Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасының,
Түркістан облысының, Мақтаарал ауданы,
Т.Әубәкіров атындағы жалпы орта мектебінің
тарих пәні мұғалімі
Алибекова Тарбия Кантургановна
Ясауидің рухани мұрасы – халқымыздың ғасырлар бойы маңызын жоймайтын рухани қазынасы.Ясауиді тану,насихаттау, оқыту – қоғамдық ой-санада тың серпілістер туғызып, мақсаткерлікке жұмылдырады.Заман, уақыт талабына орай ғұлама Ясауиді жаңа қырынан тануға байламдар жасалуы – заңдылық.Әрбір қоғам өзінің даму барысында зиялы қайраткерлерінің педагогикалық ақыл-ойын,тәлім-тәрбиелік тәжірибесін зерделеп,заман талаптарына сай жетілдіріп пайдаланып отырған.Қазір ғылым дәстүрлі педагогиканың бастауы деп санаған орта ғасырлық ұлы ғұлама-ғалым ойшылдар — Әл-Фараби,А.Ясауи, М.Қашқари, Ж.Баласағұни, М.Х.Дулати т.б. тарихи мұраларындағы педагогикалық ой-пікірлері ұлттық тәлім-тәрбиенің мазмұнын кеңейтіп,келешек жас өскелең ұрпақтарды елжандылыққа,патриоттық рухта тәрбиелеуде тірек болуда.Ортағасырлық ғұламалардың тәлім-тәрбиелік идеялармен сусындаған Ы.Алтынсарин, Ш.Уалиханов,А.Құнанбаев сынды демократ,педагог,ағартушылар өзінің философиялық ойларымен Қазақ халқының тәлім-тәрбиелік құндылықтарының жаңа деңгейге көтерілуіне ықпал жасағанын білеміз.Түркі дүниесінде бүкіл рухани адамгершілік,тәлім-тәрбиелік ой-пікірлерімен аса көрнекті ғұлама,ақын,сопылық мектеп әдебиеті жолының негізгі ірге тасын қалаушы Қожа Ахмет Ясауидің есімінің алар орны ерекше.Қ.А.Ясауи — өз дәуірінің әдеби-мәдени өмірінде өшпес із қалдырып,өзі айтқандай: «Ақиқатқа апаратын жол бастаушы – Білімнің иесі»- бола алды.Қ.А.Ясауи өзінің бүкіл жарқын қабілетімен күш жігерін түркі халқына, келешек жас өскелең ұрпақтың тәлім-тәрбиесіне жұмсаған ғұлама.Ясауидің ілімі күні бүгінге дейін өз маңызын жоймай келуде.
Қ.А.Ясауи шығармашылығындағы тәлім-тәрбиелік идеялардың жүйеленбеуінен жалпы білім беретін мектептердің оқу-тәрбие үрдісіне өз дәрежесінде қолданылмауы байқалады.Жас ұрпақты Ясауи мұрасымен сусындату бағдарлама мақсатын айқындайды.Ресей империясы мен Кеңестік кезеңде ортағасырлық ғұламалар мұралары «жабық тақырып» болып келді.Осының салдарынан Ясауи еңбектерінің қолжазбалары шетелдердің мұрағатында сақталғанмен,Қазақстанға жетпеді.Орта мектептің Қазақстан тарихы пән оқулықтарында Ясауи мұралары туралы мәліметтер тапшы.Қ.А.Ясауиге қатысты тарихи білім мазмұны жалпы тақырыптарда қосалқы дерек ретінде оқытылып келеді.Сондықтан сыныптан тыс жұмыстар мен арнайы факультатив курстар бағдарламалары және пәнаралық байланыс негізінде Ясауидің өнегелі өмірі мен мәдени мол мұрасын пайдаланып, оқушыларды адамгершілік пен имандылыққа, отансүйгіштікке, елжандылыққа тәрбиелеу мен шәкірттерінің бойына көрнекті тұлғаның ізгі қасиеттерін сіңіруде ұстаздар еңбегі зор үлес қосады.
