Әрбір шәкірттің өзі сүйген, жылдар бойы тәлім алған ұстазының аяулы бейнесі көкірек көрігінде, жүрек түбінде сақталуы заңдылық. Ұстаз – сенің жүрегіңе болашаққа мақсат қоя білуге сенім ұялатқан зор тұлға.
Менің де балалық бақытты шағымның, мектептегі алаңсыз күндерімнің, болашақ мамандық таңдауымның, еңбек жолында жетістіктерге жетуімнің себепкері болған ең жанашыр, аяулы ұстаздарым бар.
Өзеннің иірімдері сияқты оратылып, бұратылып ағатын өмірдің қызық кезеңдері өзіммен арманы бір, ағысы ұқсас ғажап жандармен таныстырды, табыстырды. Жастықтың албырт кезінде арман қуып келген БҚО, Бөрлі ауданы, Ақсай қаласының №4 жалпы орта білім беретін мектебінде ізгілік дәнін ұрпағына сеуіп жүрген майталман маман – бастауыш сынып мұғалімі Қарағойшиева Сапия Нұрғалиқызымен жұмыстас болуым кездейсоқтық дей алмаймын. Жас мамандарға, әріптестеріне үлгі, замандастарына сырлас, ата-аналарға сыйлас, оқушыларына қамқор да сүйікті ұстаз бола білген, қазірде зейнеткерлік құрметті демалыстағы Сапия Нұрғалиқызының еңбек жолы көпке үлгі.
Қарағойшиева Сапия Нұрғалиқызы 1960 жылдың 2 қаңтарында Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданы Сулыкөл жерінде дүниеге келген. Орта мектепті 1977 жылы бітіріп, сол ауданның Аққозы совхозының Бесоба бөлімшесінде бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек жолын бастады. Өзіне де, өзгеге де талап қоя білетін жалынды жас еңбегі бағаланып, совхозға комсомол секретары болып тағайындалады. «Жас қыран» шопандар және «Тракторист қыздар» комсомол бригадаларымен етене жұмыстанып, совхоз экономикасын көтеруге ат салысады. Еңбегі еленіп, селолық округта депутат болып сайланады.
1980-1983 жылдары Орал педагогикалық училищесінде оқып, бастауыш сынып мұғалімі мамандығын алып, жұмысын Аққозы орта мектебінде бүлдіршіндерге білім беруден бастайды. Осы кездің өзінде-ақ жас маман респуликалық семинарға қатысып, білімділігімен, шығармашылығымен көзге түседі. 1994 жылы Бөрлі ауданы Ақсай қаласына қоныс аударып, №4 мектебіне бастауыш сынып мұғалімі болып орналасады. 2002 жылы ауданда ең алғашқы гимназия сыныбын ашып, оқушыларға сапалы білім берумен қатар, оқушылардың бойындағы талантарын шыңдап, шығармашылыққа дабаулып отырды.“Менің алғашқы шығармашылығым” айдарымен оқушылардың жұмыстары 2003 жылы “Жыл он екі ай” журналына басылды.Кенжеғалиев Азамат, Қарабаев Ғалым, Хатина Айгерімнің 2- сыныпта жазған әңгіме, өлеңдері республикалық «Айгөлек» журналында жарық көріп, «Айгөлектің достары» фестиваліне шақырту алып, Кенжеғалиев Азамат (1999 ж.) Хатина Айгерім (2003ж.) барып, Хатина Айгерім «Жас тілші» куәлігін алып келді.
Жұмыс істей жүріп жоғарғы оқу орнын қазақ тілі мен әдебиет пәні бойынша бітіріп, осы оқушыларына 9- сыныпқа дейін қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берді. Шәкірттері Дарисова Данагүл, Хатина Айгерім, Аманғосова Айгерім, Қарабаев Ғалым аудандық, облыстық олимпиадаларда және «Абай оқулары», «Мұқағали оқулары», «Жұбан оқуларынан» жүлделі орындармен оралып, ауданның, мектептің абыройын көтерді.
Сапия Нұрғалиқызының өзі де педагогтардың кәсіби байқауларына қатысып (Аудандық «Жыл мұғалімі» І орын, 1995ж, облыстық «Панорамалық сабақ» І орын, 2002ж.) жүлделі орындарға қол жеткізді. Білім Министрі Ш.Беркімбаева мен белгілі ғалым, математика оқулығының авторлары Т.К.Оспановпен кездескен кезде бала тәрбиесі және оқулықтар жөнінде ой – пікірімен бөлісті. Өзінің сезімін:
Министрдің қолынан сыйлық алдым,
Ұмтылмастай осы сәт есте қалды.
