Home » Мақалалар » Шариғи үкімдер шығарылатын негіздер

Шариғи үкімдер шығарылатын негіздер

Ислам шариғатындағы (заңнамлық – құқықтық) нормаларды (діни үкімдерді) шығарудың өзіндік қалыптасқан әдіс-тәсілдері бар. Пайғамбар кезеңінде ислам ілімдері – ақида, фиқһ, усул фиқһ, тәпсір .т.б ұғым ретінде бар болғанымен, жеке дара ғылым ретінде кейіннен қарыштап дамыды. Бірақ, сол дәуірдің өзінде-ақ бұл ғылымдардың негізі мен өзегі – Құран мен сүннет саналды. Кез келген шариғи-діни үкімді шығару үшін негіз болуы тиіс. Бұл ислам құқығындағы қалыптасқан, бүткіл мұсылман ғалымдары бірауыздан келіскен бұлжымас қағида. Ислам ғалымдарының сралауы бойынша адамның іс-әрекетіне қатысты шариғи үкімдер басты 4 негізден шығарылады. Олар: Құран, сүннет, ижмағ (ортақ келісім), қияс. Осы төртеуінің басты негіз екендігінде, осы реттілікте екендігінде сүнниттік исламда пікір қайшылығы жоқ. Мәселен, үкім шығару үшін Құраннан дәлел ізделеді, одан табылмаса реттілік бойынша сүннет, ижмағ, қиясқа негізделуге болады. Бұл негіздің осылай реттелуіне ислам ғалымдары сахаба Муғаз ибн Жабалдан (р.а) жеткен танымал хадисті дәлелге тартады. Хадистегі оқиғада Мұхаммед пайғамбар (с.а.с) Муғазды Йеменге дін тәлімін үйретуге жіберген уақытында, одан:

  • Егер шариғи үкім шығару керек болса қалай әрекет етесің?, – деп

сұрағанда:

  • Алланың кітабы Құраннан, одан таппасам сүннеттен, одан таппасам

кеңесіп үкім шығарамын, – деп жоғарыдағы шариғи негіздерді реттілікпен атайды[1].

Бірінші негіз – Құран. Ол Алла тарапынан, көктен түсірілген мұсылмандар үшін қасиетті кітап. «Құран» сөзінің этимологиясына байланысты ғалымдар арасында әртүрлі пікірлер бар. Танымал пікір бойынша «Құран» сөзі арап тіліндегі «қирағат» түбір сөзінен туындаған туынды сөз. Сонда, Құранның тілдік мағынасы «оқу, оқылатын, қайта-қайта оқылатын» деген мағыналарды қамтиды.

Ал, Құранның ерекшеліктерін жан-жақты зерттей келе, ғалымдар оған бірнеше терминологиялық анықтамалар берген. Осы анықтамаларды қорыта отырып, Құранға: «Құран Кәрім – Араб тілінде «Фатиха» сүресімен басталып, «Нәс» сүресімен аяқталатын, жадыларда жатталып, ұрпақтан ұрпаққа ауызша және жазбаша түрде мутауатир жолмен бір әріпі де өзгеріске ұшырамай жалғасатын, әрі оқылуы ғибадат саналатын, Ұлы жаратушы Алла Тағаланың пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.а.с.) түсірген қасиетті сөзі», – деген анықтама беруге болады дейді отандық исламтанушы ғалымдар[2, 9-11б. б.].

Құранның сөзі де, мағынасы да Алладан деп есептелінеді. Пайғамбар оны жеткізуші, тек оқып беруші болып саналады. Сондықтан, мағынасы Алладан, бірақ пайғамбар өз сөзімен жеткізген  – «қудуси» хадис Құран бола алмайды. Онымен ғибадат қылып, намаз оқуға немесе Құран сияқты шариғи негіз ретінде ұстануға болмайды. Сол сияқты, Құранның тәпсірі, аудармалары мен түсініктемелері Құран болып есептелмейді.

Екінші негіз – сүннет. Сүннет сөзі тілде «жол, әдеттегі бағыт» деген мағыналарды қамтиды. Усул фиқһ ғалымдары сүннетке: «Пайғамбардан (с.а.с) байқалған сөз, іс-әрекет, құптаулар» деп анықтама берген. Осыдан сүннеттің үш түрге бөлінетінін байқауға болады.Олар:

