Гүлжан Атақұлова,
Тараз қаласы білім бөлімінің
әдістемелік кабинет меңгерушісі
Қазіргі таңда еліміздегі білім беру жүйесіндегі жүргізіліп жатқан білім мазмұнын жаңартуға негізделген реформаның өзектілігіне келсек, Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан жолы–2050:Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында:«Орта білім жүйесінде жалпы білім беретін мектептерді Назарбаев Зияткерлік мектептеріндегі оқыту деңгейіне жеткізу керек. Оқыту нәтижесі оқушылардың сындарлы ойлау, өзіндік ізденіс пен ақпаратты терең талдау машығын игеру болуға тиіс»,-деп жазады. Бұл мақсатқа жету жолында білім беру саласында көптеген шаралар атқарылуда.
Серіктес мектептерді дамытуда, мұғалімдердің кәсіби біліктілігін шыңдауда, білім алушылардың оқу жетістігінің нәтижесін арттыруда жетекші мектептердің атқаратын рөлі зор.
Жетекші мектептің қызметінің мақсаты Қазақстан Республикасында жаңартылған орта білім мазмұнын енгізу бойынша мұғалімдердің кәсіби қоғамдастығының қызметтеріне және Назарбаев Зияткерлік мектептері тәжірибесін таратуға ұйымдастырушылық-әдістемелік жағдайлар жасау болып табылады. Демек, жетекші мектептің қызметі мұғалімді дайындау емес, бар білімді тереңдетуге, жетілдіруге бағытталады, мұғалімдердің кәсіби дамуына, шыңдалуына ықпал ететін қызметті жүзеге асыратын мектеп десек те болады.
Жетекші мектептердің негізгі атқаратын рөлі – өздеріне бекітілген серіктес мектептерге қолдау көрсету. Жетекші мектептердің басты ұстанатын қағидаттары білім саласындағы қандай болмасын жаңалықтар мен өзгерістерге ашық болуы, сол бағытта белсенді шараларды жоспарлау, үнемі кәсіби дамыту. Осы орайда Тараз қаласындағы жетекші мектептердің серіктес мектептермен бірлесе жасап отырған жұмыстарына тоқталып өтейік.
Тараз қаласында 60 мектеп болса, 16 мектеп жетекші мектептің қызметін атқарады. Барлық жетекші мектептердің қызметіне, жоспарлары бойынша атқарылатын іс-шараларына қалалық білім бөлімінің әдістемелік кабинеті тарапынан үнемі қолдау көрсетіліп отырады.
Қала көлемінде «Жетекші мектеп шеберханасы» жобасы жүзеге асырылуда. Жоба аясында 16 жетекші мектептің іс-тәжірибелері қала мектептерінің директорларына, директордың орынбасарлары мен көшбасшы мұғалімдерге арналған семинарлар, вебинарлар, ашық есік күндері арқылы көрсетілуде. Атап айтар болсақ, Б.Момышұлы атындағы №45 қазақ классикалық гимназиясы «Сабақты зерттеу – оқу мен оқыту сапасын жақсартудың тиімді тәсілі» тақырыбында, №46 орта мектебі ««Сабақты зерттеу- сапалы білім беру мақсатындағы ұстаздардың кәсіби шеберханасы»» тақырыбында, №8 гимназия «Қашықтан оқу жағдайындағы онлайн құралдарды қолдану жолдары» тақырыбында, №24 гимназия «Внедрение опыта «Назарбаев Интеллектуальные школы» в образовательный процесс» тақырыбында т.б. вебинарлар өткізіліп, әлеуметтік парақшалар, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы насихатталды. Аталған іс-шараларға 2500-ден аса педагог қамтылды.
Жетекші мектептердің атқаратын 5 функциясы бойынша да іс-шаралар назардан тыс қалдырылмай, жүйелі ұйымдастырылып келеді.
І.Ұйымдастыру-әдістемелік функциясы бойынша жетекші мектептердің кәсіби қоғамдастығы мұғалімдерінің кәсіби құзыреттілігін дамыту бойынша Педагогикалық шеберлік орталығымен, «Өрлеу» БАҰ орталығымен ынтымақтастық қатынас қалыптастырылды. Мұғалімдердің кәсіби біліктіліктерін арттыру бойынша мәселелерді шешу жолға қойылған. Оқу жылының басынан бері қашықтан оқыту жүйесіне қарамастан ПШО тренерлерімен бірлескен 3 вебинар, 2 оқыту семинарлары ұйымдастырылды.
ІІ. Зерттеушілік қызмет бойынша жетекші мектептердегі жүргізілген Сабақты зерттеу, іс-әрекеттегі зерттеулерді атап айтуға болады.
Сабақты зерттеу – мұғалімдердің кәсіби шыңдалуына әсер ететін ең тиімді тәсілдің бірі. Қазіргі таңда Сабақты зерттеуді жүргізіп отырған №1,5, 8,12,24,41,44,45,46,53 мектептердің жұмысын атап өтуге болады. Сабақты зерттеуді өз мектептерінде ғана жүргізіп қоймай, серіктес мектептердің де мұғалімдерінің зерттеу сабақтарына, талқылауларға қатысуына ықпал етіп отыр.
ІІІ. Оқу-әдістемелік қызмет бойынша жетекші мектептерде өздерінің жоспарларына сай оқыту іс-шаралары, вебинарлар, шеберлік сабақтары, әдістемелік тақырып не мәселе бойынша зерттеу жұмыстары аясында серіктес мектептердің мұғалімдеріне арналған педагогикалық тәжірибені тарату бойынша іс-шаралар өткізіліп, нәтижелері білім бөлімінің, мектептің fasebook, instagramm парақшаларында жарияланып келеді.
ІV.Диагностикалау-талдама жасау қызметі бойынша әдістемелік тақырып не мәселе бойынша зерттеу жұмыстарының нәтижелері жоғарыда аталғандай арнайы семинарларда көрсетілумен бірге, мектептің алқалы органдарында, әдістемелік кеңес отырыстарында қорытындыланатын болады. Жетекші мектептің кәсіби қоғамдастығының тиімді жұмысына мониторинг ұйымдастырылатын болады, 2020-2021 оқу жылы бойынша №№8,24 гимназиялар жұмысы облыстық Педегогикалық шеберлік орталығының мониторингілеу жұмысына ендірілді.
V.Ақпараттандыру-таратушылық қызмет бойынша жетекші мектептердің көшбасшы мұғалімдерінің дайындаған әдістемелік құралдары мен нұсқаулықтары, авторлық бағдарламалары жарық көрсе, зерттеу мәселелері аясында жазған мақалалары халықаралық, республикалық, аймақтық конференция материалдарының жинақтарына еніп отыр. Мәселен, Б.Момышұлы атындағы №45 қазақ классикалық гимназиясындағы кәсіби қоғамдастық мүшелері бірлестік онкүндіктері аясында жүргізілген Сабақты зерттеудің нәтижесімен Тараз және Қызылорда қалаларының педагогикалық шеберлік орталықтары «Сабақты зерттеу: қазақстандық мектептердің тәжірибесі» аймақтық ғылыми-практикалық конференциясында директордың ғылыми-әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары А.Маталиева, математика пәнінің Ж.Ерғалиева, орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері Ж.Шотаева, З.Ахмедовалар бөлісті. №8 гимназия Тараз Педагогикалық Шеберлік Орталығы «Үйрен де бөліс» онлайн алаңы «Нақты құралдар арқылы формативті бағалаудың уәжге деген әсерін қамтамасыз ету» тақырыбында шеберлік сыныппен бөлісті.
Тиімді ұйымдастырылған жетекші мектептердің жұмысы нені өзгертті? Не өзгерді? деген сұрақтарға жауап іздеп көрейік.
Жетекші мектеп қалай дамыды?:
Мұғалімдердің кәсіби мүмкіндігі жоғарылай түсті;
Қашықтан оқытуда тиімді білім беру платформаларымен жұмыс жасауды меңгерді;
Педагогтердің өз іс-әрекетіне зерттеу жүргізуі жүйеге келді;
Педагогтердің рефлексиялық дағдылары дамыды;
Мектептегі көшбасшылық дами түсті, жаңа көшбасшылар тобы қалыптасты.
Серіктес мектептер үшін не тиімді болды?
Қашықтан оқыту жағдайында да сабақты зерттеуді үйренді;
Педагогтер қашықтан зерттеу әрекетін жүйелеуге дағдыланды;
Қашықтан оқыту жағдайына қарамастан мектепішілік әріптестермен де, мектепаралық әріптестермен де бірлескен әрекеттер қалыптасты;
Өз тәжірибесін зерттеу үшін өзіндік талдау мен проблеманы қоюды үйренді;
«Басқаларды үйрете жүріп, біз өзіміз де үйренеміз», — деп ойшыл Сенека Луций айтқандай, қазіргі таңдағы жетекші мектептер серіктес мектептерді үйретумен, қолдау көрсетумен бірге өздері де даму үстінде.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
- Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан жолы–2050:Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауы, 2014 жыл 17 қаңтар
- «Қазақстан Республикасында орта білім мазмұнын жаңартуды қолдауды мектеп қызметінде ұйымдастыру туралы» нұсқаулық хат
- Сабақты зерттеу: Қазақстан мектептерінің тәжірибесі // Ғыл. баян. жин. Аймақтық ғылыми-практ. Конф. (Тараз қ., 2020 ж. 28 қарашасы) – Тараз: «Педагогикалық шеберлік орталығы» ЖМ Тараз қ. филиалы, 2020. – 323 б.
- Байгаринова Ж.К. Сабақты зерттеу (Lesson Study): А-дан Я-ға дейін: әдістемелік ұсынымдар. – Астана: «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы.