Батыс өлкесі, Бөрлі өңірі топырағы — қашан да жақсылар мен жайсаңдардың, ғалымдар мен ақын –жазушылардың кіндік кескен мекені. Осы өлкеден шыққан адамдар — бүгінде елінің елеулісі, халқының қалаулысы. Сондай еңбегі елеулі тұлғалардың бірі – БҚО,Бөрлі өңіріне танымал ұстаз Марат Рамазанұлы Джумагулов. Бойындағы қажыр-қайратын , жастық жалынын, бүкіл саналы ғұмырын ұстаздық жолға арнаған абзал азаматтың елге сіңірген ерен еңбегін жас ұрпақтың санасына сіңіріп, жадына тоқу – біздің басты парызымыз
Марат Рамазанович 1949 жылы 14 шілде айында Бөрлі ауданы, Приурал ауылында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген.
1966 жылы Приурал орта мектебін бітіріп, 1969 жылға дейін сол колхозда жүргізуші болып жұмыс істеген.
1969 жылы Орал қаласындағы А.С. Пушкин атындағы педагогикалық инситтуттың тарих факультетіне оқуға түсіп, 1974 жылы аталмыш оқу орнын тарих және педагогика мамандығы бойынша үздік дипломмен бітіріп шыққан.
1974 – 1979 жылдары алғашқы ұстаздық қызмет жолын Марат Рамазанович Березов орта мектебінде тарих пәні мұғалімі болып бастады.
1979 жылы тамыз айында Григорьев орта мектебіне мектеп директоры ретінде жолданып, 12 жыл бойы басшылық қызметін атқарды. 1980 жылы екі қабатты 400 оқушыға арналған зәулім мектеп ғимараты салынуына байланысты білім беру ұжымы жаңа білім ордасына көшірілді. Орда бұзар отыз жасында терең теориялық білімімен, жоғары ұйымдастырушылық қабілетімен, адами құндылықтарға толы асыл қасиеттерімен ұжымдағы ауызбіршілікті сақтап, оқу-тәрбиелік үрдісті жоғары дәрежегекөтерген, шығармашылық деңгейін өсіре білген, мектеп жұмысын кабинеттік жүйеге аударып, мекеменің оқу-материалдық базасын және мектеп шеберханасы жұмысын өрге домалатты. Сондай-ақ, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары Марат Рамазановичтың бастауымен 1980 жылы оқушылардың «Армандастар» атты өндірістік бригадасы құрылды. Құрамы 75 оқушыдан тұратын көпұлтты бригада үш ауысымда жұмыстанды. Жазғы демалыс кезінде оқушылардың бос уақыттарын тиімді пайдаланып, еңбекке баулу мақсатында құрылған бригада 30 гектар жерге бақша өнімдерін егіп, жоғары деңгейде өнім алған. 1983-1985 жылдары жас өндірістік бригада оқушылары Республикалық конкурстан ІІІ орын иеленіп, сыйлыққа теледидар алды.
1981 жылы Орал қаласындағы ХХІ облыстық педагогикалық оқуларына қатысып, «Біздің өлкеміздің оныншы бесжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық дамуы» атты баяндама оқып, облыстық білім беру басқармасының «Құрмет грамотасымен» марапатталған. Сондай-ақ, Өскемен қаласында өткен Республикалық педагогикалық оқуға мектеп директоры Марат Рамазанович шақырылып, «Роль производственных бригад в трудовом воспитании школьников» атты ғылыми-практикалық баяндама оқып, баяндамасы жоғары дәрежеде бағаланып, іс-тәжірибесі Республика және облыс бойынша таратылуға ұсынылды.1985 жылы тамыз айында Қазақ ССР оқу министрлігі Григорьевка орта мектебінің директоры Марат Рамазановичтің педагогикалық еңбегін бағалап, жасөспірімдерге білім және коммунистік тәрбие берудегі табыстары үшін «Құрмет грамотасымен» марапаттады.1987 жылы желтоқсан айында халық ағарту және халықтың қоғамдық-саяси өмірін жақсарту саласына қосқан елеулі үлестері үшін Марат Рамазанович Мәскеу қаласындағы СССР білім министрлігінің атынан «Ағарту ісінің үздігі» орденімен марапатталды.
1991 жылы желтоқсан айында тәжірибелі ұйымдастырушылық қабілетімен танылған Марат Рамазанович Аудандық атқару комитетінің шешімімен жаңа салынған Ақсай қаласының №4 орта мектебінің директоры болып тағайындалып, 1993 жылға дейін басшылық етті.
Аяулы мектебінде ол үлкен жауапкершілікпен, бар жастық жалынын ынталандыра еңбек етті. Осы мектепте басшылық қызметін атқарған уақыт аралығында білім беру мен тәрбиелеу жүйесінде өзінің біліктігі мен жұмысына жауапкершілікпен қарайтын, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, үнемі ізденіспен жұмыс істейтін білікті басшы ретінде танымал болды.
1994 жылы қаңтар айынан бастап Аудандық білім беру бөлімінің басшысы қызметіне тағайындалды. Бұл кезең еліміздегі қайта құру кезеңіне сәйкес келген қиын-қыстау уақыт болатын. Мектептер уақытылы қаражатпен қамтамасыз етілмеген, ұстаздар маңдай термен тапқан жалақыларын уақытылы ала алмай, мамандықтарын тастап, басқа салаға кетіп жатқан аласапыран кезеңде Марат Рамазанұлы өзінің мамандығына адал жан екенін көрсетіп, ауданымыздың білім саласын ешқандай қиындықтарға қарамастан алға жетелей түсті. Марат Рамазанович еңбек жолында алға қойған үлкен мақсаттарының бірі-халыққа адал қызмет ету, ел сенімін ақтау еді. Осындай адал еңбектің арқасында көптеген жастарды тәрбиеледі, еңбекке баулыды. Барлық жанның үлгі тұтар тұлғасы, аузында ақ-адал айтар ақылы, көл-көсір көңілі мен ақжарқын пейілі,еңбегі мен ісі оның есімін естен кетпестей есте қалдырды.Бала тәрбиелеу ісінің қыры мен сырына жетік педагогтың еңбегі елеусіз қалған емес. Ұйымдастыру қабілеті зор жаңашыл ұстаздың еңбегін байқаған әкімшілік оны Бөрлі ауданы мұғалімдер ұжымын басқару дәрежесіне жоғарылатты.Бұл орында да білім бөлімі меңгерушісі өз қызметін ұтымды,үлгі-өнегелі атқара білді. Ауыл мектептерінің жағдайына аса мән берді. Еткен еңбек далада қалған жоқ. Ұлы есімді ұстазды білетін туған жері, Бөрлі өңірінің халқы білімді де адал еңбеккер азаматтың бейнесін жүректерінде сақтайды.
БҚО. Бөрлі ауданы Кеңтүбек ЖОББМ
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Тастайбекова Г.Л