білдіре жүріп, ой-пікірімізді көпшілікпен бөліскенді құп санаймыз.Біздің педагогикалық ұжым бүгінгі таңда жас өрендерге сапалы білім мен саналы тәрбие беріп, бәсекелестік тұрғыда ауданымыздағы алдыңғы қатардағы мектептер тізімінен көрінуде.Мұның барлығы заман талабына сай жаңаша еңбек етіп жүрген ұлағатты ұстаздардың белсенді іс-әрекеті мен осынау үлкен ұжымның жоғары дәрежедегі ауызбірлігін қамтамасыз етіп отырған білім ордасындағы білікті басшының зор жетістігі.Бұл жерде ынтымағы жарасқан әрптестеріне болашаққа деген жарқын жоспарын айтқызбай дәлелдеп, өзінің артынан алаңсыз ілестіре алған білікті басшының болуы ұжымды өзгелерден бұрын алға жетелеп отыр.

Педагогтің мәртебесін жоғары көтеріп, ұжымның атақ-даңқын шығаратын мектеп директоры.

Білікті басшы — ұжымның шамшырағы. Ол кез-келген мәселелерді дер кезінде шеше білетін, қажет жағдайда барлық жағынан ұжымды  ұйымдастыра алатын білікті басшы болуы шарт. Мәдениеті жоғары, білімі ұшан-теңіз, әріптестерінің іскерлігін айтқызбай танып, дер кезінде көмек қолын созуға ұмтылып, мектеп оқушыларының қабілетін, мінез-құлқын, олардың күнделікті тұрмысын жетік білуге талпына білген директор ғана мектептің бақытын жаға алады.

Білім беру кеңістігінде өз мамандығының хас шебері саналған ұстаздар қатары жеткілікті.Солардың бірі де бірегейі Кенжебек Меңдалиев атындағы орта жалпы білім беретін мектептің директоры, Өтеғұлова Салтанат Кәрімқызы.

Салтанат Кәрімқызы 1971 жылы 8 наурызда Батыс Қазақстан облысы, Фурманов (қазіргі Казталов) ауданы, Қарасу ауылында ұстаздар отбасында дүниеге келген.Кейін ауданымыздың халық ағарту, партия. Кеңес, ауыл шаруашылығын ұйымдастыру қызметтерінде артына өзіндік мол ізін қалдырған асқар тау әкесі Кәрім Өтеғұлов ағамыздың  қызмет бабына байланысты Талдықұдық, Ақпәтер ауылдарындағы орта мектептерден білім нәрімен сусындап, үлкен өмір кеңістігіне қанат қағады. Одан кейін бір кездері (1960 жылдары) ата-анасы білім алған А.С.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының физика-математика факультетіне таңдауы түсіп, күрделі есептермен қиын теңдеулерімен ерекшеленетін ауыр да қызықты мамандықты ойдағыдай меңгеріп, қолына жоғары кәсіби дипломын алады. Алғаш Ақпәтер орта мектебінен ұстаздық жолын бастаған кейіпкеріміз математика пәнінің мұғалімі, кейін мектептің жауапты штабы саналатын оқу ісінің меңгерушісі қызметіне жетекшілік етіп, жанұя жағдайына байланысты (тұрмысқа шығуына орай) Жалпақтал ауылына қызметін ауыстырып, аудандық білім беру бөлімінің жетекші маманы, Ғ.Молдашев атындағы орта жалпы білім беретін мектебінің тәрбие ісі жөніндегі директордың орынбасары болды. Осы жылдар аралығы Салтанат Кәрімқызы үшін қалыптасу, шыңдалу, бейімделу сынды үлкен өмір мектебі болғанын айтып өтуге әбден болады. Алдыңғы жолдарда көрсетілген қызметтерді еш мінсіз атқара білген Салтанат Өтеғұловаға аудан әкімдігі мен аудандық білім беру бөлімі зор сенім артып, 2008 жылы 1 желтоқсанда аудандағы іргелі білім ошақтарының бірі Кенжебек Меңдәлиев атындағы орта жалпы білім беретін мектебінің директоры қызметін сеніп тапсырады.

