Home » Мақалалар » ЖҮРЕГІ ДАРХАН, ЕҢБЕГІ РИЯСЫЗ, ӨМІРІ ҮЛГІ – САРА НАЗАРБАЕВА

ЖҮРЕГІ ДАРХАН, ЕҢБЕГІ РИЯСЫЗ, ӨМІРІ ҮЛГІ – САРА НАЗАРБАЕВА

Заурбекова Фатима Бестанқызы,
Т.Рысқұлов атындағы №48 орта мектебінің
өзін-өзі тану пәнінің мұғалімі,
Жамбыл облысы Тараз қаласы

Ұлттық сана, ұлттық тәрбие… Бұл мәселелер қазіргі қоғамымыздың өзектілігіне айналды. Сана мен тәрбиені біз қайдан бастаймыз? Әрине отбасыдан бөлек мектепке, ұстаздардың беріп жатқан білімі мен тәрбиесіне жүгінеміз. Тәрбиенің ішінде рухани-адамгершілік тәрбиеге көңіл бөлетін бірден-бір пән – өзін-өзі тану пәні. Өзін өзі тану нағыз адам болудың сыры мен қырын үйрететін пән.

Осы ретте елімізде ғасырлар бойы халқымыздың ұлттық санасынан берік орын алған адамгершілік құндылықтарды, яғни ізгілік қайырымдылық, адалдық қарым-қатынас сияқты қасиеттерді, қоғамдағы болып жатқан өзгерістермен байланыстырып, жеткіншек ұрпақты тәрбиелеудің қайнар бастауы деп қарастыруда Сара Алпысқызы қоғамға риясыз қызмет етуде білімі мен еңбегін ұштастырған, қазақ халқының болашағын ойлаған, сан балаға ана махаббатын арнаған абзал жан десек артық айтпағанымыз. Күн шуағындай мейірімділігі мен балажандығы оның жүзінен көрініп тұрғандай. Бәлкім, сұрапыл жылдары ата-ана мейіріміне зәру болған ол, ең болмаса мына бақытты заман ұрпақтары ондай қиындықты көрмесін деген ойға бекінген болар.

Бес жасында анасынан айрылған Сара Алпысқызы сәбидің махаббатсыз, мейірімсіз, жақын адамының қамқорлығынсыз жетілуінің қиын екенін біліп өседі. Бала кезінде әлемдегі барлық балалар бақытты, отбасының, ата-анасының шапағатын сезініп, анасының, әкесінің және бауырларының жанында еркелеп жүрсе екен деп армандады. Осы ойдың жетегінде жүргенде өмірге «Бөбек» келді.

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары Кеңес өкіметі құлап, еліміз тәуелсіздігін алып, дамуға жаңа қадамдар жасап жатқанда халықаралық «Бөбек» балалар қайырымдылық қорын құрып, оның Президенті болды.

Ата-анасыз қалған балаларды ұлтына қарап бөлмей, анасындай бауырына басып, қайырымдылық қорын дер кезінде құра білді. Сол арқылы жетім балаларды қамқорлыққа алып, еліміздегі өзекті мәселенің шешілуіне жағдай жасады. Жаңадан тәй-тәй басқан баланың күйін кешкен еліміздің тарихында бұл кезеңде әлеуметтік жағдайдың қиындауынан ата-ана қамқорлығына зәру балалар баршылық еді.

Сара Алпысқызы әр адамның өз тәні мен жанының саулығын ойлауы өте маңызды екенін негізге алады. Ол балаларға ішкі рухани жан дүниесінің сұлулығы маңызды екенін  сәби шағынан түсіндірген дұрыс деп есептеді. «Адам бұл өмірге сүю және сүйікті болу үшін келеді» дейді  алтын жүректі ана. Бұл туралы құрғақ сөзбен айту жеткіліксіз, әрекет ету керек деп шешіп, осылайша мектеп пәні «Өзін-өзі тану» пайда болды. 2010 жылдың 1 қыркүйегінде өзін-өзі тану пәні мектептегі міндетті  пән ретінде енгізілді.

Өзін-өзі тану – бұл бірегей пән, өз-өзіңді түсінуге, өзіңнің ішкі әлеуетіңді ашуға, қоршаған ортамен үйлесімді өмір сүруге, көркем мінезді болуға үйретеді.

«Өзін-өзі тану» курсы – адамның өзін-өзі табуына, ең жақсы қасиеттерін ашуға, өзінің шынайы кейпін өзгертпеуге, адамгершілікке және әрқашан адам қалпын сақтауға көмектеседі. Негізінде адамзат тарихының өзі адамгершілік тұрғысынан алғанда, өзін-өзі жетілдірудің тұрақты және үздіксіз үрдісі болып табылады.