Ясауи ілімі — дәстүрлі түркілік дүниетаным мен ислам өркениеті арасындағы үйлесімдікті қамтамасыз еткен сара жол.Насихаттың мақсаты да сенімді уағыздай отырып, ахлақты түзету мен тәрбиелеуге саяды. Рухани тәрбиені дінсіз елестету мүмкін емес. Әсіресе өмірлік ұстанымдары қалыптаспаған, толқымалы, ауытқымалы психологиялық кезеңдегі жас буын үшін діни-рухани тәрбиенің маңызы өлшеусіз. Ясауи ілімінде шыншылдық пен әділдік үшін ғұмыр кешу халыққа қызмет етумен байланыстырылады.
Көрнекті ғұлама ғалымның танымдық мәні орасан зор рухани — адамгершілік туындыларын баға жетпес құнды мұра ретінде туған жерге,тілге,Отанға деген сүйіспеншілік, ұлттық салт-дәстүрді,әдет-ғұрып пен наным-сенімді құрметтеу,ананы қастерлеу,қыз баланы құрметтеу,адамдарды сүю, ғылымды ардақтау,ас пен іске құрметпен қарау сияқты тәлім-тәрбие тақырыбына жазған хикметтеріндегі ойлары мен көзқарастарын жас ұрпақты тәрбиелеу ісіне пайдаланудың маңызы өте ерекше.
Қазақстанның түркі әлемінің бесігіне айналуы — Алтайдан Еділге дейін түркі тайпаларының иелену кезеңімен байланысты.Бұл кезеңде ортағасырлық мемлекеттер бірін-бірі алмастырып,Қазақстанның саяси,мәдени және экономикалық өмірінде терең із қалдырды.Түрік қағанатының Византия империясымен терезесін тең ұстауы,Қытай,Үндістан және Таяу шығыс елдерімен сауда байланысын орнатуымен Ұлы Жібек жолының маңызы арта түскені белгілі.Өз кезегінде Ұлы Жібек жолы ұлы даламызда қала мәдениетінің дамуына үлес қосты.Отырар қаласы әлемдік өркениеттің ұлы ойшылы – Әбу Насыр Әл-Фарабиді дүниеге әкелсе,түркі халықтарының рухани көсемі Қожа Ахмет Ясауи Түркістан қаласында ілім таратқан.Қазақ жерінен шыққан даналар қатарын М.Қашқари, Ж.Баласағұни,М.Х.Дулати, Қ.Жалайыри, Ахмет Иүгінеки, Абай,Шоқан,Ыбырайлар толықыра түскені анық.
Ясауитану — қазақ тарихы ғылымының бір саласы.Халқымыздың рухани мәдениеті саласында терең із қалдырған Ясауи ілімін зерттеу – ұлтымыздың түп негізін тану болып табылады.Жалпы дәстүрлі исламның қазақ даласындағы тарихи негіздері қандай? – «Дәстүрлі ислам», «дәстүрлі қазақ мұсылмандығы» деген ұғымдардың негізсіз еместігіне дәлел бола алатын екі салада қайнар көз бар: Біріншісі – ислам ілімін жетік меңгеріп, қазақы дүниетаныммен астастыра білген, қазақы мұсылмандыққа негіз болған бірегей ілімдер қалыптастырған ұлтымыздың көрнекті тұлғаларының еңбектері; екіншісі – халқымыздың діни танымын, рухани құндылықтары мен ұстанымдарын танытатын шығармашылық мұралары (ауызша шежірелер, мақал-мәтел, жыр-аңыз, салт-дәстүр, ырым-тыйымдары).
Ұлы тұлғалар үндестігі.Ясауи хикметтерімен қазақ ғұламалары шығармаларының сабақтастығы.
