Егеменді еліміздің жас ұрпағын ойлы да іскер, өзіне-өзі сенімді, интеллектуалдық деңгейі биік, дүниетанымы дұрыс қалыптасқан азамат етіп тәрбиелеуде мектептің алатын орны айрықша. Мектеп қазіргі қоғамның дамуымен, әлеуметтік практикамен тығыз байланысты. Мектеп өмірі балаға жаңа әлемнің есігін ашып беріп, рухани дүниесінің қалыптасуына негіз салады.
Ұстаз — ел ертеңі болып табылатын ұландардың бойына білім мен өнерді, адамгершілік пен адалдықты, туралық пен шыншылдықты, рухани байлық пен ұлттық қасиеттерді сіңіріп оларды тұлғалы азамат етіп қалыптастыруда еңбек етіп қоғам жүгін бөлісіп жүрген ұлағатты жан.
Ұстаз… Күн сайын жүздеген шәкірттердің жүрегіне жол тауып, ізгілік нұрын себуге ұмтылатын осы бір жылы жүзді, жайдары жанға әр шәкірттің алғысы шексіз екені рас.
Осындай шексіз алғысқа ие болып жүрген Мәжит Жүнісов атындағы негізгі орта мектебінің алдыңғы қатарлы отыз жылдан астам уақыт жас ұрпаққа білім беріп, тәрбиелеп келе жатқан ұлағатты ұстаз, математика пәнінің мұғалімі, директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Сеиткалиева Дина Зинатуллақызы. Салмақты да сабырлы мінезді, білімділігі мен байыптылығы, ұйымдастыра білу қабілеті мен мәселе қоюдағы талапшылдық қасиеттері көптеген ұстаздарға үлгі. Ол-жаңалыққа құмар, көп ізденетін, бойындағы осы қасиеттерді шәкірт жүрегіне әрқашан жеткізуге асығатын ұстаз.
Дина Зинатуллақызы 1967 жылы Орал облысы, Фурманов ауданының Әбіш ауылында дүниеге келген. 1984-1989 жылдары «Құрмет белгісі» орденді А.С Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының физика-математика факультетін бітірген. Еңбек жолын 1989 жылы бұрынғы Саралжын қазіргі М.Жүнісов атындағы негізгі орта мектебінен бастады. Аталған мектепте ұстаздық ете жүріп сынып жетекшісі, әдістеме бірлестігінің жетекшісі қызметтерінде абыроймен атқарып келді. Ол өз пәнін жетік меңгерген, сарапшы, білікті маман.
Ұстаз шәкірттерінің математика пәніне деген қызығушылығын арттыру мақсатында сабақтың әртүрлі жаңа әдіс тәсілдерін, түрлі ойын элементтерін инновациялық технологияларды пайдалана отырып жұмыстанады.
Оқушылардың шығармашылық қабілетін дамытып, пәнге деген қызығушылығын арттыру үшін математика пәнінен факультатив сабақтарын жүргізеді. Нәтижесінде оқушылары өз білім деңгейлерін әр жылдары пәндік олимпиадалар мен марафондарда көрсетіп жүр. Атап айтсақ: «Кенгуру-2019» халықаралық математикалық байқауда 8 сынып оқушылары Бердешов Нұрдаулет (3 орын), Иманов Дарын (3 орын) Ахонов Әлішер (3 орын).
2020-2021 оқу жылында Республикалық Ақбота-2020 интеллектуалдық марафонында Иманова Дана 6 сынып (2 орын) Самат Нұрлыгүл 6 сынып (2 орын) Ахон Әлихан (2 орын), Табылдиева Ақниет 8 сынып (1 орын), Ахонова Назира 8 сынып (1орын), Жасенов Ұлан 9 сынып (3 орын) алды.
Аудандық пәндік кіші олимпиадасында математика пәнінен Нәбиқұл Армат 5 сынып 1 орын алып, грамотамен марапатталды.
Ұстаз өзінің жұмысын «Оқытудың жаңа әдіс-тәсілдерін пайдалану арқылы оқушылардың өздігінен жұмыс істеуін арттыру » атты әдістемелік тақырыпқа сүйеніп жүргізеді. Дина Зинатуллақызы өткізілетін әр сабағына үлкен ізденіспен тыңғылықты дайындалатын, еңбексүйгіштігімен танымал мұғалім. Ол өз жұмысында соңғы инновациялық жетістіктерді, озық педагогикалық тәжірибелерді техникалық оқу құралдары мен көрнекіліктерді сабақ тақырыбымен шебер ұштастыра біледі.
Сабақ беретін 6-9 сыныптарда үлгірім сапасы-100%, білім сапасы-70% -ды көрсетіп отыр. Дина Зинатуллақызы үнемі өз білімін жетілдіріп, аудандық тамыз мәслихатының секция жұмыстарына, семинарға қатынасып, тәжірибе алмасып отырады.
Ұстаздың мақалалары баспасөз беттерінде жарық көрді. «Теңдеу. Теңдеудің түбірі.Теңдеудің шешімі»тақырыбында өтілген ашық сабағы республикалық ғылыми-әдістемелік «Математика және Физика» журналында(№3 2018 ж) Жайық ұстазы облыстық газетте (№19 2018 ж), 2017 жылы «Сабақтың үздік контенті» облыстық байқауына қатынасып, қатысушы куәлігін алды. 2020 жылы КИО Республикалық қашықтық интернет олимпиадасына әріптестері және шәкірттерімен қатысып, үздік көрсеткішке ие болды.
«Шәкіртсіз ұстаз-тұл» демекші, білім берген шәкірттері арнаулы, жоғарғы оқу орындарын бітіріп, ұстаз атануда. А. Өлмесекова (Сатыбалды ОЖББМ) физика пәні мұғалімі, Г.Салыхова (Бөкей Орда ауданы Ш.Жексенбаев атындағы ОЖББМ), А.Еслямова (Шыңғырлау ауданы Полтава НЖББМ), Есетова. А (Шаған орта жалпы білім беретін мектебі)математика пәні мұғалімдері.
Дина Зинатуллақызы жүктелген қоғамдық тапсырмаларды үлкен жауапкершілікпен тиянақты орындайды. Мектептің білім сапасын көтеру мақсатында ұжым мұғалімдерін жұмылдыра отырып өткізген семинарлары, әдістемелік күндері өзекті мәселелерді қозғап оң шешімін тауып отырады. Атап айтсақ: «Қазіргі заманғы білім берген теория-практикалық семинар», «Әр пән ұғыну, үйрету, ұлағат әр сабақ қиын да, қызықты саяхат» атты тақырыптағы әдістемелік күн ортақ пікір алмасу, өл білгенін әріптестерімен бөлісіп отырады.
Ізденіс пен шығармашылыққа негізделген еңбегі жеміссіз болған жоқ.2012 жылы Облыстық білім басқармасының «Құрмет грамотасы», 2017 жылы Республикалық «Үздік педагог» байқауының аудандық кезеңіне қатынасып « Ізденімпаз педагог» аталымына ие болды.
Білікті ұстаз ата-анамен жиі байланыста болып, бала мінезіндегі олқылықты бірсесе отырып жоюға әрекет жасайды.Дина Зинатуллақызы шәкірттерге жылы ықыласымен, педагогикалық әдебімен, мәдениеттілігімен өз әріптестері мен ата-аналар арасында құрметке ие, ұлағатты ұстаз.
Батыс Қазақстан облысы,
Казталов ауданы
М.Жүнісов атындағы негізгі орта мектебінің
қазақ тілі, әдебиеті пәнінің мұғалімі
Тулегенова Алия Мақсотқызы