Home » Ашық сабақтар » Ерекше оқытуды қажет ететін балалар үшін арнайы білім беру жағдайын ұйымдастырудың жолдары

Ерекше оқытуды қажет ететін балалар үшін арнайы білім беру жағдайын ұйымдастырудың жолдары

«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы
Алматы облысы бойынша ПҚБАИ
«Әдіснама және педагогикалық инновация»
кафедрасының аға оқытушысы
Абдрахимова Жадыра Жолдасбекқызы

      Инклюзивті білім беру ортасының жетекші принципі болып оның әртүрлі санаттағы балалардың жеке қажеттіліктеріне бейімделуіне дайындығы табылады. Бұл үдеріс жеке икемді қайта құрылымдау есебінен жүзеге асады және әрбір баланың жеке білім алу қажеттілігін ескеруден тұрады.

     Жаңартылған білім мазмұны  жағдайында сапалы білім алудың  қолжетімділігін қамтамасыз ету білім беруді дамытудың басты мақсаты  болып саналады.Осы жағдайда  ерекше білім алу қажеттіліктері бар балалар үшін арнайы білім алу жағдайларын құру мәселесі арнайы көңіл бөлуді қажет етеді.

ҚР «Білім туралы» Заңында: ерекше білім алу қажеттіліктері бар оқушылардың білім алуы үшін арнайы жағдайлар туғызу деп арнайы оқу бағдарламалары және оқыту әдістемесін қоса, ерекше білім алу қажеттіліктері бар тұлғалардың (балалардың) жалпы білім беретін оқу және білім алу бағдарламаларын меңгерулеріне мүмкіндік беретін техникалық және өзге де құралдар, әрекет ету ортасы сонымен қатар, медициналық, әлеуметтік және өзге де қызметтер түсіндіріледі (1 бап).

Ерекше білім алу қажеттіліктері бар балаларға білім алу жағдайын туғызудағы маңызды ерекшелік түрлі ресурстық салалар бойынша (материалдық-техникалық (сәулетті де қоса) қамтамасыз ету, кадрлық, ақпараттық, бағдарламалық-әдістемелік және т.б.) бөлінген.

Ерекше оқытуды қажет ететін балалар үшін білім алуды ұйымдастыру дегеніміз – бұл білім беру ұйымында инклюзивті білім беру үшін нормативтік-құқықтық базаны құру, сыртқы ұйымдармен желілік байланысты ұйымдастыру, тамақтану және медициналық қызмет көрсету.Білім беру үдерісінде ерекше білім алу қажеттіліктері бар балаларды қолдау үшін қажетті қаржылық, ақпараттық материалдық-техникалық қамтамасыз ету.

Нормативтік-құқықтық база — баланың білім алу мүмкіндігіне сәйкес келетін білім алу құқығының жүзеге асырылуын қамтамасыз ету және инклюзивті білім беру кеңістігіне қосылған барлық өзге де балалардың құқықтарын жүзеге асыру.

Сыртқы ұйымдармен желілік байланысты ұйымдастыру. Білім беру мекемесі мен «сыртқы» әлеуметтік серіктестер арасында (аумақтық психологтік-медико-педагогикалық комиссиясы, әдістемелік кабинет, инклюзивті білім беруді дамыту бойынша ресурстық орталық, арнайы мектептер, әлеуметтік қорғау ұйымдары, денсаулық сақтау ұйымдары, қоғамдық ұйымдар) өзара әрекеттесу немесе қолдау көрсету жүйесі ұйымдастырылуы тиіс. Аталған ұйымдармен келісімшарттар негізінде қарым-қатынастар орнату қажет. Бұл жағдайды жүзеге асыру баланың ерекшелігін ескере отырып, білім алу маршрутын құруға және оның білім алуы мен тәрбиеленуі үшін көбірек толық әрі ресурстық ұтымды, анағұрлым қолайлы жағдайды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Медициналық қызмет көрсетуді және тамақтануды ұйымдастыру. Анықталған санаттағы балалар үшін тамақтану мен медициналық қолдауды ұйымдастыру маңызды болып табылады. Мектепте тамақтануды ұйымдастыру мүмкіндігі, үйден алдыру мүмкіндігі, тамақтану үшін ерекше орынды ұйымдастыру және тамақ қабылдау үшін арнайы құрылғылар қарастырылуы тиіс.

Қаржылық қамтамасыз ету. Қаржылық-экономикалық жағдай мектепке ПМПК ұсынымхатында көрсетілген және осы ұсынымхаттар негізінде құрылған бейімделген білім беру бағдарламасын, соның ішінде ерекше білім алу қажеттіліктері бар балаларды оқытуды, тәрбиелеуді және медициналық қолдауды жүзеге асыратын мамандарға ақша төлеу үшін негіздеме, талаптарды орындауға мүмкіндік жасау үшін қамтамасыз етуі тиіс. Қаржылық-экономикалық жағдай жеке білім беру бағдарламаларында жоспарланған нәтижелерге қол жеткізуді қамтамасыз етуі қажет.