«Біздің рухани тірелер жеріміз – Ясауи,гуманистік тірегіміз – Абай,ал патриоттық тәрбие жайы сөз болғанда, Бауыржан Момышұлының батыр тұлғасына жүгінеміз» Н.Ә.Назарбаев.
Басқа мұсылман халықтарының әдебиеті сияқты, түркі халықтарының әдебиетінде, соның ішінде ақындардың өлең-жырлары Алла тарапынан түсірілген қасиетті кітабымыз Құран мен хадис құндылықтарынан тамыр алып, байланысып жататын сарын бар.Поэзиядағы мінәжат жанрдың бастауы тереңде.Бұл жанрдың қалыптасуына Х-ғасырдағы Қарахан мемлекетінің Ислам дінін мемлекеттік дін ретінде қабылдауының ықпалы зор болды. Соның әсерінен ХІ-ХІІ ғасырлардың төл перзенттері әдебиет майданындағы Ислам насихатын алып келді. Жүсіп Хас Қажыб Баласағұни “Құтадғу білік” атты дастанында “Аллаһ атымен бастадым сөз әлібін, жарылқаған, жаратқан бір тәңірім!”, − деп Алланы қалтқысыз мойындап,оған ғана бас ұрады. Осы тектес Махмұд Қашқари, Әдиб Ахмед ибн Махмұд (Ахмет Иүгінеки) сынды ғұламалардың салған ізін жыраулар жалғастырды. Асан қайғы, Қазтуған, Шалкиіз, Доспамбет, Жиембет, Бұқар, Үмбетей жыраулар құран мен хадис құндылықтарын өлең тіліне айналдырып, халық кәдесіне жарайтын сүбелі жыр-толғаулар қалдырды. «Зар заман ақындарының» жырларында бұл сарынның бояуы қанық болды. Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбай ұлы, Ақмолла Мұқамедияр ұлы, Базар жырау Оңдасын ұлы, Шәңгерей Сейіткерей ұлы, Шәкәрім Құдайберді ұлы, Нұржан Наушабай ұлы, Мәшһүр Жүсіп Көпей ұлы, Әсет Найманбай ұлы, Мұхаметжан Сералин, Ахмет Байтұрсын ұлы, Ғұмар Қараш ұлы, Тұрмағамбет Ізтілеу, Міржақып Дулат ұлы өлеңдері де осы сарынды қамтып, исламдық құндылықтарды жоғары бағалап, имансыздықты қатты сынға алды. ХХ- ғасырдың 35-40 жылдарынан бастап бұл тақырыпта жазылған шығармалар жоқтың қасы. Тіпті бұл әдебиет тарихында зерттелген жоқ. Бұған сол замандағы саяси жүйе мүмкіндік бермеген еді.
Адам қанша жерден діндар, тақуа болса да оған ең алдымен иман керек. Бұған Абай Құнанбаевтың: «Имансыздың сыртын қанша жусаң да, іші оңбайды», – деген сөзі дәлел. Қожа Ахмет Ясауи бабамыз да:«Ең алдымен иманды түзеу арқылы адамды, сосын ортаны,содан кейін заманды түзетуге болады», – деп, иманды алғашқы орынға қояды.Иманы, ары, адамгершілігі бар адам ешқашан да опасыздық жасамақ емес.Отанды сүю шынайы иманнан көрініс табады.
Абайдың діни көзқарастарына Қ.А.Ясауи ілімінің әсері.
Қ.А.Ясауи шығармашылығы түркі-мұсылман әлеміне кеңінен танылып,хикмет жазу дәстүрге айналды.Абайдың мына өлеңіне назар аударсақ,көтерілген тақырып Ясауи хикметтерімен үндесіп келеді:
Алланың өзіде рас,сөзі де рас,
Рас сөз ешуақытта жалған боламас.
