Home » Мақалалар » Жаңартылған білім берудің ерекшелігі

Жаңартылған білім берудің ерекшелігі

Абдрахман Бибигуль Тулегеновна
Алматы қаласы Жетісу ауданы
№118 мектеп-гимназиясының
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

 Бүгінгі таңда елімізде білім беру мазмұны жаңа бағытқа бет бұрды. Тұңғыш Елбасы  Н.Назарбаев өз сөзінде: «Біз қазір «білім-ғылым-инновация» атты үштік үстемдік құратын постиндустриялық әлемге қарай бағыт алып барамыз»,-деген болатын. Ендеше, еліміздің әлемдік үрдістерге енуі білім беру  жүйесінің жаңа сапалық деңгейге өту қажеттілігін арттыруда екені түсінікті.

Қазақстан 2030 стратегиялық бағдарламасы білім берудің ұлттық моделінің қалыптасуымен және Қазақстанның білім беру жүйесін әлемдік білім беру кеңістігіне кіріктірумен сипатталады. Қазіргі таңда қазақ тілі- мемлекеттік тіл, қарым-қатынас тілі-орыс тілі және ағылшын тілі –әлемдік кеңістікті тану тілін оқытуда жаңа идеяларды әр сабақта жан-жақты қолданып, жаңаша оқытудың тиімді жолдарын тауып, жүйелі түрде қолдану-заман талабы болып отыр. Оқытудың парагдимасы өзгерді. Білім берудің мазмұны жаңарып, жаңаша көзқарас пайда болды. Білім беру бағдарламасының негізгі мақсаты-білім мазмұнының жаңаруымен қатар, оқытудың әдіс-тәсілдері мен әр түрлі құралдарын қолданудың тиімділігін арттыруды талап етеді. Негізінен жаңартылған білім жүйесі құзіреттілікке және сапаға бағытталған бағдарлама. Жаңартылған білім берудің маңыздылығы-білім алушы тұлғасының үйлесімді ордасын құра отырып, сын тұрғысынан ойлау, зерттеу жұмыстарын жүргізу, тәжірибе жасау, АКТ-ны қолдану, коммуникативті қарым-қатынасқа түсу, жеке, жұппен, топта жұмыс жасай білу, фунционалды сауаттылықты арттырудың тиімді әдіс-тәсілдерін қолдану. Жаңартылған білім берудің ерекшелігі спиральді қағидатпен берілуі. «Жұмыстау негізіне баланың бұрынғы өз тәжірибесі перне қоры, мағлұматы салынып, дәл айтқанда, балаға танымал жақын нәрседен басталғаны абзал. (Ж.Аймауытұлы, 1929 жыл) айтқан пікірін Джером Брунер «жаңа білім алдыңғы біліммен тығыз байланысты және бұған дейін алынған ақпарат тұрғысынан қарастырылады» деп «Білім беру үдерісі» (1960) атты еңбегінде жазған.

Әр мұғалімнің алдындағы мұраты, ең қасиетті міндеті – рухани бай, жан – жақты дамыған жеке – дарынды тұлғаны қалыптастыру және өз пәнінен білім беріп қана қоймай, әр баланың мүмкіндігін ашу, оны шығармашылық тұлғаға жетелеу. Осы мақсатта жүзеге асыру барысында оқу тәрбие үрдісінің өзегі – жаңа технологиялар екені мәлім. Қазақстан Республикасының “Білім туралы” заңына сәйкес “Әр баланың жеке қабілетіне қарай интеллектуалдық дамуы, жеке адамның дарындылығын, талантын, қабілетін дамыту” сияқты өзекті мәселелер енгізіліп отырғаны белгілі. Өйткені ғылым мен техниканы, өндірісті әлемдік деңгейде дамыту үшін елімізге шығармашылықпен жұмыс жасайтын білімді, жоғарғы дайындығы бар білікті мамандар қажет. Бүгінгі таңда, балалардың қабілеттерін жоғарғы деңгейде қанағаттандыратындай білім беру, көптеген өркениетті елдерде саралап оқыту принципінің негізінде одан әрі дамытылуда. Ол Франция, Америка, Германия, Англия, Жапония т.б. елдердің білім беру жүйесінде қазір жоғарғы деңгейде жүргізілуде.Қоғамымыздың қазіргі даму кезеңі мектептегі білім беру жүйесінің алдына оқыту үрдісін технологияландыру мәселесін қойып отыр. Осындай табиғи сұраныстарға орай оқытудың әртүрлі технологиялары жасалып, мектеп тәжірибесіне енгізілуде. Мәселен, академик В.И.Монаховтың технологиясы, В.К.Дьяченконың ұжымдық оқыту әдісі, М.М.Жанпейсованың оқытудың модельді технологиясы және Ж.А.Қараевтың білім беру жүйесін ақпараттандырумен қатар білім алушылардың өскелең оқу тәрбие үрдісін түгелдей терең дараландырып жаңаша білім алуына, өздігінен іздену сезімін ояту, дарындылық пен талапқа жол ашуға бағытталған технологияларын атап көрсетуге болады. Олай болса, оқытушы педагогикалық ізденіспен озық технологиялардың әдіс – тәсілдерін аса жоғары талғаммен қолдана білуі тиіс. Білім алушылар алған білімдерімен келешекте белгілі бір мәдени ортада өмір сүруі үшін, яғни тез бейімделе алуы арқылы функционалдық сауаттылыққа қол жеткізеді.

