Home » Мақалалар »   Бастауыш сынып оқушыларының шығармашылық әрекетін ұйымдастыру

  Бастауыш сынып оқушыларының шығармашылық әрекетін ұйымдастыру

Қанғалиева Мәдина Мұхтарқызы
Маңғыстау облысы, Ақтау қаласындағы
№19 мектеп-гимназия КММ
 бастауыш сынып мұғалімі

Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің Болашаққа бағдар «Рухани жаңғыру» мақаласында саяси, әлеуметтік, экономикалық, интеграциялық мәселелерді айта отырып, еліміздің рухани дамуының негізгі факторы — білім екенін атап өтті.  Әлем кеңістігінде білімді жоғары қоятын ел ғана жетістікке жетеді-деген болатын.

Сондықтан да жаңа кезеңге аяқ басқан еліміздің бет-бейнесі білімі арқылы өлшенбек. Білім парадигмасының динамикалық өзгеруі, интеграциялық сабақтастықтың дамуы, кеңістік бағдарының тұрақтануы, білімнің ізгілендірілуі бүгінгі тұлғаның  дамуына жаңа талаптар жүктейді.

Бүгінгі білім беру жүйесінде өмірлік мәселелерді шеше алатын, оқу-тәрбие процесін жаңа инновациялармен түрлендіретін, практикаға бағытталған мұғалім қажет. Интеллектуалды рессурстарды нәтижелі қолдану мұғалімдер мен оқушылардың бәсекеге қабілеттілігін көрсететін негізгі фактор екені белгілі.  Бұл тенденция әлем елдерінінің дамуымен тығыз байланысты. Себебі, көптеген әлем елдері білім индустриясын трансляциялау мен оны қолдануға негізделген экономикаға көшті. Сондықтан да білімнің дамуына еңбек нарығының сұраныстары әсер етуде.  Осындай күрделі процестер білім кеңістігін өзгертуге және оны шығармашылық ыңғайда қайта құруға мүмкіндік беруде. Еліміз әлемдік рейтингте бәсекеге қабілетті болуға ұдайы ұмтылуда. Бұл рейтинг оқушының білімі арқылы өлшенеді. Оның шығармашылық әлеуеті басты көрсеткіш болып табылады. Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылы білімді нығайту қажеттілігін және креативті ойлайтын, шығармашыл тұлғаны қалыптастыру қажет екенін баса айтқан болатын. Бұл процесс мектептің педагогикалық процесінде жүзеге аспақ.

Қазіргі мектептің басты мақсаты- әр оқушының шығармашылық қабілетін ашу, бәсекеге қабілетті жеке тұлғаны өмірге дайындау,  заманауи білім, дағдылар мен қасиеттерді дамыту. Дәстүрлі репродуктивті оқыту бұл міндеттерді шеше алмайды. Оларды шешу үшін жаңа педагогикалық технологиялар, оқу процесін ұйымдастырудың тиімді формалары мен белсенді әдістері қажет.

Қазіргі уақытта оқытудың тиімділігі оқу-тәрбие процесінің әр оқушының шығармашылық қабілеттерін дамытуды қаншалықты қамтамасыз ететіндігімен, шығармашылық тұлғаны қалыптастырумен және оны шығармашылық танымдық іс-әрекетке дайындаумен анықталады. Оқушының шығармашылық танымдық іс-әрекетін өзектендіру көбінесе мұғалімнің сабақта қолданатын оқыту әдістеріне байланысты. Шығармашылық- бұл адамның идеяларды қалыптастыруы, жаңа және стандартты емес шешім қабылдау қабілеті.

Мысалы, шығармашылық, әртүрлі жағдайларда стандартты емес шешімдерді табу қажеттілігі, жаңа идеяларды ойлап табу және іске асыру мүмкіндігі.  Қазіргі әлемдегі ең қажетті құзыреттердің бірі болып табылады. Ресей Ғылым академиясының басшысы

Дж.Гилфорд және тағы басқа ғалымдардың пікірінше, «шығармашылық» жеке адамның туа біткен қабілеті болып табылады, бірақ өмір бойы өзгеріске ұшырайды.

Шығармашылық атмосфераны құру үшін шығармашылыққа жағымды жағдай туғызу керек. Ол үшін когнитивті және эмоционалды қызығушылықты оятатын инновациялық технологияларды қолданған жөн. Көптеген ғалымдар әр баланың туа біткен шығармашылық мүмкіндіктері бар, ол креативтілікті дамыту тек шығармашылық әрекетте жүзеге асады деген пікірде. Демек, шығармашылық даралықты қалыптастыру әлеуметтік орта шарттарына тәуелді. Шығармашылық дағды сабақ процесінде жүзеге асады.

Жаратылыстану бағытында жүргізілетін «Дүниетану» пәнінде белсенді әдістерді қолдану арқылы оқушылардың шығармашы дамытуға болады. Себебі, Дүниетану интеграциялық пән ретінде, биология, география, химия, экология сияқты пәндердің негізін үйретеді. Бастауыш сынып оқушысы ғылыми ұғымдармен таныса отырып, қоршаған ортаға деген өзіңдік көзқарасын қалыптастырады. «Кластер», «Ми шабуылы» сияқты белсенді әдістерді сабақ үрдісінде қолдануға болады. Ол, оқушылардың логикалық ойлау дағдысын ғана дамытып қоймайды, сонымен қатар шығармашылық қабілетін қалыптастырады.

Жерде тіршілікті, адамды қалай сақтап қалуға болады?- деген проблеманы қою арқылы, оқушылардың шығармашылық дағдысын дамытуға болады. Табиғаттағы құбылыстарды зерттеу, проблемамен жұмыс істеу арқылы мини жоба қорғауға болады. Миға шабуыл әдісі білім алушыларды дерек көздерімен өз бетінше жұмыс жасауға бағыттайды.  Оқушы бір мәселенің бірнеше шешімін іздеу арқылы шығармашылықпен  ойлауды үйренеді.

Табиғатта болатын өзгерістер, табиғат құбылыстары (көктем, жаз, күз және қысқы мезгілдердегі маусымдық өзгерістер, туған жердің табиғаты, табиғатты қорғау т. б.)  мәселелерді зерттеу үшін жоба әдісінің маңызы зор.

Жобаны жазу барысында оқушылар тақырыпқа байланысты фактылер мен аргументтер іздестіреді. Тапсырмаларды орындау барысында оқушыдан ақпаратты жүйелеу және талдау, фактілерді, құбылыстарды жалпылау, қорытынды жасау қабілеті талап етіледі.  Дүниетану сабағында адам, табиғат, қоғам арасындағы интеграциялық байланысты және табиғи үйлесімділікті  оқушылар көреді. Қоршаған ортада болатын әртүрлі құбылыстарды сезіну арқылы олардың таным мүмкіндіктері артады. Дүниетану пәнінде оқушылардың алғашқы зерттеу әрекеттері қалыптасады. Шығармашылық белсенді әрекет арқылы оқушы ізденеді, проблеманы шешуге үйренеді.

Бастауыш сынып оқушыларының шығармашылық тәжірибесін жинақтауға ықпал ететін оқушылардың белсенді танымдық және шығармашылық іс-әрекетін ұйымдастыру туралы сұрақ туындайды, онсыз үздіксіз білім берудің келесі кезеңдерінде тұлғаның өзін-өзі жүзеге асыруы тиімсіз болады.

Оқушылардың өзін-өзі көрсетуі, өзін-өзі ұйымдастыруы, есте сақтауы, ойлау және басқа да қабілетін дамыту үшін оқушылар шығармашылық жұмыстарға белсенді қатысулары қажет. Оқушылардың шығармашылық белсенділігі – олардың жеке дамуын қамтамасыз ететін, өзіндік шығармашылық ой-өрісін кеңейте білуімен сипатталатын жеке тұлғаға тән қасиет. Бала өзінің құндылықтарын, жеке қасиеттерін ашатын шығармашылық жұмыстарды орындау арқылы танымдық мүмкіндіктері мен өзіне деген сенімін қалыптастырады. Бастауыш сыныпта оқушылардың шығармашылық жұмыстары суреттер, қолөнер, дизайн жұмыстары арқылы жүзеге асады. Бастауыш сынып оқушыларының шығармашылық ойлауын дамыту үшін бірнеше шарттарды ескеру қажет:

