Home » Білім және тұлға » Өнерімен өнегелі ұстаз

Өнерімен өнегелі ұстаз

«Ұстаздық еткен жалықпас, Үйретуге балаға…» дейді хәкім Абай. Расында да, шынайы ұстаз болып, шәкірт жүрегі мен санасына терең бойлап, кеудесіне рух, жанарына жалын сыйлайтын да – ұстаз. Өз мамандығына сүйіспеншілікпен қарап, әр шәкіртіне аса зор ықыласпен ден қойатын ұстаздар қатары да көп емес. «Әттеген-ай» дейміз, әрине. Мұғалім көп, ұстаз аз заманда қатарынан озық болып, ұстаздық жолды мамандығым деп қана емес, өмірім деп бағалап жүрген жандардың бірі – Сайран Ағарбайұлы десем қателеспеген болар едім. Сайран Ағарбайұлының ұстаздығы мен өз ісіне деген шеберлігін биіктік деп бағалар болсақ, оның кісілік келбетін бөлек бір шың дер едім. Кез-келген жанның қолынан келе бермейтін, жүрегі мен кеудедегі мейірімі шыдас бермейтін әрбір оқушыны шынайы жақсы көру деген сүйіспеншілік сезімі ағай бойынан менмұндалап тұрады. сол себептен де барлық оқушы Сайран ағайды құрметтеп, жақсы көреді. Ешбір шәкіртіне қабақ түйіп көрмеген, әрдайым маңына топтастырып, жүздеріне жылы шырай кіргізіп, білім беру өз алдына, адами тұрғыда тәрбиелеп, сөзімен ғана емес болмысымен үлгі болып жүрген жандар болатын болса, солардың бірі Сайран Ағарбайұлы дер едім. Тіпті, бірегейі десем де жараса кетеді.

Сайран Ағарбайұлы һақында ашып айтар болсақ, ол — 1964 жылы Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданы, Көпжасар ауылында дүниеге келген. Бала жасынан өнерге деген құштарлығымен елге танылып, «Өнерлі бала» һәм «Суретші бала» атанғанын ел аузынан естіп біліп жүрміз. Сурет өнері мен мүсін өнері бір-бірімен біте қайнасып жатқан, адамның жан-дүниесін қопарып өтіп, алпыс екі тамырыңды идіріп, жүректі сөйлететін өнер екендігі ежелден белгілі. Осынау бір екі алып күшті бойына сыйдырып, дархан даладай шабытты арқалап жүрген бозбала 1981 жылы Д.Нұрпейісова атындағы орта мектепті тамамдайды. Бойындағы өнерге деген құштарлық мектеп бітірісімен Орал педагогикалық институтының «Көркем сурет және графика» бөліміне алып келеді. Жоғарғы оқу орнын 1986 жылы бітірген жас маман жолдамамен Жаңақала ауданы, Жаңақазан ауылындағы М.Жүнісов атындағы жалпы орта білім беретін мектебінде (бұрынғы С.М.Киров атындағы орта мектеп) бейнелеу өнері, еңбекке баулу және сызу пәндерінің  мұғалімі болып орналасып, ұстаздық еңбек жолын бастайды. Ағаның даңғыл жолы дәл осы жылы, дәл осы сәттен басталған еді. Қиыр-қиыр, қалтарысы мен бұлтасыры көп, арқаға артар жүгі де атанға зіл боларлықтай осы бір киелі жолдың жас та жігерлі жолаушысына айналды. «Асыл — тастан,  өнер – жастан» дегендей, жас маман қызметтес аға-апаларының мол тәжірибелерінен үйрене келе өзі де шәкірттерінің жүрегінен жол таба білді. Бұл мектеп республикалық деңгейде алғанда алғаш ашылған оқу орындарының бірінен саналады. Сондықтан мектеп тарихында аттары алтын әріппен жазылған ұстаздар мен елге елеулі шәкірттер мыңдап саналады. Алты жыл еңбек еткен ұжымда өмірлік тәжірибе жинақтай отырып, мектеп қабырғасында да өз қолтаңбасын қалдыра білді. Сайран Ағарбайұлының қатысуымен өткен түрлі мәдени шаралар мен мерекелік безендірулер жұрт назарынан тыс қалмады. Шәкірттері қатарынан  атап айтар болсақ, Джумагалиев Максим сынды оқушысы ұстаз жолын жалғастырып аталмыш мектепте еңбектің дәмін татып келеді. Алты жыл еткен еңбегі талай шәкірттердің көкірек көзін ашып, шыңдарға қанат қақтырды.