Жүректен Министрге өлең арнап,
Шабытпен шарықтата әнге салдым,- деп білдіреді.
2005- 2016 жылдар аралығында аудандық әдістеме бөлімінде бастауыш сынып әдіскері болып қызмет атқарды. Сапия Нұрғалиқызының қағидасы: «Бәрін де сүйіспеншілікпен істе, сонда жеңіс сенікі болады». Бастауыш сынып оқушыларының және оларға сабақ беретін мұғалімдердің білімдері мен шығармашылық қабілеттерін көрсету және арттыру мақсатында ол сол жылдар аралығында бастауыш сынып оқушыларымен танымдық, интеллектуалдық конкурстар «Сөзмерген», «Қазақшаңыз қалай?»,«Жас математик»,«Пәндік интеллектуалдық олимпиада», «Абай оқуы», «Жас дарын» ғылыми жобасын және ақындық, жазушылық қабілеттерін шыңдау барысында «Қауырсын қалам» сайыстарын өткізіп білімдерін шыңдап отырса, үлгерімі төмен оқушыларды да көзден таса қылмай «Менің суретім сөйлейді»,«Ойнайық та ойлайық»танымдық ойындарын өткізіп бәсекелестікті түсіндіріп, оқуға деген құштарлықтарын арттыру барысында жұмыстанып отырды.
Осындай жұмыстардың нәтижесінде «Дарын» орталығында өтетін облыстық «InteI- junjor» интеллектуалдық олимпиадасында бастауыш сынып оқушылары үнемі бірінші, екінші орындарды иеленді. Сонымен қатар ұстаздармен де семинар, конкурс, диспуттар жиі өткізіліп, облыстық семинар, конференцияларда өз іс- тәжірибесімен бөлісіп, үйретіп келді.
Бастауыш сынып мұғалімдері де облыстық олимпиаларда (М.С. Вовк ІІ орын,2009ж. И.А.Карагодина І орын,2010ж. Г.Ж. Тналиева І орын, 2011ж. Г.С. Есмагулова І орын, 2014ж. О.А. Борисова ІІ орын, 2014ж. Т.В. Коба ІІ орын,2014ж. В.М.Кукенова «Жас маман» І орын , 2015ж. В.П. Омельяшко Бас жүлде, 2015ж.) бас жүлде, бірінші, екінші орындармен оралып, аудан абыройын арттыруға үлестерін қосты.
«Өзің білгеніңді өзгеге үйрет» деген қағиданы ұстанған әдіскер Сапия Нұрғалиқызы республикалық, облыстық басылымдарда және республикалық облыстық курстар мен семинарларда өз тәжірибесімен үнемі бөлісіп, әдіскер әріптестері арасында зор беделге ие болды.
Қарағойшиева Сапия Нұрғалиқызының іс – тәжірибелері республика, облыс көлемінде таратылды. «Қазақстан Республикасы 12 жылдық білім беру жағдайында педагогикалық кадрлардың біліктілігін арттыру бағытындағы қадамдар» («12 жылдық білім беруге көшуге дайындық жағдайындағы менеджмент» Аймақтық ғылыми-тәжірибелік конференцияның материалдары Жинақ, 11-12 қараша 2010), «Құзыреттілікке бағытталған білім берудің теориясы, технологиясы мен әдістемесі» тақырыбында шеберлік класс («12 жылдық білім беру жағдайында бастауыш сынып мұғалімдерінің функционалдық сауаттылықтарын қалыптастыру» атты облыстық ғылыми –тәжірибелік семинар. Жинақ, 18 мамыр 2012), «Керемет баға» (Әдебиеттік оқу, 2-сынып) сабақ жоспары («Бастауыш сынып» республикалық ғылыми – әдістемелік және педагогикалық журнал. 