ЖАНСАЯ Қайыпова, СҚО білім басқармасының баспасөз хатшысы
Биылдан бастап «Ұстаз мәртебесі» заңына сәйкес енді мұғалімдер қауымы мен тәрбиешілерге едәуір жеңілдіктер беріледі. Солардың бірі, білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін азаматтар балаларын балабақшаға ешбір кезексіз орналастыра алады. Жалпы Петропавл қаласында қазіргі уақытта 6,5 мыңнан астам бүлдіршін мектепке дейінгі мекемелерге кезекте тұр. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 3,5 мыңға азайған. Және бір қуантарлығы балабақшаға кезекке тұру үшін әкімдікке барудың қажеті жоқ. Индиго сайтына кіріп, электронды түрде өтінім берсе болғаны. Және осы жылдың 15 мамырынан бастап аталмыш сайттан ата-аналар өздері қалаған балабақша туралы толық мәлімет ала-алады.
Және Петропавлда 2018 жылдан бастап мектепке дейінгі мекемелерге балаларға жолдама беру қызметі автоматтандырылды. Ата-аналарға ыңғайлы болу үшін 2019-2020 оқу жылында «ерте брондау» бөлімі енгізілді, оның көмегімен ата-аналар алдын ала балабақшалардан орын ала-алады. Бұрын мұндай жеңілдік тек әскери қызметшілерде ғана болатын.Енді мұғалімдер мен мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде жұмыс істейтін қызметкерлер Индиго 24kz сайтына кіріп, өзінің жеке кабинетінде жеңілдік мәртебесін растайтын құжатты және ЖСН көрсетсе болғаны. Балалары қалаған балабақшаға кезексіз қабылданады. Айта кетейік, бұл жеңілдік «Ұстаз мәртебесі» заңының аясында жасалып отыр. Қазіргі уақытта Петропавл балабақшаларында 1198 тәрбиеші, ал білім ордаларында 2000мыңнан астам мұғалім қызмет етеді.