Бүгін еліміздің барлық аймақтарындағы білім мекемелерінде соңғы қоңырау жиыны өтті. Жылдағы дәстүрге айналған бұл күнді оқушылар да, ата-аналар да күтетін, айырықша сезімге бөлейтін қуанышты да мерекелі күн. Алматы қаласы мектептерінде онлайн түрінде өтсе де мектеп бітіруші түлектер мен оқушылар Соңғы қоңырау үнін естіп, шат-шадыман көңілге бөленді.
Кеше ғана мектеп табалдырығын аттаған жас жеткіншектер он бір жылды артқа тастап, бозбала мен бойжеткенге айналып, қастерлі алтын ұясымен қоштасқалы жатса, ал келесі бір оқушылар сыныптан-сыныпқа көшіп, ақылдарына ақыл қосып, есейіп шыға келген.
Түрксіб ауданына қарасты №59 мектеп-гимназиясы ұжымы аталмыш салтанатты жиынды онлайн түрінде ұйымдастырып, оқушылардың да, ата-аналардың да толықтай қатысуына жағдай жасап, сән-салтанатымен өтуіне мұрындық болды. Балалық шақпен қоштасып, үлкен өмір жолына алғашқы қадамын бастағалы отырған мектептің 65 түлегінің көңілдері толқып, қимастық сезімнің құшағында болса, қалған оқушылар жазғы демалысқа шыққанына, сыныптан-сыныпқа көшкелі жатқанына мәз-мейрам.
Биылғы оқу жылы, оның аяқталуы өкінішке орай карантиндік шектеулермен өтіп жатыр. Соған қарамастан ұстаздар қауымы бұл шектеулерге қарамай, барынша еңбек етіп, жас ұрпақтың толыққанды білім алып, саналы азамат болып шығуына тер төгуде. Айталық, №59 мектеп-гимназиясы биылғы оқу жылын 1198 оқушы аяқтап, оның 359-ы озат, 406-сы екпінді атанды. Білім сапасы – 71,2%. Негізгі мектепті бітіруші 9 сыныптардан – 25 оқушы үздік аттестатқа, жалпы орта мектепті бітіруші 11 сыныптардың 9 оқушы «Алтын белгіге», 4 оқушысы «Үздік аттестатқа» үміткер. Спорт, музыка, көркемөнер бағыттары бойынша қосымша білім алып отырған мектеп оқушыларының 15-і түрлі деңгейдегі қалалық, республикалық, халықаралық жарыстарға қатысып, үздік нәтиже көрсетті. 2020-2021 оқу жылында қалалық, республикалық, халықаралық ғылыми жоба конкурстарында жүлделі орын алған оқушылардың саны – 7. Оның ішінде, 4 қалалық, 1 республикалық, 2 халықаралық деңгейде. Атап айтсақ, «Дарын» РҒПО ұйымдастырумен өткен ғылыми жоба сайысына 9 оқушы қатысып, жүлделі 2, 3-орындарды иеленді. «Дарын» РҒПО ұйымдастыруымен өткен қалалық пәндік олимпиададан 3 оқушы жеңімпазы атанды. Сонымен қатар, Республикалық «Абай оқулары» мен «Ақберен» шешендік өнер байқауынан оқушыларымыз жүлделі 3-орыннан көрінді.
Мектептің биіктен көрініп, табыстан-табысқа жетуіне ұстаздар көп еңбек сіңірді. Біздің ұстаздар өз пәнін оқытудың озат технологиясы мен ғылыми-теориялық әдіс-тәсілдерін жоғары деңгейде меңгерген, бәсекеге қабілетті, заманауи бағытта жұмыс істей білетін әрі өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын кәсіби мамандар. Ұлы ұстаз әл-Фарабидің «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі» дегендей, жас жеткіншектерге білім беруде біздің әріптестер осынау даналық сөзді басшылыққа ала отырып, әрбір баланы бір жұлдызға балап, жарқырауына септігін тигізіп жатады. Әлбетте, жас ұрпақтың білімі мен тәрбиелеу ісіне барынша қолдау көрсетіп, көптеген игілікті шаралардың басы-қасынан табылатын ата-аналарды ұмытпауымыз қажет. Оларға деген ризашылық сезіміміз өте үлкен. «Ата-ана, ұстаз, оқушы» бірлігі бұл- үлкен күш. Бұл үштіктің білім сапасының артуына да, тәрбие мәселесін шешуде де оң ықпал ете алатындығын айта кетуіміз керек. Біздің қол жеткізген нәтиже мен табыстарымыздың сыры да негізінде осы береке-бірлік, ынтымағымызда жатса керек.
Иә, «Мектебің, мынау – класың, Осында он жыл тұрасың…» деп ақиық ақын Мұқағали Мақатаев жырлағандай, бүгін мектеп түлектері үшін қоңыраудың соңғы үні естілді. Мектеп вальсін билеп, көңілді әуен ырғағымен қос-қостан жұптасқан мектеп түлектерін ортаға шығарып, билете алмасақ та, осы бір айтулы күнді есте қаларлықтай жоғары деңгейде өткізуге тырыстық. Алда үлкен өмір, үлкен сынақтар күтіп тұр. Ақ жол, сәт сапар деп шын тілектестік білдіре отырып, елдікті, бабалар аманаты – Тәуелсіздігімізді баянды етудегі жұмыстарымыз, туған еліміздің гүлденуіне бар ғұмырын арнайтындай ұрпақ қалыптастыру мақсатындағы еңбегіміз одан әрі жалғасын таба берсін. «Балаңды өз тәрбиеңмен тәрбиелеме, өз ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле!» деген ұстаным аясында бала бойына Отанын, туған жер, тіл, дәстүр сынды халқымыздың ұлттық құндылықтарын дарыта тәрбиелеу жолындағы еңбегіміз жемісті болады деген сенімдеміз.
Алматы қаласы
№59 мектеп—гимназияның
директоры: Айжан Қасымова