БҚО-ның WorldSkills
чемпионатының техникалық делегаты
БҚИҚ директоры
Әли Масалимов
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Кәсіби білімнің бүкіл жүйесін еңбек нарығында сұранысқа ие білікті мамандар қалыптастыруға бағыттағанымыз жөн» екендігін атап өткен болатын.
Биыл кәсіптік және техникалық білім беру ұйымдарына – 80 жыл. Жұмысшы мамандарға деген сұраныс сонау аумалы-төкпелі кезеңнің өзінде қажеттілік тудырғаны белгілі.
Ел басына күн туған алапат Ұлы Отан соғысы жылдарында жұмысшы мамандарға көптеген зауыт, кәсіпорындар қызметі тәуелді еді.
Жалпы кәсіптік және техникалық білім беру ұйымдары бір уақытта құрылғанымен, Батыс Қазақстан индустриалды колледжінің құрылуы әріден бастау алады. Өзінің жарты ғасырдан астам тарихи дамуында облыс кәсіпорындарының негізгі кадрлық әлеуетін құрайтын мамандар даярлауға атсалысты.Атап өткен жөн, сол кездегі К.Ворошилов атындағы зауыттың училищесі ретінде қарқынды дамып келе жатқан индустрия үшін моторшы, кеме шеберi, кеме балташысы, матростар, Орал өзенi үшiн рулевойлар, радиомеханик, жонғыш, жонғылағыш, темір ұстасы-жөндеушi мамандарын даярлады.
1940 жылы №6 Фабрикалық-зауыттық оқытудеп аталған оқу ордасынан Ұлы Отан соғысы жылдары колледждің 200-ден астам түлегі туған жерін қорғауға майданға аттанғанын білеміз.Сұрапыл соғыс жылдары да, кейінгі кезеңде де колледж мақсаты білікті мамандарды даярлау ісімен жалғасты.31 жыл бұрын 1989 жылы қазіргі ғимаратқа көшірілген Батыс Қазақстан индустриалды колледжінің материалдық-техникалық базасы нығайып, оқу-тәрбие процесінде жаңаша әдіс-тәсілдер қолданылуда.
Теория мен практиканы ұштастырған бүгінгі кәсіптік білім беру саласы 80 жылда бірнеше мәрте қалыптасу кезеңінен өтіп,студенттердің сапалы білім алуы үшін толыққанды жағдай жасау міндеті біртіндеп орындалды.
Батыс Қазақстан индустриалды колледжі – «токарь» мамандығы бойынша білім беретін облысымыздағы жалғыз білім ошағы екенін ескерсек, республикада серіктес колледждердің қатарына енді.
Елімізде оқуын тәмамдаған біраз жас нарық талабына бағынған заманда жұмыс таппай, 3-4 жыл оқу орнының қабырғасында білім алған уақыттары текке кетіп жатады. Десе де, бүгінгі күні мемлекет жас мамандарды қолдауға арнайы бағдарламалар қабылдап, жастар еңбектің жемісін көруде.
ҚР 2015-2020 жылдарға арналған мемлекеттік индустриалды-инновациялық даму бағдарламасына сәйкес Батыс Қазақстан индустриалды колледжі республиканың 10 серіктес колледждері қатарына қосылды. Сондай-ақ 2004 жылдан бастап аймақтық экономиканың машина құрастыру саласына білікті мамандар даярлау бойынша тірек оқу орны саналады.
Колледжімізде ұсынылатын мамандықтарды айтар болсақ,токарь, байланыс саласы, металл өңдеу және энергетика өнеркәсібіне орта буынды жұмысшы кадрларды оқытудамыз. Колледжден әр жылы 200-ге жуық студент білім алып, түлектердің басым бөлігі қызметке араласады. Яғни, жұмысшы мамандығын меңгерген мамандардың жұмысы ширақ.
Еліміздің бәсекеге қабілетті мамандық иелерін дайындауда педагогтердің елеулі қызметін ескерген жөн.Ел көлемінде жұқпалы дертпен күрес шаралары кезінде білім-ғылым саласы оқытудың тиімді платформасын таңдады.
Әр білім ордасында жинақтаған білімін оқу орнының игілігіне жұмсап, сайыстарда намысты қолдан бермес дарынды да талапты жастар кездеседі. «Кәсіпқор» Холдингі» КЕАҚ-ның 2019 жылы өткізген рейтинг қорытындысы бойынша Батыс Қазақстан индустриалды колледжі облысымыздағы кәсіптік және техникалық білім беру ұйымдары арасында көш бастады.
БҚО білім басқармасының Білім беруді дамыту орталығы кәсіптік және техникалық білім беру ұйымдарының студенттері арасында «COLLEGE STARTUP» бизнес жоба байқауын өткізіп келеді. Студенттерді кәсіпкерлік ортаға бейімдеу мақсатындағы аталмыш байқауда студенттеріміз жақсы нәтиже көрсетуде. Өткен жылы Елемес Риздыханов пен Темірлан Егінбай «Болашаққа бағдар» номинациясымен марапатталып, биылғы байқауда Темірлан «Шебер жобасы» аталымының иегері атанды. Қазіргі таңда Темірлан колледжімізде өндірістік оқыту шебері болып қызмет атқарады.
Жұмысшы мамандықтардың әлеуетін көтеру бағытын көздеген «WorldSkills» чемпионаты да білім алушылардың кәсіби шеберлігін арттыруға себепші болуда. «WorldSkills» чемпионатына тұрақты қатысатын Темірлан Орынов 2017 жылы аймақтық, 2018 жылғы республикалық чемпионатта алтын медальға ие болып, халықаралық чемпионатқа жолдама алған болатын. 2019 жылдың тамыз айында РФ Қазан қаласында әлемнің 63 мемлекеті қатынасқан «WorldSkills» халықаралық чемпионатында «СББ қондырғылардағы токарьлық жұмыстар» құзыреттілігі бойынша 28 мемлекет бәсекеге түсіп, «Team challenge» командалық тапсырма орындауда Темірлан алтын медаль иеленіп, ұстаздарының үмітін ақтады.
WorldSkills қозғалысы өз ісінде кәсіпқой мамандарды біріктіре отырып, нық қадамдар жасауды жалғастыруда. Оған қатысу жұмысшы кәсібінің беделін арттырып қана мамандықты дұрыс таңдаудың маңыздылығын, жас мамандардың мансаптық өсу мүмкіндігін, болашаққа деген сенімділігін оятады.