«Ер туған жерге» — дейді данышпан бабалар. Туған топырақтың киесі мен қасиеті кез-келген жанды баурап тұратыны табиғи құбылыс емес пе. Дәл осы бір жүрек елжіретер құбылыстың Сайран Ағарбайұлының тағдыры мен өмір жолында кездесуі заңдылық дер едім. Ол – 1992 жылы өз ауылы, туған топырағындағы Д.Нұрпейісова атындағы жалпы орта білім беретін мектебіне ауысып, қазірге дейін көркем еңбек пәнінен сабақ беріп, ұжымның бастауыш кәсіподақ ұйымына төрағалық қызметін де абыроймен атқарып келеді. Отыз жылға жуық табан аудармастан өзі түлеп ұшқан қасиетті қара шаңырақта қызмет етіп, өзі сүйген ісінің нық шеберіне айналды. Өзіндік жол мен мектебін қалыптастырды. Ұжымға, шәкіртке, тіпті ауыл халқына сыйлы азамат. Сайран Ағарбайұлы — қандай ортада болсын байсалды да сабырлы мінезімен танылған жан. Оның ақжарқындығы мен қарапайымдылығы, өз ісіне деген сүйіспеншілігі жас мамандарға да оқушыларға да үлгі-өнеге боларлық.  Ұстаздың еңбек еткен жылдары ішінде алдынан тәлім-тәрбие алған бірнеше шәкірттері өмірден өз орындарын тауып, қоғамның әр саласында елімізге қызмет жасауда.

Қазіргідей ақпаратты заманда жаңа технология жетістіктерін меңгеру кім-кімге де керек болса, бұл тұрғыдан Сайран Ағарбайұлының оқушылары мен қатар әріптестеріне де үйретері мол. “Сегіз қырлы, бір сырлы” ағамыздың бойынан өнердің (сурет салу, қол өнері, өлең жазу, ән шырқау т.б.) сан қырын көріп, мектебімізде иманды да намысшыл, білімпаз, талапты оқушылар өсіп келеді.

Оқу жылдарының әр кезеңінде мектеп абрыройын асқақтатқан оқушыларымыз мектепішілік, аудандық, облыстық, республикалық деңгейде жетістіктерге жетті. Бұл тек оқушының немесе Сайран ағайдың жеңісі емес, бұл – мектеп мәртебесі мен ауылдың, туған топырақтың айбары еді. Сол тұста да ағайдың шәкірттері абырой биігінен көрініп жүр.

Мәліметтерге көз жүгіртсек әр жылдарда мұғалімнің жетекшілігімен орын алған және сол салада білім алып еңбекке араласқандары бір төбе. Мысалы, 2011 ж.  “VII аймақтық Жас дарын” байқауынан бас жүлде иегері Сапарғалиев Жанайдар;   2011 ж. аудандық “Гүлдер әлемі” фестивалі бас жүлде Талапқалиев Шынтілек; 2012 ж. аудандық “Үздіктер слеті” “Жас суретші” атағы Қайыров Асылхан; 2014 ж. “Туған өлкеге сүйіспеншілік” жас экологтар байқауы /фотоколлаж/ бағамы облыстық деңгейде І орын, республикалық деңгейде І орын иеленген Ұлпан Құрманғазиева; 2014 ж. “Туған өлкеге сүйіспеншілік” жас экологтар байқауы /презентация/ бағамы облыстық деңгейде І орын, республикалық деңгейде ІІ орын иеленген Зарема Қатепова; 2014 ж. “Туған өлкеге сүйіспеншілік” жас экологтар байқауы /фотосурет/ бағамы облыстық деңгейде ІІІ орын, республикалық деңгейде ІІІ орын иеленген Жұмагүл Жасынғалиева. Осы аталған шәкірттері ағайдың ізін басып бір-бір мамандық иесі болғандар. Бұл жандардың барлығы да ағайдан тәлім алып, ісін әріге жалғағандар. Ал, кейінгі толқын ішінен оза шапқан шәкірттер қатарыда біршама. Олар: Ағарбай Саябек — 2015 ж. облыстық “Таңғажайып сәт” атты балалар фотосурет байқауы — диплом; 2016 ж. “Дар учителя” халықаралық білімділер сайыты “21 ғасырдың таланттары” диплом, 2020 ж. республикалық “Көркем еңбек” блиц-турнирі І дәрежелі диплом. Құрманғазиев Мейірлан — 2019 ж. республикалық ҰИО сайты Сызу пәні қашықтық олимпиадасы І дәрежелі диплом. Сәлімова Армангүл — 2018 ж. аудандық “Тәуелсіздік деп соғады жүрегіміз” атты қолөнер байқауы ІІ орын диплом.Бекен Ерсұлтан — 2019 ж. аудандық IX “Авто үлгілеу” спорттық-техникалық жарысы ІI орын диплом. Маженов Нұрасыл — 2019 ж. аудандық “Ғылым әлемін ашамыз” атты IX фестивал сертификат. Зинелов Арсен — 2021 ж. аудандық қашықтықтан “Әуе үлгісі планерлер мен батпырауықтар” жарысы ІІ орын диплом. т.с.с. тізбектеле беретін жүлделерді атап отырар болсақ, таңды-таңға ұрарымыз һақ. Бұлар тек бірсыпырасы ғана.