2012 №7-8), «Бастауыш сынып мұғалімдерінің кәсіби құзыреттілігін арттыру барысында шығармашылық қабілетін шыңдау» (шығармашылық есебі БҚПКБА және ҚДИ. мамыр,2012жыл), «Құзыреттілікке бағытталған білім беру мазмұны» («Білім беру жүйесін жаңғырту –адами капиталдың сапалы өсуінің басты бағыты» тақырыбында облыстық білім қызметкерлерінің 2012 жылғы тамыз педагогикалық кеңесі), «Бастауыш мектептерге тьютерлік модель бойынша әдістемелік қызмет ұйымдастыру жолдары» («Педагогтардың біліктілік құзыреттілігінің кепілі- әдістемелік жұмыс» тақырыбындағы облыстық семинар), авторлық бағдарлама «Тіл дамыту» сыныптан тыс оқу сабағының бағдарламасы» (1-4 сынып), «5-6-сыныптарға арналған тест жинағы» «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамның филиалы «Батыс Қазақстан бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты» Орал, 2013), «Жүйелі жұмыс – оқушылардың оқу – танымдық қабілетін арттыру негізі» («Жайық әдіскері» журналы (№ 2. 2014),«Шағын жинақталған бастауыш мектепте құзыреттілікке бағытталған білім берудің маңызы» (Облыстық семинар), авторлық бағдарламалары «Бастауыш сынып оқушыларына арналған олимпиада тапсырмалары» (2015) және «Үлгерімі төмен оқушылармен жүргізілетін жұмыстардың жоспары» (2016) Батыс Қазақстан облысы білім басқармасының мектепке дейінгі, жалпы орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының облыстық оқу- әдістемелік кабинетінен таратылды.
Әдіскер ұстаздың еңбегі әр жылдарда елеусіз қалмады. Тынымсыз еңбек, жүйелі жұмыстарының нәтижесінде Ы. Алтынсарин атындағы төсбелгі (2011), “Бөрлі ауданына 75 жыл” медалі (2010), “Бөрлі ауданына 85 жыл” медалі (2020), ҚР білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасы(2000, 2002),Облыстық білім беру департаментінің Құрмет грамотасы (2008), Облыстық оқу – әдістемелік кабинеттің Алғыс хатымен (2014 ж.) марапатталды.
Әдіскер ұстаздың еңбегіне риза болған ата-ана, ұстаздар, басылым беттеріне ол туралы «Нам есть чем гордиттся» («Бөрлі жаршысы»газеті (2002ж), («…Арқалы ұстаз» (Жайық ұстазы» газеті,2003ж.) «Ұстаз мерейі» («Бөрлі жаршысы»газеті (2003ж), «Ұлағатты ұстаз» (Жайық ұстазы» газеті,2003ж.), «Учительница первая моя…» («Бөрлі жаршысы»газеті (2006ж), «Профессионал» (Жайық ұстазы» газеті,2007ж.) т.б.жарыса жазды.
Сапия Нұрғалиқызы бастауыш сынып мұғалімдерінің оқушыларға білім мен тәрбие беру жолындағы жұмыстарына қатаң талап қоя отырып, білім беру ісін жоғары деңгейде ұйымдастыра білетін іскер әдіскер болды.
Қазіргі таңда басқа мамандықты айтпай, тек ұстаздық жолды таңдаған оқушыларын айтар болсақ, Жанар Максимқызы осы Ақсай қаласындағы № 8 ЖОББМ директоры, Дарисова Данагүл, Аманғосова Айгерім Ақтөбе каласында және Хатина Айгерім мен Хамитова Айгерім Нұр-Сұлтан қаласында Назарбаев Зияткерлік мектебінде жұмыс жасайды. «Төртеуінің жоғары деңгейдегі мектепте жұмыс жасауы –ғанибет емес пе?» деп мақтанышпен айтады Сапия Нұрғалиқызы.
Денсаулығына байланысты жұмысын ауыстырып, 2017-2019 жылдарда Ақсай қаласының №3 мектебінде «Қауырсын қалам» үйірмесін жүргізіп, бастауыш сынып оқушыларын өлең шығаруға баулыса, «Тоқыма» үйірмесінде қызбалаларды сыммен, қармақпен тоқуға үйретіп, «27жіп» акциясы бойынша уақытынан бұрын дүниеге келген балаларға ұйық, қолғап, кеудеше, жамылғы тоқып тапсырды.
Мектепте «Асыл әжелер» тобын құрып, оқушылармен әр түрлі тақырыпта диспут, әңгіме өткізіп, мерекелік концерттерге қатысып отырды.
