Home » Мақалалар » ДӘСТҮРДЕН ТЫС ДІНДЕРДІҢ ДІН ТАРАТУДАҒЫ ТЕХНОЛОГИЯЛАРЫ МЕН ТӘСІЛДЕРІ

ДӘСТҮРДЕН ТЫС ДІНДЕРДІҢ ДІН ТАРАТУДАҒЫ ТЕХНОЛОГИЯЛАРЫ МЕН ТӘСІЛДЕРІ

Исмагамбетова З.Н., филос.ғ.д., профессор

Канагатов М.К. Әл Фараби ат. ҚазҰУ 1 курс докторанты, www.kaznu.kz

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына қадам басқан еркін ел Қазақстан, осы уақыт аралығында көптеген күрделі өзгерістер мен сындарлы шақтарды бастан кешіріп келді. Өз басына отау тігіп, іргелі мемлекет болу жолында саяси, экономикалық, әлеуметтік, рухани дамудың түрлі реформалары жасалып, жақсылы-жаманды жеткен жетістіктері де аз емес. Дей тұрғанмен, кейбір мүдделі топтар (сыртқы халықаралық деңгейде Қазақстанның дамып, өркендеуіне қарсы алпауыт күштерден бастап қара басының қамын күйіттеп ақша табу жолына түскен алаяқтарға дейін) өркениет сатысынан қалғысы келмеген Қазақстанды аяқтан шалып, етектен тартатын кездері де аз емес. Солардың бірі, дін атты рухани құндылықтың атын жамылып, сол құндылықпен айрандай ұйып отырған халыққа іріткі салуды көдейтін топтардың ел аумағында әрекет жасауы. Бұл әрекеттер әдетте дәстүрден тыс діни ағымдардың өкілдері тарапынан жүргізіліп, өзіндік бір мүддеге негізделіп құрылады. Ондай діни ағымдардың басты сипаттарының бірі миссионерлік болып, мақсаттары бойынша мынандай түрлерден құрылады:

  1. Саяси,
  2. Идеологиялық,
  3. Экономикалық.

Бұл мақсаттарлың әрқайсысы деңгейлері әртүрлі болса да, қоғам мен мемлекет тұрғысында қатерлі болып табылады. Саясат — билік пен өкім жүргізу үшін дінді құрал ретінде пайдаланғысы келсе, идеологиялық тұрғыда бейғам жатқан жұртқа діни араздық салып, олардың өзара қырқысқанын қамтамасыз ету белгілі бір мүдделі топ үшін тиімділіктерді жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Ал экономикалық мүдде, ХХ ғасырдың орта шенінде Америкада саентология шіркеуінің негізін қалаушы Р. Хаббард «егер байығың келсе дін ойлап тап» деп айтқандай – діннің атын жамылып, нарық заманында ақша мен пайда табуды білдіреді. Осы құбылыстардың алдын алу үшін зерттеу жұмыстарының нәтижесінде, дін атын жамылған кейбір кертартпа күштердің дін таратудағы технологиялары мен тәсілдерін сараптап көрейік.

  1. Дәстүрден тыс діни ағымдардың дін таратуының негізгі сатылары

Сананы манипуляциялау (сананы басқару) адамның еркін, оның санасын, ойын, сезімін басып-жаншып басқару. Топтан шығуға мүмкіндік беретін қаржылай, жеке және қоғамдық ресурстардан айырылып, құлға айналуы.

Сананы басқару әдістері адамның тұлғалық қасиеттерін физикалық (тойып тамақтанбау, ұйқы қанбау, ауыр жұмыс және т.б.), психикалық (тұлғаның өзіндік ерекшелігінің жойылуы, іс-әрекеттегі және ой-өрістегі сыни пікірдің болмауы), ақыл-парасат (дәстүрден тыс діни ағымдарға қатысы жоқ басқа білімдердің тұтасып бөлектенуі) және әлеуметтік (қарым-қатынас жасауға деген қабылеттің жойылуы, қоғамға қатысты дұшпандық қарым-қатынастың орнығуы) тұрғыдан жою арқылы жүзеге асырылады.

Дәстүрден тыс діни ағымдардың дін таратуының негізгі сатылары төрт бөлімнен құралады және әр кезеңнің шартты түрде өзінің мақсаты, психологиялық әдіс-тәсілдері болады :

  1. Өз қатарларына тарту.

Қамқорлық көрсету, көңіл бөлу, курделі сұрақтарға қарапайым, әрі түсінікті  және қызықтырып жауап беру (өмір, өлім, ауру және т.б.). Көптеген уәделерді (бақытқа кенелу, бостандық, білім және т.б.) үйіп-төгіп бере отырып, сыртқы әлемнің қатыгездігіне қарсы қояды.

  1. Сыни ойлауды және тұлғалық сананы бейтараптандыру.

«Рухани» және физикалық жаттығуларды орындау арқылы ізгілікке қол жеткізу мүмкіндігін айту арқылы бос уақыт қалдырмай адамды қажытады (ұзақ жұмыс күні, дәрістер, үйлерге, қоғамдық орындарға бару (дін тарту үшін), медитация, құлшылықтар атқару, қаржы жинау (садақа), дұрыс тамақтанбау, ұйқы қанбау, ойланып, адамның өзіне-өзі есеп беруіне, сыни ой қадыптастыруға кедергі келтіреді).

Медитация, монотонды әуендер, қайталанатын әрекеттер оларды жиі қолданған сәтте ойлау процессін баяулатып, жоғары деңгейдегі өздерін сендіруге алып келеді. Сөйлеу мәнері мен сөздерді қолдану өзгеріске ұшырап сыртқы әлемнен оқшауланады.

