Курманова Салтанат Надирбековна,
«Өрлеу» БАҰО» АҚ фили
Жамбыл облысы бойынша ПҚБАИ
аға оқытушысы, Тараз қаласы
Қай халықтың болмасын белгілі бір тарихи кезеңде өнері мен әдебиеті, яғни бүкіл мәдени болмысы өзгеше бір биікке көтеріліп, кейінгі өрлеу мен дамуға кең жол ашары сөзсіз. Біздің қазақ халқының тарихында да сондай кезеңдердің бар болғаны шындық. Қазақ халқының руханияттық дамуында осындай толағай өзгерістер мен ерекше серпілістердің көзге айрықша шалынар сәті — ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басы. XX ғасырдың басындағы қазақ ақындары ішінен рауандаған таң жарығы мәңгілік халық басына сәулесін жая бастаған. Ол сәуле, ол игілікті нұр, шапағат шуағынан туған Абай ақын еді. Ұлы ақын қазақ поэзиясының өсіп, гүлденіп, жаңа сапаға жетуі жолында орасан еңбек етті. Аталған уақыт аралығында қазақ ортасында идеялық жаңа тыныстың қанаттануына Абайдай жан салған ойшыл кемде-кем. Талант тұлғасы – тұл бойына тұнықтық біткен, тамыры тереңге жайылған, нұры мен әрі мәңгілік кетпейтін ұлы тұлға. Абай ақын қазақ халқының неше алуан рухани байлығын, халық мәдениетінің мұрасын бойына мол сіңіріп, сол байлықтың керектісін ақындық өнеріне арқау ете білді. Ол өз халқынан асыл қазынасын пайдалана отырып, оған жаңа түр еңгізіп, жаңа бағыт беріп, дамыған ағымға қосты.
Орыс ақындарының классиктік үлгілерімен рухтанған Абай өзінің мәңгі өшпейтін шығармаларын жасады. Абайдың орыс достары көп болған. Сол кезде Пушкин, Лермонтовтың өлеңдерін, Крыловтың мысалдарын қазақшаға аударып, қазақ даласын да өзімен бірге жасартқандай болды. Абай тек халықтың тілін екінші халықтың тіліне аударуды ғана мақсат еткен жоқ, ұйқасы мен қисын-ырғағын, желісін бұзбай отырып аударды.
Абайдың ұлылығы – өзінің өскен орта, туған елінен қол үзбей, қазақ халқының ғасырлар бойы жасаған рухани мәдениетін меңгере отырып, орыс халқының мәдениетін өзіне өнегелі мектеп етуінде. Абайдың сезімі өз өлеңдерінен анық көрінеді. Ол өзін жиі жалғыз сезінді, қамықты, әлділердің әділетсіздігіне күйінді. Абай заманында қоғамды өзгерту мүмкін емес еді. Ол ағартушылықтың өмірдегі орнын дәл бағамдап, оны қоғамды дамытушы күш деп білді. Абай поэзиясы – қазақ халқының ұлттық мақтанышы.
Өмір мен қоғамды барлап, болашақты болжап жазған әр шығармасы – осы шыңға шығар жолындағы баспалдақ. Абай ұлы ғұлама ақын, моралист-ойшыл, қазақ елінің, бүкіл түркі тектес халықтарының ортасынан шыққан әлемдік тұлға. Ақынның өмірі, істеген ісі, жазған өлеңдері мен сөздері өз халқының тағдырымен тығыз байланысып, оның болмыс-бітімінің айнасындай болып жатыр.
Біз Абайымызбен мақтанамыз, марқаямыз, шаттанамыз. Абай – мәңгілік нұрдың елшісі. Абай ілімінің күші ХХI ғасырда да құнын жоймайды, күші кемімейді, қайта қадір-қасиеті артып, биіктей түсері хақ. Осы ретте Жамбыл – «Өрлеу» филиалының мектепке дейінгі тәрбиелеу және инклюзивті білім беру кафедрасының ұжымы өз кезегінде балабақшадан бастап балаларымыздың Абай өлеңдерін жаттап, өз бойында өлеңге, Абайға деген құрметті арттыру бағытында көптеген іс-шараларды іске асыруда. Себебі, Абай өлеңдерін балабақшадан үйрету бала кезден құлаққа сіңісті ету — Абайды тануға жасалған алғашқы қадамдардың бірі болмақ.
Жүрегіңнің түбіне терең бойла,
Мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла,
Соқтықпалы соқпақсыз жерде өстім,
Мыңмен жалғыз алыстым кінә қойма! — Абайдың болашақ ұрпаққа, яғни бізге арнаған сөзі осындай. Осы бір ауыз өлеңде — Абай өмірінің терең сыры жатыр. Сондықтан да ұлы хәкім Абайдың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында атқарылар істер әлі алда демекпін. Ол жарқын болашаққа апаратын жолды өз халқына талмастан көрсетті. Ол жол ғылым, білім, өнер, мәдениет жолы еді.