  1. әс-Суннату әл-Қаулия (айтқан сөздері): Пайғамбардың (с.а.с) әртүрлі жағдайлар мен орындарда айтқан сөздері, хадистері. Мысалы, «Амалдар ниетке байланысты», «Мұсылман өзіне де, өзге де зарар келтірмейді», «Жайылымдағы малдан зекет беріледі», «Мирасқорға өсиет жоқ», теңіз суымен дәрет алуға байланысты айтқан «Оның суы таза, өлексесі адал» деген хадистері.
  2. әс-Суннату әл-Фиғлия (істеген іс-әрекеттері): Пайғамбардың (с.а.с) істеген іс-әрекеттері. Мысалы, бес уақыт намазды өтеуі, қажылық рәсімдерін орындауы, бір кісінің куәлігімен және дауагердің ант ішуімен қазылық үкім етуі, ұрының оң қолын білектен кесуі т.б.
  3. әс-Суннату әт-Тақририя (құптаулары): Пайғамбардың (с.а.с) ашық құптауы, өзі куә болған іске тосқауыл болмауы, өз заманында болған іске үндемеуі не разылық білдіруі. Мысалы, су таппай тәйәммүм соғып, кейіннен су тапқан соң бірі намазын дәрет алып қайта оқыған, бірі су тапқан соң намазын қайта оқымаған екі сахабаға қатысты, біріншісіне «саған екі сауап», екіншісіне «сүннетке сай амал еттің, намазың дұрыс» деп ашық құптауы, өз дастарханында кесіртке желінгенде оған тосқауыл болмауы, «бірінші Құранмен, сосын сүннетпен, сосын ижтиһадыма сүйенемін» деген Муғаз ибн Жәбәлға разы болуы, «Бұл аяқтар бірі бірінен (яғни бір біріне қатты ұқсайды)» деп Усаманың сыртқы келбеті Зәйдке ұқсайды деп оның тегін растауы сияқты ашық және үнсіз құптаулары.

Үшінші негіз – ижмағ. «Ижмағ» сөзінің тілдік мағынасы «жиналу, тоқталу, келісу» деген мағыналарды қамтиды. Терминологияда, ижмағ – Пайғамбар (с.а.с) дүние салғаннан кейін мұсылман ғалымдарының бір шариғи мәселеге қатысты ортақ тоқтам мен пікірге келуі дегенді білдіреді. Ижмағтың негіз болуы үшін де бірнеше шарттар бар. Олар:

  1. Ижмағқа қатысушылар мүжтәһидтік деңгейде болуы керек. Мүжтәһид дегеніміз шариғи дәлелдерді өз бетінше талдап, сұрыптай алуға жеткен мұсылман ғалымы. Мүжтәһидтік дәрежеге жетпеген зерттеушілердің бірауыздан келісімі ижмағ үкімін білдірмейді.
  2. Мүжтәһид ғалымдардың барлығының пікірі бір жерден шығып, ортақ келісімге келуі керек. Бір мәселеге қатысты жақтаушылар саны көп болып, қарсы шыққандар аз болса да, ол ижмағ болып саналмайды.
  3. Бүткіл ислам әлемінің мүжтәһид ғалымдары бір уақытта ортақ пікір айтуы керек. Локальды, аймақтық ғалымдардың жиыны не ортақ келісімі ижмағ болып саналмайды.

Төртінші негіз – қияс. Қияятың тілдік мағынасы «өлшеу, салыстыру, теңестіру» дегенге саяды. Ал, терминологияды қияс дегеніміз себеп-салдары ортақ болғандықтан, шариғи негізде айтылмаған мәселелердің үкімін шариғи негізі бар мәселелерге салыстыра отыра (аналогиялық) шығару. Мысалы, заманымызда кең таралған мас ететін ішімдік түрлері не темекі шегу тікелей қатысты аят-хадистер жоқ. Бірақ, Құран мен сүннетте мас ететін, ақылдан адастыратын немесе денсаулыққа зиян барлық іс-әрекеттер мен нәрселерге қатаң тыйым салынған. Осы негізде, себеп ортақ болғандықтан, күніміздегі кез келген арақ-шарап түрлері ақылдан алжасатыратындықтан, темекі денсаулыққа өте зиян болғандықтан оларға шариғи түрде қатаң тйым салынып, арам үкімі беріледі.

Ислам құқығындағы толық мойындалған  басты шариғи төрт негіз осылар. Одан басқа истихсан, маслахатул мурсала, сәдд зараиғ, қоул сахаби, ғұрып т.б шариғи негіздер ретінде қарастырылады. Бірақ, олар бірауыздан мойындалмаған, фиқһи мектептерде кездесетін негіздер ретінде саналады. Шынтуайтында ол негіздер де жоғарыда айтылған төрт басты шариғи негіз айналасында өрбиді. Мұсылмандар арасында туындаған кез-келген діни, қоғамдық, әлеуметтік т.б мәселердің барлығы осы негіздерді басшылыққа алып реттеледі.

Әдебиеттер

  1. А. Халлаф. Усул Фиқһ.- Ташкент: «Адолат» баспасы, 1997 ж. – 14 б.
  2. Құрманбаев Қ. Құран ілімдеріне кіріспе. – 2-басылым.– Алматы: «Нұр-Мүбарак» баспасы, 2014. – 9-11 б.

Жамашев А.Ш.
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,
философия және саясаттану факультеті,
дінтану және мәдениеттану  кафедрасының аға оқытушысы,PhD
Жұмасейіт Қ.Б.
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
саясаттану және философия факультеті,
дінтану және мәдениеттану кафедрасы
“Исламтану” мамандығының
1 курс магистранты
www.kaznu.kz

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.