Home » Ашық сабақтар » Агрессиялық балалармен жұмыс жүргізу ерекшеліктері.

Агрессиялық балалармен жұмыс жүргізу ерекшеліктері.

 Камбаралиева Индира Талгатовна
«Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы,
Алматы облысы бойынша
педагог қызметкерлердің біліктілігін
арттыру институтынан
«Әдіснама және педагогикалық инновация»
кафедрасының аға оқытушысы

         Бүгінгі таңдағы қоғамдағы ірі өзгерістер мен күрделене түскен экономикалық жағдайлар жас ұрпақ психологиясына айрықша әсер етіп қана қоймай күн сайын күшейе түскен мұндай қолайсыз факторлар жеткіншектердің қылмыстық жолға түсуіне де үлкен септігін тигізуде. Ежелден белгілі қағида – адам бойындағы таза қасиеттердің пайда болып, қалыптасуында отбасылық ықпалдың алатын орны ерекше.

Отбасының рухани тірегі – ата-ана. Өкінішке орай, кейбір реттерде мектептегі тың жаңалықтар мен бағдарламаларды еркін меңгеріп, өмірдің барлық кедергілерінен сүрінбей өтуге бейімділігі бар оқушыларға рухани және материалдық қолдау көрсетуге ой-өрісі, шамалары жетпейтін ата-аналар да кездесіп жатады. Мектепке балалар көбінесе отбасынан мінез-құлқы қалыптасып келеді де, бұдан кейінгі оқу-тәрбие ісі оларға ата-анасы берген қабілеттерін шыңдау үшін бағытталады. Міне, осы орайда, балалардың бойындағы жағымды қасиеттерді оятып, жағымсыз мінез, әдеттерді жою талабы психолого-педагогикалық іс-әрекеттердің  тиімділігіне байланысты болмақ.

Мұғалімдік іс-тәжірибеде ата-аналардан үнемі: «балам төбелесе береді, бір орында тыныш отыра алмайды, немесе тақтаға шығып жауап беруден қорқады, не істеу керек?» деген сұрақтар жиі қойылады. Ал мұғалім қауымынан: «қазіргі балалар өзгеше «қиын» болып кеткен» деген лебіздер естиміз. Бұл сұрақтарға мектеп мұғалімі, психолог, дәрігер, ата-ана бірлескен іс-әрекет негізінде ғана көмек бере алады. Жалпы «жақсы адам», «жаман адам», «қиын бала», «дұрыс бала» деген сөздерді қолданғанда абай болу керек, себебі адам дүниеге келгенде ол періште, яғни оған «жаман», «жақсы», «қиын», «дұрыс-бұрыс» деген жарлық беру мүмкін емес. Сондықтан да, баланың ондай жарлықтарға ие болуына әсіресе отбасындағы тәрбие, сәби шағынан бастап ата-анасының мінез-құлқы мен іс-әрекеттерінен алған тәлімі үлкен әсер етеді, яғни, оның жасаған қылықтарына қарап «қиын мінез-құлықты» бала атанады екен.

Бастауыш сынып оқушыларына білім беру үдерісінде әсіресе «ерекше» балалар мінез-құлқы өзіне көңіл аудартады. «Ерекше» балаларға әр сыныпта кездесетін: агрессиялық балалар, өте белсенді балалар, мазасыз, ауттылы балалар тобы жатады.

Болашақ қоғамның негізін – мектеп оқушылары құрайды десек, соларға жан-жақты дұрыс тәрбие беріп, білікті азамат етіп өсіру бәрінен де бұрын мұғалімдердің  еншісінде. Мұндай абройлы мақсатты атқыру үшін, әрине мұғалімдердің өздері сауатты, білімді, ұлттық тәлім-тәрбие мен мінез-құлық мәселелеріне барынша қанық болып, психологиялық жағынан өздерін шындандырып отырулары аса қажет. Әрине, олар осындай білімді қайдан алады деген заңды сұрақ бой көтерері сөзсіз. Міне, осыған байланысты болашақ ұстаз-мамандарға балалармен тиімді қарым-қатынаста болу, әсіресе агрессиялық балалармен жұмыс жүргізу бағдарламасын ұсынып, әдістемесін үйретуді жүзеге асыру қолға алынды.