Көп кітап келді Алладан, оның төрті,
Алланы танытуға сөз айырмас…
Руза,намаз,зекет,хаж – талассыз іс,
Жақсы болсаң,жақсы тұт бәрін тегіс…
Ясауидің даналығы мен Абайдың өлең жолдарының сөз орамдары өзара ұқсас болып келеді.Мәселен,Абайдың «Патша құдай,сыйындым» өлеңінде:
Патша құдай,сыйындым,
Тура баста өзіңе . . .
. . . О да — құдай пендесі,
Түспей кетер деймісің,
Тәңірінің құрған тезіне? – деген жолдар Ясауидің 6 – хикметіне сәйкес келеді:
Иә, алла, құдіретіңе сыр ағыттым,
Сыйынып патша құдай келдім саған,
Тәубе қып,күнәм үшін құр ағыттым,
Сыйынып,патша құдай, келдім саған:
Ясауидің өлең жолдарында «Сыйынып,патша құдай, келдім саған» деп берілсе,Абай өлеңінде бастауыш пен баяндауыштың орнын ауыстыра отырып,»Патша құдай,сыйындым» деп берілген.
Абайдың діни көзқарастарын жинақтаған «Қарасөздері»
Ислам ілімін жетік меңгеріп, қазақы дүниетаныммен астастыра білген көзқарастар қазақ жыраулар поэзиясы арқылы ХІХ ғасырдағы ірі ақындық мектебінің жалғасы.Сол ақындық мектептің көрнекті өкілі Абайдың діни көзқарастарын жинақтаған «Қарасөздері» де қазақ топырағындағы біртұтас рухани ілімдер мен орныққан көзқарастар жүйесінің заңды жалғасы болып табылады.Абай «қара сөздердің» отыз сегізінші сөзінде Ясауиден тікелей көшкен тарихат жолдары белгі беріп тұр.Олар: тәубашылдық, ғибадатшылдық, сабырлық, шүкірлік, ғаріптік, махаббат, сүйіспеншілік, ғылым жолымен жүру және т.б. Осы түсініктердің бәрін талдай келе, Абай әсіресе, махаббаттың мәніне ерекше тоқталады. «Махаббат – әуелі адамның адамдығы, ғылым, ақыл деген нәрселерменен, талап, ұғым махаббаттан шығады. Ғылым – Алланың бір сипаты, ол хақиқат, оған ғашықтың өзі де хақлық, Һәм адамдық тұр»
Шоқан Уәлихановтың діни – танымдық зерттеулері.
Шоқан ислам дінінің тарихы, исламның қазақ жерінде таралуы мен орнығуы,ислам дінінің халық дүниетанымында, əдет-ғұрпында, тұрмыс салтында алатын орны туралы, ғылыми негізде зерттеулер жүргізген. Шоқан дінтанушы және исламтанушы маман ретінде отандық дінтану ғылымының негізін қалаушы ғалым ретінде Г.Потанинге жазған хатында:«Мен өз халқыма қызмет еткім келеді,ол үшін мұсылман болуым керек»,-деген болатын.
Философ-ғалым О.Сегізбаев: «Шоқанның ислам дінінің тарихы мен ілімінің шынайы білгірі болғанына еш күмән жоқ және ислам ілімінің мәні мен даму тарихын өзіндік көзқараспен зерделеген,оның ислам мәселелеріне қатысты мақалалары мен шығармаларынан байқалады»
Ыбырай және ислам діні
Қостанай өңірінде дүниеге келіп, әкесінен ерте айырылған Ыбырай Алтынсарин қазақтың қамын ойлаған ұлы тұлғаның бірі әрі аса көрнекті ағартушы-педагог, жазушы, этнограф, фольклоршы болып, ел жадында есімі сақталды. Азан шақырып қойған шын аты – Ибраһим.
Ол нағашы атасы, Торғай өңіріне белгілі Балғожа бидің тәрбиесінде өсті. Атасы немересінің біліммен сусындап, ертеңгі күні елге қызмет етсе екен деген мақсатпен 1850 жылы Орынборда ашылған орыс-қазақ мектебіне оқуға береді. Оқуда жүрген немересіне Балғожа атасы өзінің аман-саулығын өлең жолдарымен білдіріп:
«Үміт еткен көзімнің нұры балам,
Жаныңа жәрдем берсін Хақ тағалам.