«Сабақ беру – үйреншікті жай шеберлік емес, ол үнемі жаңаны табатын өнер» – деп Ж.Аймауытов айтқандай ұстаз әрқашан сабақты қызықты етіп, түрлендіріп өткізіп отыруы тиіс. Сонда білім алушылардың пәнге қызығушылығы артып, өз беттерінше ізденіске ұмтылады. Сабақ өз нәтижесінде өтілетін болса балалардың сабаққа ынтасы өзгереді. Қызықты ақпараттарды өз бетінше ізденіп, ой бөлісуге асығады. Білім алушының өз бетінше ізденуі, көп мәліметтер жинақтауы өзіне сенімділік ұялатып, ойын еркін жеткізуге мүмкіндік береді.

Қазақ тілі мен әдебиеті пәні сабағы жас ұрпақ бойына адамгершілік,ізгілік қасиеттерді қалыптастыруды жетілдіре түсудің бірден-бір басты құралы. Ана тілін оқып-үйрену арқылы олар Қазақстанның мәртебесін көтере туған халқының өткені мен бүгіні, болашағы жайында мол мағлұматтар ала отырып, танымдық, тәрбиелік, білім-дағдыны үйренері хақ. Өтілетін әр сабақ белгілі бір мақсатқа құралған,оқушы танымы мен дүниетанымын қалыптастыра отырып шығармашылыққа баулуы тиіс. Ол үшін мұғалім күнделікті сабаққа жете ізденіп, жаңа технологияны шебер пайдаланса, сабақ өз мақсатына жеткен шығармашылыққа бағдарланған, оқушы дүниетанмын байытатын бірден-бір сабақ болар еді. Қай сабақ болмасын «мынау оның білімдік жағы, мынау тәрбиелік жағы» деп бөліп жаруға болмайды. Себебі,білім мен тәрбие — әркез егіз үрдіс. Шебер мұғалім осы екі қасиетті оқушы бойына дарыта оқыта отырып, оқыту әдісін, жаттықтыру жұмысын, қолданылатын көрнекілік түрлерін оқушының жас ерекшелігін ескере отырып, қабілеті мен ынтасына қарай таңдай білсе, өзі көздеген мақсатына жетеді.

Сабақ беру үрдісінде оқушыны шығармашылыққа баулудың маңызы ерекше. Шығармашылық- өздігінен еңбектенудің, ізденудің жолы. Әр тақырып бойынша жүргізген жұмыс нәтижесі оқушының тиянақты ойлай, сөзді нақты жеткізе білуге үйретеді.