Агрессия әрине, кенеттен пайда болмайды. Ол жеке адамдар арасындағы әр түрлі қарым-қатынастар, қорқытып-үркітуден пайда болады.

Адамның түскен ортасының ерекшелігі агрессиялық әрекеттің жоғары немесе төмен болуына әсерін тигізеді. Мысалы: ауасы ауыр, темекінің иісі бар бөлмедегі агрессиялық әрекет, ауасы таза бөлмедегілерге қарағанда күштірек болады. Адамның жеке басының тәртібіне қатысты болады. Айталық, «дұрыс» адамдардың арасында басқаларға қарағанда ашуланшақ, өзін-өзі ұстай алмайтындар агрессивті көрінеді. Жеке тұлғалардың ішінде ең агрессивті болып келетіндерге мыналар жатады: қызғаншақ, көре алмайтын, шыдамсыз т.с.с. Бұл адамдар жүрек ауруына шалдыққандар.

Агрессивтілік бірнеше феномен арқылы түсініп білуге болады. А.А.Реан агрессивтілікті 5 базалық бағытқа бөледі: агрессияның инстинктілік теориясы (З.Фрейд, К.Лоренц т.б.); фрустрациялық (Дж.Доллорд, Н.Миллер т.б.), әлеуметтік үйренудің теориясы (А.Бандура), қозғышты аудару теориясы (Д.Зальман т.б.) агрессивтілік мінез–құлықтың когнетивтік моделі (Л.Берковец т.с.с.).

Психолог-ғалымдар агрессияны бірнеше түрге, Э.Фромм екі түрлі, яғни «зиянды», «зиянсыз» деп бөлген.

Зиянсыз агрессия: қауіп төнген кезде (қорғану мақсатында) ғана болып, артынан басылады.

Зиянды агрессия: қатігездік пен қауіпке толы болады.

Ал З.Фрейд пен К.Лоренц адам баласы агрессияны бағындыра алмайды, сондықтан оны керек бағытқа бұру керек деген. Сондықтан агрессиялық балалардың мінез-құлқын тәртіпке келтіруде мына бағыттарда жұмыс жасалуы қажет:

  1. Арессиялық балалардың өз ашу-ызасын басқаға зияны тиіп кетпейтіндей күйде төмендетуге үйрету.
  2. Балаларды әртүрлі жағдайларда өзін-өзі ұстай алуға, іс-әрекетіне бақылау жасап, өзін-өзі басқару әдістеріне үйрету.
  3. Дау-дамай жағдайларында жағымды қарым-қатынас жасай алуға дағдыландыру.
  4. Адамдарға сену, жаны ашу (эмаптия) сияқты қасиеттерді қалыптастыру.

Дарынды психолог әрі педагог Жүсіпбек Аймауытовтың «Дәрігер адамның денесін сауықтыратын болса, мұғалім адамның ақылын, мінезін, жанын сауықтырады» деген қағиданы ұстана отырып, өркениетті заманда жас ұрпақты тәрбиелеуде, психолог мамандармен бірлесе отыра жұмыс жасап, тәрбиенің тиімді болу  жағын қарастырған жөн.

Қолданылған әдебиетер

  1. Акажанова А.Т. Девиантология Алматы 2009
  2. Акажанова А.Т., Ельшибаева К.Г. Практикум по девиантологии Алматы 2008
  3. Бассет Л. Только без паники! СПб.,
  4. Башина В.М. Ранняя детская шизофрения (статика и динамика). М., 1989.
  5. Безруких М.М., Ефимова С.П. Ребенок идет в школу. Знаете ли вы своего ученика, М., 1996.

Брель Е.Ю. Социально-психологические факторы формирования тревожности у младших школьников и пути ее профилактики и коррекции. Авт.канд.дис. Томск, 1996

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.