Атаң мұнда анаңмен есен-аман
Сүйініп сәлем жазды бүгін саған», — деп жазған екен.
Атасынан алған тәрбие мен қаннан дарыған ақындық ер жете келе Ыбырайды биікке шығарды. «Кел, балалар, оқылық!» деген өлеңі талай қазақ баласының көкірегін оятып, ғылым-білімге үндегені аян. Осы өлең жолының басы «Бір Аллаға сыйынып» деп басталып, «Кел, балалар оқылық!» деп жалғасын табуының өзі ақиқатты аңғартып тұрғандай.Ұлы ұстазды еске алғанда, кімнің болса да ойына, бала кезімізде бәріміздің жаттап өскен:
Бір құдайға сиынып,
Кел, балалар, оқылық.
Оқығанды көңілге,
Ықыласпен тоқылық.
Істің болар қайыры,
Бастасаңыз алдалап…
Оқу білген таниды,
Бір жаратқан құдайды.
Танымаған құдайды,
Неғылғанда ұнайды… деп, қазақ баласын оқуға, білімге шақырған жолдары келеді.
Ыбырай Алтынсариннің »Мұсылманшылықтың тұтқасы» («Шариат-ул ислам» еңбегінде ислам дінінің бес парызынан да бұрын, ең басты көңіл бөлетіні, жүрекке байлайтыны – «иман» деген.
Ы.Алтынсарин қазақ балаларына христиан дінін зорлап үйретушілерге үзілді-кесілді қарсы болды.Сондай-ақ, мектептерде дін сабағының өту мүмкіндігін пайдаланып, қазақ балаларының діни-танымын дұрыс қалыптсатыру әрі жастардың дін жөніндегі түсініктері теріс бағытқа кетпеуі үшін «Мұсылманшылдықтың тұтқасы» («Шариятул-ислам») атты оқулық жазып, 1883 жылы Қазан қаласында бастырған. Кітаптың кіріспе сөзінде Ы.Алтынсарин: «Ей, дін-қарындастарымыз, бізге ең әуелі керегірек іс – сол, әуелі білмек керек немен мұсылман болатынымызды.Мумин мұсылманның мұсылман аталуы құр мұсылман киімін киіп, мұсылман арасында жүргеннен емес. Әуелі иманды болып, ол иман деген не екеніне түсініп, түсінген соң сол иман ішіндегі сөздерді шексіз шын көңілмен дұрыс деп білген кісіні мұсылман деп атайды. Соның үшін Құдай тағаланың пенделеріне парыз еткен парыздарының ең әуелі иман болса керек. Иманнан соң дін ғылымы дүр», — деп жазады.
Ш. Құдайбердіұлы «Мұсылмандық шарты» атты кітабы.
Ш. Құдайбердіұлы «Мұсылмандық шарты» атты кітабында адам хақы, хайуан хақына қатысты, адамның жақсы, жаман мінездері, күнә, тәубә, ниет, т.б. істер жөніндегі шариғат үкімдерін жіктеп жазады. Ислам дініндегі парыз, уәжіп, сүннет, мүстәни, мүбах, харам, мәкрүһ, мәфсад сияқты істерге түсінік береді. Күнделікті тұрмыста кезігетін мал сою, неке қию, қарыз беру, жерге, суға иелік жасау, аманат, ақы алу, т.б. жағдайларға байланысты шариғат үкімдерінің әрқайсысын жеке-жеке таратып түсіндіреді. Бес уақыт намазын қаза етпеген қазақ атамыз даналықтың озық үлгісін көрсете білген. Ешқандай өзге діннің жетегінде кетпей-ақ қазақтың дәстүрлі дініне берік болған. Әлемде көп діннің пайда болуы жақсылыққа алып бармас.Ол сол заманда-ақ анық байқала бастады. Шәкәрім Құдайбердіұлы «Дін» атты өлеңінде:
– Жер жүзінде қарасам,
Неше түрлі халық бар,
Дін, иманын санасам,
Мыңнан артық анық бар.