2020 жылы облыстық Назарбаев Зияткерлік мектебінің 8, 10, 11- сынып оқушылары келіп Сапия Нұрғалиқызымен сұхбаттасып, іс –тәжірибесімен танысты. Олардың «Сіздің ойыңызша мұғалім мамандығында ең маңыздысы не?» деген сұрақтарына «Ең бастысы баланы жақсы көру және сабағыңа тыңғылықты әзірленіп, оқушыларға соны жеткізе білу, оқушы алған білімін ұмытпай, үйде еске түсіре алатын болса, сол- маңызды.Мұғалім үшін ең үлкен жетістік – оқушыларының алға қойған мақсаттарына жетіп, өмірден өз орындарын адаспай табулары» деп жауап берсе, «Мектеп бітіргелі отырған оқушыларға қандай оқу орнына баруға кеңес бересіз? деген сұрақтарына «Грант көп бөлінген оқу орындарына емес, болашақта шын ықыласпен сүйіп жасайтын жұмыстың маманы болатын оқу орнына бару керек» деп кеңес берді.«Қиындықтарға қалай мойымадыңыз, белгілі бір ұстанымыңыз бар ма?» деген сұраққа :«Мен жеңемін, мақсатыма жетемін!» деген ұстанымым болды, сосын күнделікті әр сағатым жоспарлаулы, кеште келгенде «мынаны істедім, мынаған үлгермедім, ертең қалай да істеуім керек» деп өзімді — өзім тексеріп, есеп беріп отырамын. «Әр сағатың жоспарлаулы болса, бәріне үлгересің. Адам ештеңеден қорықпай алға ұмтылуы керек, сонда мақсатыңа қол жеткізесің» деп түйіндейді ұстаз.
Облыстық НазарбаевЗияткерлік мектебінен келген оқушылар Нұрғалиқызының іс – тәжірибесінің өзіндік ерекшелігіне тәнті болып, ұстазға деген үлкен құрметпен, алға өрлеуге деген шабытпен кетті.
Сапия Нұрғалиқызы жолдасы екеуі екі ұл тәрбиелеп, үш немере сүйіп отырған отбасы. Бос уақытында шығарған өлеңдерімерзімді басылымдарда жарияланып тұрады, тоқыма тоқып, домбырамен ән салып, билегенді ұнатады.
Осындай жүрегі кең, жүзі жарқын зейнеткер ұстазды әріптестері әрқашан іздеп тұрады. Мамандық таңдауда қателеспеу – әр адамның мақсаты десек, мен мамандығына шынайы берілген, ұлты мен ұрпағы тәрбиесін бәрінен жоғары қоятын ұстаздың үлгісін Сапия Нұрғалиқызынан көрдім. Нағыз ұстаз беделі мен бейнесі дәл осылай болса керек. Біз ұстаз әріптестерімізді, мектебімізді мақтан тұтамыз.
Әдіскерлер жыры
Сөзін жазған — С. Қарағойшиева
Еңбек жолын ұстаздықтан бастаған,
Әдіскерлер жаны таза асқақ жан.
Ұстаздарға бағыт шамын жаққан соң,
Жарқын іспен жатыр мақсат жалғасқан.
Әдіскерлер бар білімін арнаған,
Қиналса да ізденуден талмаған.
Ынтымаққа жұмылдырып ұстазды,
«Тьюторлық» деп бір шатырға жинаған.
Өмір – өзен, толқыны асау бұлқынған,
Кеме – әдіскер, ұстаз – желкен зулаған.
Қарсы жүзіп арпалысқан толқынға,
Тұңғиықтан тұнық білім жинаған.
Әдіскерлер бойы тұнған өнеге,
Ән де шырқап, күй де төгер көңілге.
Арман, сезім, қиялдарын сыйғызар,
Сөз маржаны жинақталған өлеңге.
Ұстаздардан сүйкімді нұр тараған,
Ойы ұшқыр алыстарға қараған.
Мәңгі елдің ұрпақтарын ұшырып,
Болашақты аманат қып тапсырған.
Жығылмасын Мәңгі елдің көк туы,
Қалықтасын Тәуелсіз ел қыраны.
Шырқап салған Әнұраным шалықтап,
Таусылмасын халқымыздың шаттығы.
Габдуллина Галия Гимеденовна
БҚО,Бөрлі ауданы, Ақсай қаласының №4 ЖОББМ-і директорының
әдістемелік жұмыстар жөніндегі орынбасары