Еңбегіне қарай — құрмет,
Жасына қарай — ізет.
Кетсе-дағы сол күндер алыс қалып,
Жетті ме олар өмірде табысқа анық.
Түлектер мен бір кезгі Мектеп-Ана
Отыз көктем өтті де қауышты анық.
-деп Ғ.Қожахмет жырлағандай қанша уақыт, қанша мезгіл өтсе де алтын ұя мектеп үшін әрбір түлек өз алдына тарих, өзалдына тұлға болып қала бермек. Себебі, осындай түлектермен мектеп абыройы артып олардың жасаған жомарттық істерін де тілге тиек етіп мақтанып, марқайып қалатынымыз анық. «Жомарттық ерге сын»,- дегендей мектебіміздегі игі істердің басында осындай азамат түлектеріміз қайырымдылық жасап, қол ұшын созып аяған емес. Солардың ішінде алға суырылып шыққан түлегімізді өз алдына бүгінгі күні тұлға ретінде таныстырғымыз келеді.
Шарипов Қуантай Махмұтұлы 1986 жылы 25 желтоқсанда БҚО,Сырым ауданы Талдыбұлақ ауылында мұғалімдер отбасында дүниеге келген. Жастайынан оқу, білімге құштар, ынталы болып 1-5 сынып аралығында Талдыбұлақ орта мектебінде білім алып, отбасы жағдайымен БҚО, Бөрлі ауданы Ақсай қаласына қоныс аударып 6-11 сыныпқа дейін №2 ЖОББМ-тің түлегі атанды. Мектеп қабырғасында білім ала жүріп, зеректігімен қатар спортқа деген ықыласы жоғары болып, қазақша күреспен аудандық, облыстық байқаулардың жүлдегері атанды. 2004 – 2008 жылдар аралығында М.Өтемісов атындағы БҚМУ-ның мемлекеттік және жергілікті басқару факультетінде жоғары білім алып шықты. 2008 – 2009 ж.ж «Қазтелерадио» АҚ Ақсай қаласындағы филиалында алғаш еңбек жолын бастады. 2009 – 2014 ж.ж Бөрлі аудандық әкімдігінің «Бөрлі ауданының тұрғын үй – коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінде» бас маман болып қызмет етті. Жігерлі, өтімді сөзімен көпті ұйыта білетін, тың ойларымен ой-санаға серпіліс әкеліп, талай игілікті істің ұйытқысына айналған ол 2015 – 2017 жылға дейін аталған бөлімнің басшысы қызметін атқарды. Еліміздің келешегінің дамуы мен жоғары деңгейде танылуына үлесі зор, еңбегі орасан. Қол жеткізген нақты нәтижелері үшін Мемлекеттік қызметте жүріп аудан басшыларының, Бөрлі ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің алғыс хаттарымен марапатталған.
2018 – 2021 жылдары «Ақсай жылу қуат» КММ инженер-гидрогеолог қызметін атқара жүріп аудан әкімі М.М.Сатқановтың алғыс хатымен марапатталды. Қазіргі таңда ауылшаруашылығымен айналысуда.
Әр кезде Қуантай жақсылықты жанына жалау етіп мектебіміздегікөмек қажет ететін отбасына көмегін аямай, шапағат нұрын шашып келеді. Оның бүлдіршіндерді қуанышқа бөлеп мереке қарсаңындағысыйлықтары және жаңа жыл мерекесінде безендірілетін жасыл шырша оқушыларымызға жыл сайын қуанышты сәттер сыйлайды.
Елімнің болашағы деп үміттенетін, еңбексүйгіштік пен адамгершілікті білетін, білімі мен өнегесін кішкене бүлдіршіндерге арнап, ол үнемі өз мектебінің аз қамтылған, көпбалалы отбасы балаларға бойындағы бар күш — жігерін жұмсайтын, оларға көмек көрсетіп, оқуға қажетті құралдарды, киім-кешек заттар алуымен айналысқан және мектеп оқушыларына Жаңа жыл мерекесіне табиғи қарағай шырша алып берумен бірге шәкірт Шарипов Қуантайдың еңбегі ерекше. Мектеп қабырғасынан бастап, Шарипов Қуантай Махмұтұлы берілген тапсырмаларды дер кезінде орындап, өз ісіне жауаптылығын, ұқыптылығын танытты. Жұмыс барысында өзін тек жоғары деңгейде көрсетті. Қызметтік міндеттерге үлкен жауапкершілікпен қарады. Ұйымдастырушылық қабілеті жоғары.
Ойы озық, танымы зор, жағдайыңды айтпай-ақ түсінетін оны әріптестері де, достары да, ата-анасы да қатты құрметтейді.
Ұжымда құрметке ие, мінезі жағынан тіл табысқыш, ұқыпты, адамгершілігі жоғары. Өмірде қарапайым, моральдық жағынан ұстамды.
Қызметтік міндеттерін адал орындайды, табандылық пен бастамашылық байқатады. Алдында тұрған міндеттерді шешуге басшылық және оперативтік құрам күшін шебер бағыттайды. Осындай істердің басында жүрген азамат түлегімізге еңбегіңіз жемісті болып, биік белестерді әлі де бағындыра береріне сенеміз. Мектебімізден түлеп ұшқан осындай түлектеріміз үшін қанша уақыт, қанша мезгіл өтсе де мақтанып, ал ұстаздар қауымы шәкірттер үшін марқайып жүре берейік!
Мендиканова Сагира Ешмухамбетовна
БҚО, Бөрлі ауданы, Ақсай қаласының №2 ЖОББМ
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі