Батыс Қазақстан облыстық білім басқармасы мен Білім беруді дамыту орталығының жұмыс жоспарына сәйкес 4 ақпан күні «Мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбиелеуде басқарудың тиімділігі» тақырыбында жеке мектепке дейінгі ұйым басшылары мен педагогтеріне арналған семинар өтті.
Семинар жұмысы барысында Орал қаласының №34 «Балбұлақ», №50 «Заңғар» бөбекжайларының іс-тәжірибелері ұсынылды. Мектеп жасына дейінгі балалардың интеллектуалдық қабілеттерін арттыруда, құрылымдау дағдыларын дамытуда STEAM технологиясын қолдану әдіс-тәсілдері, оқу қызметтері, шеберлік сыныптары көрсетілді.
Облыстық білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаевамен «Сұрақ-жауап» айдарында сұхбаттасу жүргізілді. БҚО бойынша санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің жасөспірімдер мен балалар гигиенасы бөлімінің басшысы Г.Наурзалина «Карантин кезіндегі санитарлық-эпидеомиологиялық талаптар» бойынша баяндама жасады. Bilimland Group маркетинг департаментінің мамандары «Bilim kids. Мектепке дейінгі ұйымдарда қашықтан оқыту жүйесі» тақырыбында мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту саласының педагогтеріне, тәрбиеленушілері мен ата-аналарына арналған оқыту платформасын кеңінен насихаттап, қолдану жолдарын түсіндірді.
Сонымен қатар білім басқармасының мамандары «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту жүйесінің нормативтік құқықтық актілерін жетілдіру», «Педагогтерді аттестаттаудың ерекшелігі», «Мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытуға мемлекеттiк бiлiм беру тапсырысын орналастыру тәртібі», «Ұлттық білім беру деректер қоры: нұсқаулық және толтыруы» тақырыптары бойынша нормативті құжаттарды басшылыққа алып жұмыстану, педагогтерді аттестаттау, мемлекеттік білім беру тапсырысы, ұлттық деректер қорын толтыру бағытында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, ақпараттар берді.
БҚО білім басқармасының баспасөз қызметі