Алматы қаласы Түрксіб ауданы №167 бөбекжай-балабақшасында “Қош бол, балабақша!” атты мерекелік кеш өтті.
№167 бөбекжай-балабақшасы үшін бұл күн — үлкен мереке. Себебі бірнеше жыл мәпелеп өсірген, тәрбиелеген бүлдіршіндерін ұясынан ұшырып, мектепке шығарып салады.
Мерекелік кеште Түрксіб аудандық білім бөлімінің бас маманы Доскеева Мираш Нургельдиевна және Түрксіб ауданы балабақшаларының меңгерушілері мен ата-аналар қонақ болды. Шара басталардан бұрын-ақ бөбекжайда әуезді әуендер ойнап, балалардың ерекше көңіл-күйі сезіліп тұрды. Бұл кеш бұрынғы кештерден өзгерек болды. Балалар бір жыл бойы үйренгендерін ортаға салып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Аталмыш шараны бүлдіршіндердің өзі де асыға күткені көрініп тұр. Балалар бірінен кейін бірі өлеңдер оқыды. Әсем әндерін шырқап, қонақтардың қошеметі бөленді. Мерекелік кешке ертегілер елінен қонақтар келіп, тамаша ойындар ойнатылып, би биленді.
Тәрбиешілер Тургумбаева Карлыгаш Асаубаевна және Бердыханова Фариза Мейрамовнаның балалармен етене жақын жұмыс жасап, еңбектене алатыны көрініп тұр. Ертеңгіліктің сценарийінің еркіндігі балалардың өзін-өзі ашық жарқын ұстауына ықпал етті. Тек қана ұлдардан құралған топтың бір бөлек билеуі, қыздар тобының мың бұрала өнер көрсетуі ортаға әсем көңіл-күй сыйлады.
Мерекелік шара соңында бүлдіршіндерге қызыл дипломдар табысталып, балабақшадан ұшып бара жатқан түлектерге тек қана ақ жол тілеп, білім көгінде қанаттары талмай самғай берсін деген тілектер айтылды.
Ата-аналар да ақ тілегін айтып, балабақша ұжымына алғыстарын жеткізді.
Балабақша балаларының ертеңгіліктер, байқаулар, тәрбие сағаттарын өткізуге әбден төселгені көрініп-ақ тұр..
Балабақша меңгерушісі Гульзат Кадирбековнаның айтуынша, мұндай шараларды өткізуден тәрбиешілер де еш жалыққан емес. Балабақшаның әдіскері де оларға бағыт-бағдар көрсетіп, үнемі ізденіс үстінде жүреді.
Бүгінгі мерекелік кештен түйгеніміз, бұл шара келер келешектің кемел болуына жасалған бір қадам. Алматыдағы №167 бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі және өзге де қызметкерлерінің еңбегі елеуге тұрарлық екенін пайымдаймыз. Ал ұжымды ұйымдастырып, ата-анамен де, балалармен де етене жұмыс істеп отырған Тайтелиева Гульзат Кадирбековнаның
іскерлігі де өзгеге үлгі.
Жолдарың ашық, мақсаттарың айқын болсын, түлектер!
BILIM AINASY
Алматы қаласынан
Ақерке Амангелдіқызы