Бүгінгі білім берудің басты нысаны әлемдік білім кеңістігіне кіру. Алғы шарт бүгінгі қоғамға лайықты білікті де білгір азамат тәрбиелеу. Оқушы біліктілігін арттыру қазіргі оқыту үрдісі мазмұнының басты нысанасы. Түрлі пәндер бойынша берілетін білім мазмұнының меңгерілуі, сол білімді пайдалану арқылы оқушының өмірлік дағдысы мен іскерлігі өлшенеді, ендігі жерде білімнің сапасы нәтижеге бағытталады.Іскерлік қатынасты көтеру мақсат етіледі. Осыдан қазіргі білім беру жүйесіндегі құзыреттілік (біліктілік) ұғымы туындайды. Нәтижеге бағытталған білімді пәндік құзыреттілік тұрғысынан зерделесек, біз адамға тыңдау, түсіну, ойлау, пайымдау, тұжырымдау, пікірлесу сияқты тілдік коммуникативтік біліктіліктерді оқушының өмірлік қажеттілігіне айналдыруы үшін әдебиеттің маңызы зор екеніне көз жеткіземіз. Әдеби білім алған оқушы әдебиетті пән ретінде ғана біліп қоймайды, сол пәндік білім негізінде болмысты танып біледі, одан ақпараттық мағлұматтар алады, эмоциялық құндылық болып табылатын адами қасиеттерді бойына сіңіре отырып, мәдениетті, салауатты қарым-қатынасқа түседі, әдебиеттің жетекші қызметінің жүзеге асырылуына жол ашады.Бұл ретте көркем шығарманы дүниетанымдық, әлеуметтік, тәрбиелік бірлікте қарастырудың мәні артады, әдебиетті ұлттық құндылық ретінде оқыту қажеттілігі туындайды. Сөз өнерінің негізінде оқушының дербес шығармалық қабілетін, ұшқыр, шешен сөйлеу шеберлігін дамыту үшін әдеби білім мазмұны көркемдік сипатқа құрылып, оқушы біліктілігін арттыруға негіз болады, сол себепті нәтижеге бағытталған білім моделі бойынша әр пәннен берілетін білім мазмұны мектептің барлық сатыларында нақты көрініс тауып, оқушылардың білімдік құзыреттілікті меңгеруін қадағалайды. Құзыреттілік ұғымы – оқушының белгілі бір кешенді іс-әрекетті орындай алу қабілетін жетілдіруге бағыттала отырып, оқыту жүйесіне қызмет етеді. Қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарында бала бойында жалпы білім дағдысы мен білігін қалыптастыру мәселесі қаралады. Жалпы оқудың білігі мен дағдысын жан-жақты қалыптастырудың маңызы зор екені белгілі.Оқушы бойында білім негіздерін қалыптастыру үшін оның біліктілігін, дағдысын тұрақтандырып, белгілі арнаға түсірмейінше, нәтижеге қол жеткізу мүмкін емес. Оқушы белгілі мәліметті қабылдаушы ғана емес, сонымен бірге терең ой иесі. Ол дербес ойланып, дәлелдер келтіруіне сабақ барысында түрлі әдістер арқылы қолайлы жағдай жасауға тырысамын. Айталық, «Атаулар көмегімен болжау жасау», «Елеспен жетелеу», стратегиялары оқушының  шығармашылық қабілетін ұштауға өте тиімді. «Ой қозғау», «Болжау» әдістерін оқушының ой ұшқырлығын бақылауда, стандартты емес шешім жасауда тиімді пайдалану жөн.

Қорыта келе, Міржақып Дулатовтың «Жалғыз сүйеніш, жалғыз үміт – оқуда. Теңдікке жетсек те, жұрттығымызды сақтасақ та, дүниедегі сыбағалы орнымызды алсақ та, бір ғана оқудың арқасында аламыз. Жақсылыққа бастайтын жарқын жұлдыз – оқу. Надан жұрттың күні – қараң, келешегі – тұман». Өркениетті дамудың өзегі білім, ғылым, тәрбие екендігіне ешкімнің таласы жоқ. Кезінде ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Мұғалім қандай болса,мектеп һәм сондай болмақшы, яғни ұстаз білімді болса, ол мектептен балалар көбірек білім алып шыкпақшы.Солай болған соң, ең әуелі мектепке керегі – білімді, педагогика,методикадан хабардар, жақсы оқыта білетін ұстаз» – деп айтқан болатын XXI ғасыр – ғылым ғасыры. Мақсатты білім беру – тұлға дамуын жүзеге асыратын мәселе. Ал осы жалпы еуропалық стандартқа сай жаңа білім беру – жеке тұлғаның жан-жақты дамуына әкелетін бірден-бір жол.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Мұғалімге арналған нұсқаулық Бірінші (ілгері) деңгей. 2014.
  2. ҚР орта білім мазмұнын жаңарту еңберінде қазақ тілінде оқытатын мектептердегі бастауыш сынып пәндері бойынша педагогика кадрларының біліктілігін арттыру курсының білім беру бағдарламасы. 2016.
  3. «Тәжірибедегі рефлексия» жалпы білім беретін мектептердегі педагогика кадрларының кәсіби даму бағдарламасы Тренерге арналған нұсқаулық. 2016.
  4. Р.М.Айтмамбетова «Жаңашыл педагогтар идеялары мен тәжірибелері» Алматы 1985

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.