Қазіргі қоғамда адамның өзін-өзі тануға деген ұмтылысы және рухани-адамгершілік білімнің қажеттілігі байқалады. Өзін-өзі тану пәні жастарға алдымен өзін-өзі тану арқылы үлкен өмірде өз қабілеті мен мүмкіндіктерін дұрыс пайдалануға  ықпал етеді. Өзге  пәндер ақылды болу үшін берілсе, өзін-өзі тану пәні жүрек үшін, адамдарға жүрек жылуын беруді, мейірімді болуды үйретеді. Өзін-өзі таныған, өмірдің мәнін түсінген адам, өзін-өзі қадағалап, сынап, өзін-өзі тәрбиелеуге, өмірден  өз орнын, өз бақытын табуға ұмтылады. Сондықтан да грек ойшылы Сократ «Өзгені тану үшін алдымен өзіңді таны» деген.

Өзін-өзі тану  пәнінің негізі – адам жүрегіндегі мәңгілік жалпыадамзаттық құндылықтар туралы ұғындыру. Құндылықтар — адам үшін аса маңызды құбылыстар, қасиеттер, заттар мен жағдайлар. Жалпыадамзаттық құндылықтар – бұлар уақытқа бағынбайтын, ешқандай ортамен, қоғаммен шектелмейтін, бүкіл адамзат үшін маңызды құндылықтар. Олар: Ақиқат, Сүйіспеншілік, Дұрыс әрекет, Ішкі тыныштық, Қиянат жасамау. Жүрегіміздегі жалпыадамзаттық құндылықтарды жарыққа шығару ізгілікке жол ашады. Ақиқат – зияткерлік деңгей, сүйіспеншілік-адамгершілік деңгей, тыныштық- эмоциялық деңгей, дұрыс әрекет-физикалық деңгей,  қиянат жасамау рухани деңгей болып табылады.

«Өзін-өзі тану»  рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасының негізгі мақсаты – бала жүрегіне табиғатынан салынған жалпыадамзаттық құндылықтарды жарыққа шығару. Әр сабақ сайын осы құндылықтардың мәнін ашу арқылы оқушылардың бойына жақсы қасиеттерді сіңіруге және көркем мінезді тұлға болуға баулу. Өркениетті елдерге қарасақ, олардың санасы мен мәдениеті жоғары екендігі байқалады.  Олардың адамға, табиғатқа деген көзқарасы мен сүйіспеншілігі,  жанашырлығы шексіз. Жалпыадамзаттық құндылықтар бір-бірімен тонның ішкі бауындай байланысты,  тек ақиқатты айтатын адамның жүрегінде әрдайым сүйіспеншілік болады, айналасына сүйіспеншілік нұрын шашатын адам үнемі дұрыс әрекет жасайды, дұрыс әрекет жасаған адамның жан дүниесінде тыныштық орнайды, ішкі тыныштығы үйлесім тапқан адам ешкімге қиянат жасамайды. Өскелең ұрпақтың санасына рухани-адамгершілік білімді сіңіре отырып, ең алдымен адалдыққа, шынайылыққа, қарапайымдылыққа, рухани бай болуға, өз Отанының патриоты болып, оның гүлденуіне өз үлесін қосуға баулыған абзал.

Міне, осындай адам үшін маңызды «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білімді өзі бастамашы болып, біздің елдің білім беру жүйесіне енгізген Сара Алпысқызына мың алғыс! Жас ұрпаққа алдымен өзін-өзі танып, өзінің қабілеттері мен мүмкіндіктерін байқап, болашақта қандай кәсіппен айналысуына бағыт-бағдар  берілуі маңызды. Ұлы бабамыз Әл-Фараби айтқандай, «Дүниедегі ең оңай нәрсе — біреуге ақыл айту, ең қиыны — өзіңді тану», адамның өзін-өзі тануы өмір бойы жүретін үдеріс деуге болады. Рухани-адамгершілік білім – адам қай жаста болса да өте қажетті білімдердің бірі.

Қымбатты, Сара Алпысқызы! Сізді келе жатқан мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймыз! Сізге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, баянды бақыт тілейміз. Еліміздегі тағдыр тауқыметін көрген, мейірімге шөлдеген талай бала Сіздің жасаған жақсылықтарыңызды ұмытпайды. Сіздің қамқорлығыңызды сезінген балалар өз анасындай көрері анық. Сіздің шуағын дамылсыз төккен Күндей мейірімді жүзіңіз, адамгершілікпен жасаған жақсы істеріңіз нағыз ел анасына тән өнегелі іс. Ұлы Абай атамыз айтқандай: «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп…», Сіздің жүрегіңізде  адамға  деген махаббаттың мәңгі өшпейтін алауы бар екенін көрсетеді. Міне, ақпан айында табиғаттың өзі Сіздей асыл жанды мерейлі мерекесімен құттықтағандай, мейірімді Күн күлімдеп, аспан ашық болып, Сіздің аналық  пейіліңіздей жарқырап тұр. Ұрпағыңызбен жүз жасаңыз, Сара Алпысқызы! Мерейлі жасыңыз құтты болсын!

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.