Бұл қалай деп ойласам,
Мұның да бір сыры бар,
Терең ойға бойласам,
Дәл мынадай түрі бар:
Жардың шашы сансыз көп
Ол санауға келмей тұр.
Анық нұры осы деп,
Әркім бір тал ұстап жүр.
Біреу отқа жағынды,
Нұрдың түбі құдай деп.
Не суретке табынды,
Олай емес, былай деп.
Бірі: «құдай бір десе»,
Бірі айтады: «көп құдай».
Бірі: «тәңірі – Күн десе»,
Бірі дейді: «жоқ құдай».
Міне, осыдан байқалды, –
Бәрі іздеп жүр иесін.
Табамыз деп ойға алды.
Жаратқанның киесін, – көп діннің ішінде адасуға жол жоқ екенін аңғартады.
Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының шығармаларындағы дін мәселесі.
Мәшһүр Жүсіп – қазақтың ұлы ойшылы, фольклортанушы,этнограф, тарихшы, философ, ақын, көп тілді білген ғұлама, әулие. Ол жастайынан өнер- білімге, әдебиетке құмар болып, халық жырлары мен қиссаларды жатқа білген. Алланың нығметіне бөленген ойшылды ел – жұрт « Мәшһүр» атады.Ол 1887 – 1890 жылдары Ташкент,Түркістан, Бұхара т.б шаһарларға шығып, білімін толықтырады. Шығыстың классикалық әдебиетін жетік білген ғұлама артына талай ұрпақтың жан азығына айналар өшпес мұра қалдырды. Әсіресе, ислам құндылықтары туралы өлеңдерінде дін тарихы терең баяндалады. М.Ж.Көпейұлының шығармашылығы көп қырлы, әсіресе дін мәселесіне ерекше көңіл бөлген. Оның өлеңі- әңгімелері мен мақалаларының арқауы – жеке адам болмысы мен қоғам өмірінің байланысы одан туындайтын алуан түрлі мәселелер.Мәшһүр Жүсіп өлеңдерінің басты мәселесі имандылыққа, адамгершілікке, әділеттілікке,адалдық пен ақиқатқа, еңбекқорлыққа үндеген. Ақын өлең жолдарында бірлік идеясын ортаға салады.Бұл маңызды тақырып, өйткені бірлік тұтқасы — дін.Алғаш-ұлттың бірлігі жөнінде ой қозғалса,кейінгісі-мұсылмандық бірлігі.«Бірлігі мұсылманның – ынтымағы» – деген ұран сөздермен ой тастап,жай үндеу емес,тікелей іс- қимылға шақырады.
Ынтымақ, ауыз бірлік қылу үшін,
Бас қосқан мұсылманның білімдісі.
Ақынның түсінігінше, елдің елдігін сақтайтын, қандай қиындық болса да алып шығатын-дін. Сондықтан да:
«Құдайдың шын нансаңдар бірлігіне,
Ерлердің күш қосыңдар ерлігіне.
Сарт демей, ноғай демей, қазақ демей,
Тілек қыл дін мұсылман бірлігіне».
«Азаттық бәріне бар, дінде болса» -деп білген ақын.
Ұядан діни тәрбие алған Бауыржан Момышұлы.
Артында «Өтіріктің балын жеп тірі жүргенше, шындықтың уын ішіп өлген артық» деген қанатты сөздерді айтып қана кетпей, оны өз өмірінің қағидасына айналдырған батыр Бауыржанға мұндай ар ілімі қайдан келді, кімнен сіңді? Осы сұрақтарға жауап іздеп көріп едік, әдеттегідей «Ұшқан ұяға» тіреліп, Бауыржанның тұлға болып қалыптасу жолында шыққан тегінің, отбасында алған діни тәрбиенің үлкен рөлі бар екенін байқалады.