  • қолайлы ортаның болуы;
  • оқушыларға шығармашылық іс-әрекетпен айналысуға еркіндік беру;
  • проблеманы шешуді өздеріне бағыттау;
  • гумандық қарым-қатынас орнату

Шығармашылық қабілеттің алғашқы негізі осы бастауышта қаланады.  Ана тілі пәнінің маңызы ерекше. Оқушыларға тақырып бойынша сұрақтар қою арқылы оларды креативті ойлауға үйретуге болады. Әңгімеден алған әсерлерін айта отырып, олар өздерінің жаңа идеяларын ұсынады және кейіпкерлерге мінездеме береді. Осындай жұмыстар педагогикалық процестің нәтижесін көрсетеді. Бірінші сынып оқушыларының ойлауы нақты, ол көрнекі бейнелер мен құралдарға сүйенеді. Олар үшін дерексіз ауызша әңгімелер әдетте түсінікті емес.  Жұмыстың ұжымдық, жеке және топтық формалары шығармашылық тапсырмаларды орындаудың әртүрлі кезеңдерінде белсенді қолданылады, бұл әр оқушының шығармашылық іс-әрекет тәжірибесін жинақтауын қамтамасыз етеді. Креативті ойлауды дамыту барысында мұғалім әртүрлі жаңа әдістерді және шығармашылық тапсырмаларды  қолдануы қажет.

Сабақ үрдісінде  постермен, интелект картамен жұмыс жасау, жұптық әңгіме құрастыру оқушылардың  шығармашылығын дамытуға негіз болады. Диалог барысында оқушылар баламалы түсініктер келтіреді, басқа адамның көзқарасын тұжырымдайды, өз ойын айтады, өз шешімін талдауға, саралауға мүмкіндік алады.

Математика пәні оқушылардың математикалық даму деңгейін қамтамасыз етіп қана қоймай, оқушылардың жалпы ақыл-ойының дамуына және шығармашылықпен жұмыс істеуге ықпал етеді. Бұл пәнде оқушылар есептер шығара отырып, әр тапсырмаға сыни ойланып жауап береді. Сабақта балалардың өмірлік тәжірибесінен, олардың тапқырлығын ескере отырып шешілетін есептерді беруге болады. Сонымен қатар «Визуалды айғақтар әдісі» бойынша топ оқушыларына  геометриялық фигуралар беру арқылы оқушылардың ойлау дағдысын және шығармашылық белсендігін дамытуға болады. Оқушыларды топқа бөліп, әр топқа сұрақтар тарату арқылы фигураларды пішініне, түсіне, көлеміне байланысты топтастыру. Осындай жұмыс түрлері оқушылардың логикалық, креативті ойлау және шығармашылық қызметін жетілдіреді. Мұғалім шығармашылық жұмысты ұйымдастыру барысында белсенді іс-әрекет көрсетеді.

Ол шығармашылықты ұйымдастыру барысында төмендегідей тапсырма  беруге болады:

  • бір кейіпкердің атынан хат жазу;
  • адамның психологиялық көңіл-күйін, кейіпкерлердің образын табиғаттың тылсым күштері арқылы көрсету, яғни сурет салу терапиясы;
  • ертегі, жұмбақ құрастыру;
  • тұрақты сөз тіркестері арқылы әңгіме құрастыру.

Қорыта айтқанда, шығармашылық- бұл адамның идеяларды қалыптастыруы, жаңа және стандартты емес шешім қабылдау қабілеті.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.Богоявленская Д.Б. Пути к творчеству / Новое в жизни, науке, технике. Сер. Педагогика и психология. – М.: Знание, 1981. – 96 с.

2.Давыдов В.В., Маркова А.К. Развитие мышления в школьном возрасте // Кн. Принцип развития в психологии. – М.: Наука, 1978. – 365 с.

3.Нағымжанова Қ.М. Болашақ мамандардың педагогикалық кретивтілігін дамытудың негіздері.-Өскемен: С.Аманжолов атындағы ШҚМУ баспасы, 2007.-223 с.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.