Сол сәттен бермен қарай да міне, он екі жылдан астам уақыт өткен екен. Уақыттың жүйріктігінде тоқтау жоқ. Мектепті бұрын басқарған азаматтардың еңбектерін бағалай отырып, Салтанат Кәрімқызы жетекшілік еткен уақытта білім ордасының материалдық-техникалық базасын нығайту және білікті кадрлармен қамтамасыз етуде ұшан-теңіз жұмыстар атқарылғанын ел-жұрт жақсы біледі. 2009 жылы мектебіміздің ғимаратына мемлекеттік «Жол картасы» бағдарламасы аясында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 1993 жылдан бермен қарай еш жөндеу көрмеген үш қабатты зәулім ғимаратымыз жаңа заманның талғамына жауап бере алатын қазіргі кейпіне енді. Сол жолы ұстаздар мен оқушылар қауымы үшін жаңа «Уаз» автокөлігі берілді.

Қазіргі заманғы білім сапасын көтеру талабына сай, жас ұрпақтың санасына тәрбие мен білім беру бағытында тынымсыз еңбек етіп, көшбасшылық қабілеттілігімен даралана білген ұжым жетекшісінің марапаттаулары жетерлік. Облыс әкімінің алғыс хатымен (2008 ж), ҚР Білім және ғылым министрлігі Балалар құқықтарын қорғау Комитетінің БҚО құқықтарын қорғау департаментінің алғыс хатымен (2011ж), «Білім беруді дамытудағы қосқан елеулі үлесі үшін» медалімен (2012 ж), Жәңгірхан атындағы БҚАТУ-нің алғыс хатымен (2012 ж), «45 minut.кz» Республикалық басылымының «Алғыс хатымен» (2013ж),  «Лето в Обзоре» халықаралық балалар шығармашылығы фестивалінің ұйымдастыру комитетінің Алғыс хатымен (Болгария елі, 2013ж), Облыстық Білім басқармасының «Ең үздік мектеп директоры» номинациясымен (2014 ж), «Білім беруді дамытудағы қосқан елеулі үлесі үшін» медалімен (2014ж), ҚР жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқарудың дамуы мен қалыптасуына қосқан елеулі үлесі үшін «Қазақстан мәслихаттарына 20 жыл» медалімен (2014ж), «Білім беруді дамытудағы қосқан елеулі үлесі үшін» медалімен (2015ж), «Білім мен ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» белгісімен (2018ж), аудандық білім беру бөлімінің «Үздік көшбасшы» (2020) номинациясымен, Білім және ғылым министрінің «Алғыс хатымен», бірнеше мәрте облыстық, аудандық білім беру бөлімінің «Құрмет» грамоталарымен марапатталды.

Қазіргі дамыған дәуірде, жан-жақты білімді, ізденімпаз, шығармашыл, бір сөзбен айтқанда, жаңашыл мұғалім кез келген мектепке ауадай қажет. Себебі, жаңашыл ұстаз – заман талабы. Осы қағиданы ұстанатын Салтанат Кәрімқызы мектеп ұстаздарының біліктілігін арттыруды, олардың арнайы курстардан уақытында өтіп тұруын, нағыз ұстаз болып қалыптасуын үнемі назарда ұстайды. Нағыз ұстаз болу – бақыт әрі абырой. Шындығында, мұғалім болу оңай болып көрінгенімен, ал нағыз ұстаз болу екінің бірінің қолынан келе бермейтіні анық. Бұл арада «Ұстаздың жолы қиын бұралаң, істей алмас бұл жұмысты құр адам» деген сөзді естен шығармаған жөн. Мектебіміз жаңа ғасыр талаптарына жауап бере алатын білім орталығы болуымен қатар оқу процесімен әрдайым егіз жүретін тәрбие жұмысының да үлкен күре тамыры. Мектеп оқушыларымен мұғалімдер қауымы қосымша білім беру ұйымдары арқылы біраз межелі белестерді бағындыруларымен бір мезетте  мектебіміздің атын иеленген үлкен әріпті тұлға есімі ел жадында алтын әріптермен сақталған мемлекет және партия қайраткері Социалистік Еңбек Ері Кенжебек Меңдәлиевті ұлықтауда аудан, ауыл жұртшылығымен бірге мектеп ұжымының да тигізіп келе жатқан өзіндік үлестері ұшан-теңіз. Сөзімізге 2014 жылғы 18 қаңтар күні мектебіміздің кіре беріс ауласынан қайраткердің 100 жылдық мерей тойына орай ашылған ескерткіш бюсті, мектебіміздегі  тарихи-өлкетану музейінің төріндегі К.Меңдәлиев бұрышы, өтіп жатқан тәрбие сағаттарымен ер ағаның ұрпақтарымен байланыс жұмыстары  нақты дәлел бола алады.