Ұстаз өз білімін жетілдіре отырып, үнемі жаңаша әдіс-тәсілдерді қолдануда өзге әріптестерімен тәжірибе алмасып отырады. Оқытуда “Жеке тұлғаның бойында рухани-адамгершілік мәдениетін дамыту, шығармашылық, кеңістік-образдық ойлауын, көркемдік-техникалық білімінің негіздерін қалыптастыру” әдістемелік тақырыбы бойынша жұмыстанып келеді. Мектептен тыс ауыл, аудан көлемінде өтілетін мәдени шаралардан да тыс қалып көрген емес.

1994 жылы Иралия Бисенбайқызымен отау құрып, ұл-қыз тәрбиелеп келе жатырған үлгілі отбасы. Жары Иралия ауылдық дәрігерлік ауруханада мейірбике болып ел құрметіне бөленуде. Тұңғышы Жансая өнер жолында Орал қаласы “Құрманғазы саз колледжісін” үздік тамамдап, облыстық “Назерке” би ансамблі қатарында еңбек етумен қатар М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дің биология бөлімін биыл бітіріп шықпақ. Ұлы Саябек 9 сынып оқушысы, өнерімен танылып келеді.  Мен ағаның отбасы туралы бекерден-бекер жазғаным жоқ. жоғарыда айтып өткендей тек сурет, кескін, мүсін ғана емес, ағай жанжақты қырымен танылып, отбасымен бірге өнерге де қызмет етіп келе жатырған жан. Олай дейтін себебім, 2014 жылы отбасы аясында өткізілген “Отбасы — тіршіліктің тірегі” атты облыстық байқауға Өтепбергеновтер отбасы аудан атынан қатысып, дәстүр мен өнерге бай қазақ елінің тілін, тарихы мен мәдени құндылықтарын насихаттау мақсатында көрсеткен өнері үшін ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталады.

Жалпылап алғанда З5 жылға жуық педагогикалық салада еңбек жасаған Сайран Ағарбайұлының кәсіби жетістіктері мен мақтау марапаттарыда жетерлік. Сызудан Республикалық Ұлттық Интернет Олимпиадасы ІІ дәрежелі диплом 2017 ж. Астана қаласы; Көркем еңбектен Республикалық Блиц-Турнирі ІІ дәрежелі диплом USTAS tilegi 2019 ж; Бейнелеу өнері Республикалық Блиц-Турнирі І дәрежелі диплом USTAS tilegi 2019 ж; Педагог қызметкерлердің біліктілік тестілеуі Республикалық Блиц-Турнирі ІІІ дәрежелі диплом USTAS tilegі 2019 ж; Педагог қызметкерлердің біліктілік тестілеуі Республикалық Блиц-Турнирі І дәрежелі диплом USTAS tilegі 2020;

Педагог мәртебесі Республикалық Блиц-Турнирі І дәрежелі диплом USTAS tilegі 2020 ж; Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым Министрлігінің “Алғыс хаты” 2019 ж; Батыс Қазақстан облысының білім басқармасының “Құрмет грамотасы” 2017 ж; “Қазақстан салалық білім және ғылым қызметкерлерінің Батыс Қазақстан облыстық ұйымы” қоғамдық бірлестігінің Құрмет грамотасы 2017 ж; Республикалық “USTAS tilegі” сайтында олимпиадаға қатысушыларды дайындағаны үшін Алғыс хат 2019 ж т.б. жетістіктерімен ел мақтанады. Ол тек ағайдың ғана емес елдің, мектебіміздің мерейі. Осындай еңбегімен шәкірт жүрегінен орын ала білген Сайран Ағарбайұлы секілді педагог «Ұстаз» деген атқа дақ түсірмей келе жатырған азамат қай кезде де сыйлы, құрметті болып қала бермек.

Ағылшынның данышпан ағартушысы Уильям Уорд: «Жай мұғалім хабарлайды, жақсы мұғалім түсіндіреді, керемет мұғалім көрсетеді, ұлы мұғалім, нағыз мұғалім шабыттандырады» — деген екен. Уильям Уордттың бағалауынша айтар болсақ,Сайран Ағарбайұлын нағыз мұғалім деп бағалар едім. (Әрине, қазақ түсінігі мен қоғамында «Ұлылық» тек Құдайға тән). Шабыттандыратын нағыз мұғалім екендігіне жоғарыдағы тізбектелген жетістіктер дәлел.

Сайран Ағарбайұлы туралы кеңінен көсіліп, тебірене толғануға болады. Әттең, оған менің қаламымның шабысы жете қоймас. Өз мамандығына өмірім деп қараған, әр адымын байыппен басып, биязы болмысымен талай шыңдарға шәкірттерін шығарып, өзі төменнен қарапайым ғана бейнесімен жымиып қарап тұратын асыл жан дер едім. Еш уақыт марапаттарға ұмтылып, мадаққа масайраған жан емес. Ол — осынысымен де қадірлі һәм құрметті. Сайран Ағарбайұлына денсаулық пен толағай табыстар тілей отырып, қыл қалам ұстамасам да жыр қалам ұстаған шәкірті һәм әріптес інісі ретінде ізгіліктер тілеймін. Сіз салған жол – біз үлгі алар даңғыл жол!

Бақиев Азамат Ерсұлтанұлы – Д.Нұрпейісова атындағы ЖОББ
мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.