Ақпараттық қамтамасыз ету. Мектептің ақпараттық білім беру ортасы технологиялыық құралдардың жиынтығынан, ерекше білім алу қажеттіліктері бар балалардың мәдени және ақпаратпен өзара алмасу қызметтерінен тұрады.

Материалдық-техникалық (сәулетті де қоса) қамтамасыз ету.

Материалдық-техникалық жағдайлар келесілерді сақтауды қамтамасыз етуі тиіс:

— балалардың қажеттілігін ескере отырып, білім беру үдерісінде санитарлық-гигиеналық нормаларды сақтау (су, канализация, жарықтандыру, ауа, жылу режимі және т.б.);

— білім беру мекемесінің инфрақұрылымы объектілеріне мүмкіндігі шектеулі оқушылардың кедергісіз қол жеткізулері үшін мүмкіндік және т.б.;

Педагогикалық-психологиялық қамтамасыз ету.

Бағдарламалық-әдістемелік қамтамасыз ету инклюзивті тәжірибені жүзеге асыратын білім беру ұйымдарындағы барлық оқушылардың толық және тиімді білім алуларына бағытталуы тиіс.

Бағдарламалық-әдістемелік қамтамасыз ету үш құжатта көрініс табады: 1) негізгі білім беру бағдарламасының құрамдас бөлігі болып табылатын ұсынылған жалпы білім беретін бағдарламалар тізімі негізінде мектепте құрастырылатын түзету жұмыстарының бағдарламасында, 2) бейімделген жалпы білім беретін бағдарламада, 3) баланың жеке ерекшелігін ескере отырып, құрылған бейімделген білім беру бағдарламасында.

Жалпы білім беру ұйымдарында ерекше білім алу қажеттіліктері бар балаларды психологиялық-педагогикалық қолдау.

Білім беру ұйымдарында ерекше білім алу қажеттіліктері бар балаларды бүкіл оқу кезеңінде кешенді психологиялық-педагогикалық қолдауды қамтамасыз ету қажет.

кадрлық қамтамасыз ету. Инклюзивті білім беруді жүзеге асыруда кадрлармен қамтамасыз ету жағдайларына қойылатын талаптарға:

— педагогикалық қызметкерлердің кәсіби дамуының үздіксіздігін  қамтамасыз ету.

Арнайы білім беру жағдайларын құрудың қадамдар.

  1. Ерекше білім алу қажеттіліктері бар балалардың білім беру үдерісін ұйымдастыру бойынша ұсыныстар жазылған медициналық қорытындылары болуы керек.
  2. Жергілікті ПМПК балалардың физикалық және (немесе) психикалық дамуларындағы ерекшеліктерді және (немесе) мінез-құлықындағы ауытқушылықтарды дер кезінде анықтау мақсатында балаларға кешенді психологиялық, медико-педагогикалық зерттеу жүргізеді, білім беруде арнайы жағдайларды құру бойынша ұсынымхаттар дайындап, бекітеді, сонымен қатар мұның алдында берілген ұсынымхаттарды нақтылайды немесе өзгертеді.
  3. Ұйым консилиумы арнайы білім беру жағдайларын құрудың сипатын, ұзақтылығын және тиімділігін анықтайды. ПМПК-ның ұжымдық қорытындысын шығарады. Мұнда баланың психофизикалық дамуының құрылымына жалпы сипаттама беріліп, мамандар ұсыныстарының қорытындысы ұсынылып, бейімделген білім беру бағдарламасы мен арнайы жағдайлар жасау бойынша ұсыныстар жазылады.
  4. Педагогикалық қызметкерлер бірігіп түзету жұмысының бағдарламасын құрастырады, оны мектептің Педагогикалық кеңесінің талқылап, шешім қабылдауы үшін ұсынады. Жұмыс барысында түзетулер, толықтырулар арқылы бағдарламалар жүзеге асырылады.
  5. Түзету жұмыстарын жүзеге асыруда мектеп мамандарының біріккен іс-әрекеті маңызды болып табылады. Ол білім беру үдерісінде түрлі сала мамандарының мүмкіндігі шектеуі балаларды жүйелі қолдауды қамтамасыз етеді.
  6. Жалпы білм беретін, арнайы және ғылыми мекемелердің кешенді өзара әрекет етуі үшін жағдайлар жасау. Бұл кадрлық ресурстардың жетіспеушілігінің орнын толтыруға, үнемі әдістемелік қолдауды жүргізуге, ерекше білім алу қажеттіліктері бар балаларға негізгі, бастауыш және жалпы білім беру бағдарламасын меңгертуде кездесетін сұрақтарға жедел түрде жауап алуға, түзету педагогикасы саласында ғылыми негізделген және шынайы инновациялық құралдарды қолдануға мүмкіндік береді.
  7. Түрлі санаттағы ерекше білім алу қажеттіліктері бар балалар үшін олардың ерекшеліктеріне байланысты арнайы жағдайлардың әрбір құрауышы білім берудің қажетті деңгейі мен сапасын жүзеге асыруды қамтамасыз етеді. Бұл санаттағы балалардың түрлі сапада әрі көлемде әлеуметтенуіне мүмкіндік береді.
  8. Осылайша, қандайда бір мүмкіндігі шектеулігі жіне ерекше қажеттілігі бар бала үшін білім беру үдерісін жүзеге асыруда жеке тұлғаға бағытталған жағдайлар құруда білім беру жағдайларының жалпы ерекшелігі көрініс табады. Бұл әрдайым белгілі бір баланың мүмкіндіктері мен ереккшеліктеріне сәйкес жеке және өзгертілген болуы тиіс.

