Мектеп, сыныптас десе ең алдымен есіме Жәнібек түседі. Талай қызық, қызықты оқиғалар оқушы кезде болады ғой, өйткені балалығы мен шалалығы басым, көңіл айнасы періштедей пәк кезең.
Жоғарыда айтылғандай есіме Жәнібектің оралуы бекер емес.
Мектеп табалдырығын аттаған кезден бастап Жәнібекпен бір партада отырып, екеуміз жақсы тіл табысып кеттік. Негізі ол адам жатырқамайтын, сыныптас қыз-жігіттермен керемет араласатын. Оқу үлгерімі нашарлау деп үнемі менің қасыма отырғызып қояды апай.
Үлкендеу сынып болып қалғамыз, сабаққа қоңырау соғылған кезде бәріміз мектеп есігіне ұмтылдық. Сол кезде жоғары сынып жігіттері сондай сәтте әдейі шашымыздан тартады. Біз қыздар шулай түсеміз, ондай кезде Жәнібек бізді қорғайды. Үлкен сынып демей, қыздарға тиіскенше менімен шық жекпе-жекке дейді. Содан біздің құрметіміз арта түседі Жәнібекке деген.
Наурыз мерекесі қарсаңында мектепте концерттік іс-шаралар өтетін, сол іс-шара біздің сыныпқа тапсырылды. Біріміз бәйшешек, қызғалдақ, көктем-ай , жігіттер жағы дихан баба, Қыдыр ата болып рөлдерді сомдайтын болдық. Дайындық қызу жүріп жатты.
Концерттік қойылымға бір күн қалғанда бәріміз концертте киетін киімдерді киіп дайындық жасап жатқанбыз. Жәнібек Қыдыр ата болып, ақ шапан, аса таяқ ұстап алған. Сонда бір қыз бәйшешек болып өлең оқиды, мәтінінде: — Көктем келсе қайта тірілемін!,- деген жолы бар-тын. Сол шұмағын Жәнібек қайталап айта береді, содан апайға қарата: — Апай, біз адамдар да бәйшешек сияқты көктемде тірілеміз ғой,- деді.
Апай: — Неге олай дедің?,- деген сұрағына : — Қыс тым көңілсіз, сұрықсыз ғой. Табиғат та, адамдар да әзер өмір сүріп жатқандай көрінеді. Маған қыс ұнамайды. Ал көктемде мен қайта тірілемін, — дегенде бәріміз оған» ақылды боп кетесің кейде» деп күліп қоя салдық.
Содан дайындық көңілден шыққан соң, ертең кешікпей мектепке келуге уағдаласып сыныптастар тарастық.
Ертеңіне ерте оянып, концерттік киімімді киіп асығып мектепке бардым. Концерт зал ашық тұр, бірақ апай да, сыныптастар да көрінбеді. Сыныпқа беттедім.
Сыныпқа кірген бойда апай мен оқушылардың мұңды жүзі, жанары төмен қарап отырғандарын көріп, бір жағдай орын алғанын сезіп, жүрегім тез-тез соға бастады. Апай маған қарап жасқа малынған жанарын алақанының артымен сүртіп тұрып: — Жәнібек, Жәнібек….бізді тастап кетті,- деді де мені құшақтап үнсіз жылап тұр, жылағанын иығының селкілдеп тұрғанынан байқап тұрмын. Бірақ мен әлі ештеңе түсінгем жоқ, тастап кетті дей ме? Көшіп кеткен ғой деп іштей осы ойым дұрыс болса екен деп ойыма келген жаман ойларды қуа бастадым…
Иә, менің көшіп кеткен болар деп өзімді алдаусыратқан ойым емес, ішкі түйсігімдегі жаман ой дұрыс болып шықты. Ертең наурыз, моншаға түсіп келеміз деп ағасымен бірге пойыз жолдың арғы бетінде орналасқан моншаға барады. Қайтып келе жатқан кезде қараңғы түсе бастаған, ағалі-іні келе жатқан пойыздан алдын үлгереміз деп пойыз жолдан жүгіріп өтпек болады, ағасы өтіп үлгереді, ал Жәнібек….
Содан бері біраз жылдар өте берді, неше көктем келді, табиғат қайта-қайта тіріле берді, ал көктемде мен де тірілемін деген Жәнібек келмеді…
Гүлсара Расулқызы