Home » Білім және тұлға » Талантқа қанат бітірген…

Талантқа қанат бітірген…

    Қазақтың ағартушы ақын-жазушылары талай ғасырлар бұрын қоғамда мектептің алатын орны зор екенін айтып кеткен. Ұлт ұстазы Ы.Алтынсарин «Мұғалім-мектептің жүрегі» деп дәл тауып айтқан. Себебі алдына келген бүлдіршінге қалам ұстатып, әріп үйретіп, білімге құштар қылып, әр баланың дарыны мен талантын ашатын мұғалім құдіреттілігіне ештеңе тең келе алмас!

Батыс Қазақстан облысы Казталов ауданы Жаңажол ауылындағы Жаңажол жалпы орта білім беретін мектебі де – талай ұл-қызды өмірге дайындап, қияға қанат қақтырған киелі орда!

80-нің сеңгірінен асқан білім ордасының тарихы да тереңде жатыр. Алғашқы есігін Айғанша бөлімінде ашқан білім ордасы талай білікті басшылар мен аяулы ұстаздарға қасиетті мекен болғаны рас. Сол аяулы ұстаздардың алдында шәкірт боп тәрбиеленіп, қазірде республика, облыс көлемінде танымал болған тұлғалар қаншама!? Н. Шаканаев, Д.Малаев, Р.Диали, Ж.Хамзин сынды шәкірттеріміздің есімі ел аузында жүр. Соның бірі – қазір біз сөз еткелі отырған дарыны дария, таланты тасыған Дина Мерекеқызы Хамзина.

Дина Хамзина 1972 жылы 1 қаңтарда  Батыс Қазақстан облысы Фурманов ауданы Жаңажол ауылында дүниеге келген. Әкесі Хамзин Мереке қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі болып жұмыс істеген. Анасы Өтеғалиева Алтынай математика пәні мұғалімі болған. Дина-отбасындағы 5 баланың үшіншісі.

Әкесінен дарыған өнер Дина бойында шәкірт шағында-ақ белгі бере бастаған еді. Қарапайым мінезімен, озат білімімен ұстаздарын ғана емес, аулы-аймақты да тәнті еткен Дина сахна төріне шыққанда әнін ел ұйып тыңдайтын, таңдай қағатын, ақ жол тілейтін.

Мектеп қабырғасында жүріп өнерін ұштаған Дина Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының музыкалық-педагогикалық факультетін музыка мұғалімі мамандығы бойынша бітірді. 1994 жылдан осы институттың оқытушысы. 2000 жылдан бері Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрының меццо-сопраносы, солисі.

2005 жылы Күләш Байсейітова атындағы республикалық әншілер конкурсының Гран-приіне ие болса, 2006 жылы Халықаралық романс орындаушылар конкурсының лауреаты атанды. Сонымен қатар Лос-Анджелесте өткен өнер шеберлерінің Әлемдік чемпионатында 3 алтын,1 күміс медаль алды.

Бірнеше тіл білетін дарын иесі М.Төлебаевтің «Біржан-Сарасында» Аналықтың, Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібегінде»  Қамқаның, А.Жұбанов, Л.Хамидидің «Абайында» Қарлығаштың, Е.Брусиловскийдің «Ер Тарғынында» Жанканың, Ж.Бизенің «Карменінде» Мерседес, Карменнің, Дж.Вердидің «Трубадурында» Азученоның, т.б. көптеген меццо-сопрано партияларын орындаған.

Дина Хамзина- бүгінде меццо-сопрано, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, белгілі опера солисі.

Дина Мерекеқызының соңғы жылдары отандық және шетелдік театр сахналарында орындаған партиялары мен концерттік бағдарламалары — оның орындаушылық өнерінің биіктігінің өрісінің кеңдігінің дәлелі.

Біз, Жаңажол жалпы орта білім беретін мектебінің ұжымы, білім ордамыздан қанат қағып, әлемге Қазақстанның атын шығарып жүрген Дина қызымызды мақтан етеміз!

Батыс Қазақстан облысы
Казталов ауданы
Жаңажол   ауылы
Жаңажол  жалпы орта  білім беретін мектеп ұжымы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.