Девиантты мінез-құлықты балаларды түзету күрделі әрі қиын әрі ұзақ процесс. Оны іске асыруда көп шыдамдылық пен белсенділік қажет. Қазіргі, осы саладағы әлеуметтік, педагогикалық талаптар мен жүзеге асырылып жатқан тәжірибелер негізінде, бұл саладағы тәрбие міндеттерін жүзеге асыруда мынадай шарттарды орындау қажеттігі туады:

  • балаға ілтипатпен, ізгі тілектестікпен қарау;
  • оның жағымды қасиеттеріне сүйену;
  • оның адамгершілік күшіне, потенциалды мүмкіндіктеріне сену және т.б.;

Қорыта айтқанда, ерекше оқытуды қажет ететін балалар мәселесі -біздің қоғамда орын алып отырған күрделі мәселелердің бірі .  Тәрбиелік жұмыстарды жүргізуде римдік философ Сенеканың: «әрбір адам өмірінің тек кейбір жақтарын ойлап талдайды, бірақ ешкім жалпы өмір туралы ойланбайды», — деген ой-пікіріне сүйене отырып, девиацияға коррекция жасаушы әрбір маман ұстаз, баланың тек кейбір мінездік кемшіліктерін түзетіп қана қоймай, оларды, қоғамдық өмірдің талаптарымен ұштасқан дұрыс қарым-қатынас жолына әкеліп, ары қарай қалыптасып, дамуына, әлеуметтенуіне көмектесуі қажет. Бұл педагогикалық іс-әрекеттер мазмұны қоғам өмірінде бекіген адамгершілік қадір-қасиеттер мәнімен, талаптарымен тікелей байланыста, адамдар арасындағы қарым-қатынастар (достық, жолдастық, туыстық, сүйіспеншілік, махаббат т.б.) нормаларымен ұштастырыла жүзеге асырылғанда, балалар бойында девиантты мінез-құлықтың өріс алмауына және оларды мектеп қабырғасынан бастап әлеуметтендіруге мүмкіндік жасалады.

Әдебиеттер тізімі:

  1. Т.П. Дмитриева. «Білім беру мекемесінде инклюзия бойынша үйлестіруші қызметін ұйымдастыру». Инклюзивті білім беру. 3-ші басылым.- Москва: Мектеп кітабы, 2010.- 85 б.
  2. В.Л.Рыскина, Е.В. Самсонова. Инклюзивті білім беру саласында шетелдік және ресейлік зерттеулер. — Москва: Форум, 2012 .–180 б.
  3. Э.И.Леонгард, Е.Г.Самсонова, Л.И. Иванова. Инклюзивті білім беру жағдайында мүмкіндігі шектеулі балаларды оқыту мен тәрбиелеу жағдайларын жақсарту. 7-ші басылым.- Москва: МГППУ, 2011.-280б.
  4. Білім беру мекемелерінде мүмкіндігі шектеулі балалар үшін арнайы білім алу жағдайларын ұйымдастыру: Әдістемелік нұсқаулық / Жауапты ред.С.В.Алехина.— М.: МГППУ, 2012.— 92б .
  5. Инклюзивті білім беру жағдайында ерекше білім алу қажеттіліктері бар балалардың 8 санат бойынша білім алуын ұйымдастыру. Әдістемелік нұсқаулық. – Астана: Ы. Алтынсарин атындағы ҰББА, 2016. – 64 б.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.