Имаш ақсақалдың немересі Бауыржанға жасаған дұғасының қабыл болуы.
Бауыржан Момышұлы 1910 жылдың 24-желтоқсанында Жуалы ауданының Мыңбұлақ атты ауылында дүниеге келген. Батырға дейін төрт қыз көрген ата-анасы ол туғанда қатты қуаныпты. Атасы Имаш жан-жаққа кісі шаптырып, ұлан-асыр той жасайды. Шілдехана тойында Имаш ақсақал немересін көтеріп шығып, ел қарияларынан бата сұраса, олар: “Төл немерең, бел немерең ғой.
Бата жөні де өзіңдікі” десіпті. Сонда атасы:
Алатаудың қыраны мол еді –
Қырағы болсын, құлыным.
Қойнауы суға мол еді –
Бұлағы болсын, құлыным.
Елінің тілегі зор еді –
Шырағы болсын, құлыным.
Ата тілегі оң еді –
Құмары болсын құлыным.
Бұл жер батырлар төрі еді –
Сыңары болсын, құлыным! – деп бата беріпті.
Қазақ ежелден сөзге, оның құдіретіне ерекше мән берген халық қой.Көптің тілеуінің орындалатынын білген.Өзіміз де алақан жайып, дұға жасаған қолды Алла тағаланың бос қайтармайтынын да жиі айтамыз.Имаш ақсақалдың да ауылдың небір аузы дуалы ақсақалдарын жинап балаға бата сұрауы жақсы ниет, тілектің қабыл болатындығына сенгендігінен.
Батыр бабамыздың ата салты мен дінін жүрегіне мықтап байланғанын, тәубесіне келгенін артында қалған өлеңдері мен баталары дәлелдейді.
Бауыржан батырдан қалған бата(қысқартылып алынды)
Е, Жаратушы, Жасаған!
Тілегімізді қабыл ет,
Иманымызды кәміл ет.
Тозақтағы оттан сақта,
Қаңғыған оқтан сақта.
Парақор соттан сақта
Кірлі сумен жуыстан сақта,
Ынтымақсыз туыстан сақта,
Қара жүрек батылдан сақта,
Дәйексіз тіл тақылдан сақта.
Адалдықты арбаған ақыннан сақта,
Ашу жеңген ақылдан сақта,
Қайырымсыз жақыннан сақта.
Адамды қадірлемес есерден сақта,
Нанды басқан кесірден сақта,
Қате ісіне қиналмас,
Көк долы қатыннан сақта.
Халықты зәбірлер бастықтан сақта,
Жақынға жала жабатын,
Қанқұйлы қастықтан сақта.
Сырты сұлу, іші кір,
Қадір білмес пасықтан сақта.
Өз пікірі татымсыз,
Кісі ақылымен күн көрер,
Татымы жоқ жастықтан сақта.
Несібе кесер кесірден сақта.
Некесіз бала табатын
Жолы лас жесірден сақта.
Әкімінде шапағат жоқ,
Әділдікте шарапат жоқ,
Молдасында шариғат жоқ,
Байларында салауат жоқ,
Кедейінде инабат жоқ,
Азаматында ар-ұят жоқ
Қариясында бата жоқ,
Сөздерінде пәтуа жоқ,
Құр айқау, шат-шәлекей, даңнан сақта.
Е, Жаратушы, Жасаған!
Өмір берсең, жайлы ғып бер,
Дәулеті мен байлығын бер!
Қарияны кемел, сыпайы ғып бер,
Ағаларды райлы ғып бер!
Апаларды мейірлі ғып бер!
Ұрпақтарды намысты ғып бер,
Тұлпарларды шабысты ғып бер!
Қорытындылау.
