Home » Мақалалар » МАМАНДЫҚ ТАҢДАУДЫҢ БІР ЖОЛЫ КӘСІБИ БАҒДАР БЕРУ

МАМАНДЫҚ ТАҢДАУДЫҢ БІР ЖОЛЫ КӘСІБИ БАҒДАР БЕРУ

Құдиярова Айсұлу Өсерқызы,
Алматы облысы 
 Қапшағай қаласы
Қадырғали Жалайыр атындағы
№6 орта мектебінің педагог-психологы.

Жастарды еңбекке баулу және мамандықтарын дұрыс таңдауға бағыт беру – маңызды істердің бірі. Саналы түрде таңдалған мамандық жеке тұлғаның болашақ өміріне әсер етеді. Болашақтағы кәсіби мақсатына дұрыс бағыт алған оқушы бойындағы қарым-қабілетін шығармашылықпен дамыта білсе, сапалы маман ретінде қалыптасатыны белгілі.
Сол себепті, қазіргі таңда түлектерге кәсіби бағдар ұсынып, кеңес айту үлкен маңызға ие. Кәсіби бағдар беру – шешімі табылуға тиісті өте күрделі кешенді мәселе. Өзінің әдістемесі және мазмұны жағынан оның психологиялық, педагогикалық, физиологиялық және әрекеттік аумағы жағынан әлеуметтік сипаты болады. Нәтижесі қоғамның экономикалық өміріне әсер етеді. Кәсіби бағдар беру қоғамның жұмыс күшін қайта өндірудің маңызды құралы саналады.
Білім саласындағы кәсіби бағыттың ауқымы кең және алуан түрлі. Қазіргі заман талабына сай мамандықтарды игерген жастарға сұраныс өте  жоғары. Нарықтағы бәсекелестік күн өткен сайын артып келеді. Бүгінгі заман талабы кәсіптік білім беру саласында адамның табиғи ерекшеліктеріне сәйкес мыңдаған мамандықтар мен кәсіптерге дайындау – кезек күттірмейтін талаптардың бірі.
Кәсіптік бағдар беру жұмысы бүгінгі таңда ең көп талқыланатын тақырып және жиі көтерілетін өзекті сұрақтардың қатарында. Қапшағай қаласы Қ.Жалайыр атындағы №6 орта мектеп педагог-психологтары  осыған орай атқарылатын нақты шараларды анықтап, жоспарлы түрде жүйелі жүзеге асыруда. Өйткені біздің мектептегі кәсіптік білім беруге бағытталған түрлі тренинг, дөңгелек үстел, жиындарды ұйымдастыра білген ұйымшыл ұстаздар ұжымын мақтанышпен айта аламын. Жыл сайын  мамандық бойынша бәсекеге қабілетті сан алуан кәсіп таңдауда тесттер мен анкеталар, сұхбаттар жүргізу арқылы оқушыға дұрыс таңдау жасауда қостау жұмыстары  жүргізіліп келеді.
Мектеп бітіретін 9-11-сынып оқушыларын «қандай мамандықты таңдаймын» немесе «таңдаған мамандығыма қалай қол жеткіземін» деген ойлар мазалайтыны анық. Бұл әрине үлкен өмірге қадам басардағы ең жауапты сәттердің бірі. Себебі осы бағыт бағдар адам ғұмырының алдағы болашағына өз әсерін тигізеді. Дұрыс жол тапсаң дүниеге пайдасы бар кірпіш ретінде қаланудың мүм­кін­діктеріне қол жеткізесің.
Демек, оқушыларға дұрыс жөн сілтеу, ұстаздардың пайымды пікірлерін тыңдау мен түрлі саладағы мәртебелі мамандық иелерімен кездесудің маңызы өте зор.
Осы мақсатта оқушыларға болашақ мамандық таңдауға көмектесу және пайдалы кәсіп туралы көзқарастарын дамыту үшін кездесулер ұйымдастырылып, түрлі кәсіптер туралы еркін әңгіме жүргізіледі. Мектебімізде ата-аналарға арналған «Ашық есік» күні өткізіледі.
Мектеп оқушыларына колледж, университеттердің материалды – техникалық базасы мен тарихы, мамандықтардың таныстырымы ұсынылады.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.