Home » Білім және тұлға » БІЗДІҢ ТҰЛҒА

БІЗДІҢ ТҰЛҒА

Батыс Қазақстан облысы, Бөрлі ауданы, Успен мектебіне еңбегі сіңген тұлға, осы мектепке біренше жыл белді қызмет атқарған ақын-ұстаз — Дәулетқалиев Мәулет Дәулетқалиұлы 1928 жылы бұрынғы Жымпиты, қазіргі Сырым ауданының Бұлдырты ауылында дүниеге келген. 1935 жылы Бұлдырты орта мектебіне оқуға келіп, оны 1945 жылы бітіреді.
Жастайынан оқуға деген ынталы, зерек жас 1946 жылы Орал педагогикалық институтының екі жылдық қазақ тілі мен әдебиеті факультетіне оқуға түсіп, 1948 жылы тәмамдайды. Алғашқыда Даниялкөл бастауыш мектебінде ұстаздық жолын бастайды. Одан кейін Аралтал, Қарашығанақ мектептерінде дәріс береді. Өз ісіне аса жауапкершілікпен қарайтын талантты жасты аудан басшылары жоғарылатып, аудандық комсомол комитетінің екінші хатшылығына ұсынылады. Бұдан кейін сүйікті кәсібіне қайта оралып, Успен орта мектебінде 22 жыл директор болып, жемісті еңбек етті. Оның өнегелі ісінен тәрбие алған шәкірттерінің алды бүгінде зейнет демалысында болса, ауданның әр түрлі саласында жұмыс жасап жүргендері қаншама?
Осы жерде Мәулет Дәулетқалиұлының 7 жыл Успен селолық кеңесінде төраға болып жасағанын да айта кеткен жөн. Ол қазақ тіліне, қазақтың салт-дәстүрінің сақталуына өз үлесін қосты. Ауданда барлық қазақ мектептері жабылып қалғанда Успен, Қаракемер қазақ мектептерінің жабылмай жұмыс жасауына ықпал етті. Ұлттық жанашырлық беделін сарп етті. Бұл да үлкен жүректіліктің белгісі.
Мәулет Дәулетқалиұлының еңбегі, адамгершілік асыл қасиеті қалай мақтауға, мақтануға да тұрарлық. Ол халық ағарту ісінің озық қызметкері, облыстық, аудандық Құрмет Грамоталары, «В.И.Лениннің туғанына 100 жыл толуы құрметіне» және еңбек ардагері медальдарының иегері. Облыстық айтыс, жыршылар сайыстарының жүлдегері.

Бір кезде Мәулет Дәулетқалиұлынан білім алған шәкірті, ізбасары, зейнеткер Ағажан Меңдіханов ұстазына:
Кеудең ашық, көңілің жайма еді,
Қазағымның сар даласы сыйғандай.
Санаң ояу, жан- сезімің мейірімді еді,
Айналаңа шуақ шашып тұрғандай.
Күн суытып, тоңдырса,
Айдын су да қатады,

Ортамызда жоқтығың,
Жанға әлі батады.
Өзің көрген   ел-жұртың,
Рухыңа бас иіп,
Жақсы ісіңді істеген
Жыр етіп әлі айтады….- деп кезінде жақсы көрген, құрметтеген ағасына өлең жолдарын арнады.

БҚО,Бөрлі ауданы,
Успен мектеп-бөбекжай-балабақша
кешенінің кітапханашысы

Умбетова Фарида Гайшуковна

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.