Қорыта айтқанда,Қожа Ахмет Яссауи мұралары – тәуелсіз Қазақстанның іргесін шайқалтпай берік етіп ұстап тұратын рухани тіректің бірі екендігі даусыз және біз мұны азаттық жылдар тарихының беттері қалыңдаған айқын сезіне түсудеміз.Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Түркістанда өткен кездесуінде: «Біз Қожа Ахмет Ясауи ілімін алып жүруіміз қажет» деп атап көрсетуінде үлкен мән жатыр. 2011 жылы наурызда Түркістанда зиялы қауым өкілдерімен жүздескенде Елбасы ойшыл дана бабамызды руханиятымыздың асыл тірегіне балап, «қазақ даласының Конфуцийі» деп бағалаған еді.Сонымен бірге «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты ұлт жоспарында Ұлт көшбасшысы дін мәселелері жайында:
«Бүгінде біздің халқымыз үшін дәстүрлі емес діни және жалған діни ағымдар мәселесі өткір тұр. Жастарымыздың бір бөлігі өмірге осы жат жалған діни көзқарасты көзсіз қабылдайды, өйткені, біздің қоғамның бір бөлігінде шеттен келген жалған діни әсерлерге иммунитеті әлсіз.Қазір кейбір сыртқы күштер жастарымызды ислам дінінің хақ жолынан адастырып, теріс бағытқа тартуға тырысуда. Мұндай ұлттық табиғатымызға жат келеңсіздіктерден бойымызды аулақ салуымыз керек. Біз елдің дәстүрлері мен мәдени нормаларына сәйкес келетін діни сана қалыптастыруымыз керек», — деп атап көрсеткен болатын.
Ойымды қорыта келе,келешекте «Ясауитану негіздері» атты арнайы курсын отандық білім беру жүйесінің бір бағдарламасы ретінде енгізу қажет. Себебі,Ясауидің хикметтеріне тек бір автордың ой-толғамдарын ғана білдіретін дербес туынды ретінде емес, өзіне дейінгі қазақ топырағындағы бүкіл рухани-діни тәжірибені жинақтаған, ғасырлар бойы қалыптасқан,қорытылған бірегей ілім.ХХІ ғасыр ой көрігінен, сана сүзгісінен өткізіп,жастарды рухани тәрбиелеуде танымдық мәні зор туынды ретінде қараған жөн.Қазақ халқының рухани тұтастығын қалыптастырған Ясауи бабамыздың хикметтерін насихаттау қажет.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.Кульбаева Д.Д. «Абайдың діни көзқарастарына Қ.А.Ясауи ілімінің әсері»
«М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің хабаршысы»
2.Жолдасбаева Н.Ж. «Тарих тағылымы.Ясауи мұрасы».»Түркістан-Түркі әлемінің бесігі» халықаралық конференция материалдары, Шымкент – 2019
3.Абдикаримова.Р.У.«Ясауи хикметіндегі құндыылықтар – рухани жаңғырудың,болашақтаң басты бағдары».»Түркістан-Түркі әлемінің бесігі» халықаралық конференция материалдары, Шымкент – 2019
4.Бекболиева.Г.А.«Хикметке толы бір ғұмыр».»Түркістан-Түркі әлемінің бесігі» халықаралық конференция материалдары, Шымкент – 2019
5.Молдалиева.Г.С.«Қ.А.Ясауи хикметтерінің рухани құндылығы». »Түркістан-Түркі әлемінің бесігі» халықаралық конференция материалдары, Шымкент – 2019
- А.Г. Хасенова,Е.Қ. Жүсіпов.» Мәшһүр Жүсіп Көпеев шығармаларындағы дін мәселесі», Вестник Инновационного Евразийского университета. 2016. № 3 ISSN 1729-536X
- Орманов.Қ.» Ыбырай және ислам діні», http://akikat.kazgazeta.kz/?p=8776
8.Марфуға Шапиян.»Ұядан діни тәрбие алған Бауыржан Момышұлы», https://islam.kz/