  1. Сыртқы әлеуметтік қатынастарды тоқтату.

Сыртқы әлеммен қатынас шекарасы нақты белгіленеді (ол құру мен құлдырау ортасы ретінде сипатталады):
Медицина – пайдасыз;
Психиатрия – қауіпті;
Басқа діндер – далған адастырушы;
Саясат – ескінің сарқыншағы;
Отбасы мен мемлекет – құтқарылуға кедергі келтіруші және т.б. саналып осы діни ағым мүшелері олардан тәуелсіз саналады.
Осы саты барысында ең алдымен терістелетіні ол адамның өзі қоршаған ортасы, отбасысы, туыстыраы мен жақын достары (діни сенімді ұстанбағаны үшін ата-ананы дінсіз деп танып одан жеріну, діни кемелденуге кедергі келтіреді деп бала-шағасынан, жақындарынан бас тарту және т.б.)
Сыртқы әлемді нақты екі полиске, ақ пен қара, зұлымдық пен жақсылық, дос пен дұшпандеп ажырату арқылы өзінің сеніміндегіні дос тұтып, сенімдегі емес басқаларды дұшпан қылуға бағдар беру жүргізіледі.
Сырттан келетін барлық ақпарат терістеліп, күмәнға ұшырайды. Барлық сектаны терәістейтіндер қараланып, қауіпті саналады. Адам осыған дейінгі барлық құндылықтардан ажыратылады (отбасы, достары, ұлты, дәстүрі, сенімі, мемлекеттік ұстанымы және т.б.).

  1. Қоғамға қайта оралудың мүмкін еместігі. Қайтар жол жоқ!!!

Адамның бүтіндей алғанда діни ағымға тәуелді болып қалуы. Қатаң тәртіп арқылы, ашық және сенім тұрғысынан қатерлер төндіру арқылы, жазалау мен марапаттау жолымен, әрдайымғы кінәлілік пен қорқыныш сезімі арқылы адамдарды басқаруы, сыртқы әлемнен оқшаулануымен топ алдындағы күнәлілік жауапкершілігі, өзінің түкке тұрғысыздығын сезіну олардыңсол сенімде қалып, қатарда жүруін қамтамасыз етеді.
Бақыт, бостандық, байлық пен білім егер адам сол жолда қалса, уақытша зардабын шексе сөзсіз болатындығын уәде етеді. Әне міне деп сағым тәрізді сенімге адамдарды байлап қояды.
Осындай 4 кезең барысында адам санасын улап, секталық сенімге адамдарды байлап қояды.

  1. Дәстүрден тыс діни ағымдардың дінге тарту технологиялары

Жоғарыда көрсетілген дінге кіргізу сатыларының барысында діни ағымды таратушылар өз тарапынан әртүрлі технологияларды, сананы өзгертудің, оны басқарудың нешеме түрлі әдістерін қолданады.

  1. Нейролингвистикалық бағдарламалау. Әртүрлі әдебиеттер, брошюралар, дәрістер, видеолар барысында адам санасына ақпаратты тікелей бейсаналық тұрғысынан жеткізуге бағытталған тәсілдер.
  2. Психологиялық тренингтік әдістер. Дәріс барысында адам санасын ауыспалы күйге түсыретін әртүрлі психологиялық тренингтік әдістерді қолдану.
  3. Трансқа енгізу. Әртүрлі діни ритуалдар, топтық діни рәсімдер, ритмдік музыка, өлең айтулар және т.б. арқылы адамның есін аудару.
  4. Гипноз жасау. Арнайы дайындалған адамдар діни үгіт жасау барысында дамдарды гипнозға кіргізу арқылы, олардың саналық еркін басқаруға мүмкіндік алуы.
  5. 25 қадр технологиясы, бір мезеттік жарқ еткен көрініс арқылы адамдардың бейсаналық қызығушылығын ояту.

Сонымен қатар адамдардың санасын басқаруға, олардың сыни ойлау мүмкіндіктерін азайту үшін діни үгіт-насихат жүргізу барысында әртірлі психотропты өнімдерді пайдаалану жүргізіледі (аэрозоль түріндегі ауаға себу, суға немесе тағамға есірткілік заттар қосу, түрлі тәттілік өнімдерге психотропты заттарды араластыру және т.б.)

2011 жылдан бастап діни бірлестіктерге қатысты ҚР заңы түбегейлі өзгеріп, діни ағымдарға байланысты талаптар күшейтілгеннен кейін, қайта тіркеуден өтпеген көптеген діни ағымдар өздерінің қызмет ету бағдарын басқа арнаға өзгертті. Олар енді дін таратудың басқа жолдарын қарастыра отырып,

  • психологиялық сауықтыру орталықтарына;
  • маскүнемдік пен есірткіліктен сауықтыру ұйымдарына;
  • тіл үйрету курстарына;
  • Әртүрлі семинар –тренингер өткізетін бизнес курстарға;
  • Жазғы лагерлерге және т.б. қоғамдық немесе қайырымдылық орталықтарына айнала бастады.

Жоғарыда көрсетілген қысқаша ақпараттардың көмегімен, адам өмірі мен мүлкіне құрылған қақпанның шырмауын танып білуге және құтылу амалдарын жасауға мүмкіндік болады. Адамның өзіндік болмысын нығайтуы мен таным кеңістігін ұлғайтуы арқылы бұндай кертартпа әрекеттерден сақтануға болады, ол үшін адамның көзі ашық, көкірегі ояу болғаны абзал.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.