Салтанат Кәрімқызы өз кәсібінің майталманы, осы мақсатқа рухани күш жігерін, парасат қуатын салып жүрген еңбекқор жан. Оның қайсар мінезі, қазақи ақжарқындығы мен ұстаздық қызметіне деген адалдығы жас мамандар үшін үлгі-өнеге.   Ол ұжымда үлгілі ұстаз, білікті басшы болуымен қатар, өз отбасының мәуелі бәйтерегі. Жан-жолдасы Ержан да педагог. Еліміздің намысын халықаралық дәрежеде қорғап жүрген айтулы спортшы. Жалпақ тілмен айтқанда екеуі де елге сыйлы, адал жүректі, мейірімді жандар. Салтанат Кәрімқызын біздер әркез ел арасындағы қайнаған қоғамдық жұмыстардың да бел ортасынан көреміз. Оған жерлестері үлкен сенім артып екі рет №7 Ақпәтер сайлау округінен Казталов аудандық мәслихатының депутаты (2012-2021 жылдар)  етіп сайлады. Ол халық қалаулысы бола жүріп ауданның әлеуметтік – экономикалық дамуына өзінің қомақты үлесін қосты. Елге деген қалтқысыз еңбегімен жерлестерінің осындай құрметіне бөленіп жүрген және білім ордасына рухани демеу беріп, бағыт сілтеп, өз ғұмырын бала тәрбиесіне арнап келе жатырған Салтанат Утегулова ұжым арасында қашанда өзінің елгезек, ақкөңіл, ашық-жарқын мінезімен, адами бомысымен, өзін де, өзгені де сыйлата білетін қарапайым қалпымен көпке үлгі болуда. Қандай да болмасын ой-толғаныс, болашаққа мақсат қойып ұмтылу ұшқан ұядан, яғни өскен ұяңнан бастау алады. Өйткені, бұл өмір заңы, тіршілік талабы. Мұғалімнің алдында елдің болашағы отыр. Ата-ана, жалпы қоғам осылай түсінуі керек. Мұғалімге құрметпен қарау деген осыдан шығады. Осы қағиданы мықтап ұстанған ол педагогикалық ұжымды үнемі жаңашылдықпен жұмыс істеуге шақырады. Шәкірттердің білімге деген ынтасын арттыру мақсатында биік талап деңгейінен көрінуде талай игі істердің ұйтқысы болуда. Білікті басшы, ұлағатты ұстаз ел болашағын тәрбиелеуде тынымсыз енбек етіп жүрген Салтанат Кәрімқызы қазіргі сәтте  абырой биігінде келеді. Оның жеткен жетістігі, шыққан асуынан гөрі әлі қоғамға берері мол екеніне сеніміміз мол.

Абылай МОЛДАШЕВ,
К.Меңдәлиев атындағы ОЖББ мектебінің
тарих пәнінің мұғалімі, педагог-зерттеуші.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.