Home » Жаңалықтар » АНА ТІЛІМ – АЙБЫНЫМ

АНА ТІЛІМ – АЙБЫНЫМ

Жұпарбекова Айгуль Рысбековна
Алматы қаласы, Жетісу ауданы
№57 Жалпы білім беретін мектептің
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

(Эссе)

       ХХ ғасырдың басындағы Алаш қайраткерлерінің бірі Халел Досмұхамедовтың: «Тіл – жұрттың жаны. Өз тілін өзі білмеген ел болмайды. Тілінен айрылған жұрт – жойылған жұрт. Ана тілін білмей тұрып, бөтенше жақсы сөйлесең, ол – күйініш. Ана тілін жақсы біліп тұрып, бөтенше жақсы сөйлеу, бұл – сүйініш. Өз тілін білмей тұрып, жат тілге еліктей беру – зор қате» [1], – деген толғанысының мәні мен мағынасы тереңде жатыр.

Ана тілі – бұл кез келген ұлттың баға жетпес байлығы, асыл мұрасы. Сондықтан адамдар үшін өмірдегі ең бағалы да қымбат мұралардың бірі  — ана тілі. Ана тілі балаға туған анасының сүтімен дариды. Ана сүтінің нәрінен қуат алып, адамның тұла бойына тараған қасиетті тілдің мағынасын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Біздің ана тіліміз – Қазақ тілі.

       Ақын Мағжан Жұмабаев  қазақ тілінің құдіреттілігі жайында былай дейді: «Қазақтың тілінде ұлттың сары сайран даласы мен тарихы, сайын далада үдере көшкен жұрты, сондай-ақ ешқашан асықпайтын, саспайтын мінезі көрініп тұр» [2],  – дейді. Орыс ғалымы С. Малов болса қазақ тілі өзінің бейнелілігі мен суреттілігі жағынан басқа түркі тілдерінен әрдайым ерекшеленіп тұрады. Қазақ халқы өзінің айшықты әсем естілетін фольклорымен,  ауызекі көркем  тілімен де  бұрын  да, қазір де даңқы шыққан ұлт» [3], – дейді.  Ал татар ғалымы А.Саади бұрынғы қалпынан өзгеріске ұшырамай қолданыста болып жүрген қазіргі ең бай, ең табиғи тіл бір тіл болса, ол қазақ тілі, сондықтан ғылымның шынайлығы үшін біз мұны ашық айтуымыз керек» деген болатын.

Поляк зерттеушісі А.Янушкевич: «Қазақтардың ақыл-ой қабілетінің зорлығына барған сайын менің көзім жетіп келеді. Сөйлеген сөздері де қандай әсем. Кез келгені айтайын деген ойын тез түсіндіріп, қарсыласымен айтысқанда оған шебер тойтарыс  бере біледі. Тіпті балаларының ақыл-есі де өте тез жетілетін халық» [4],  деген болатын.

Жер бетінде өмір сүретін барша халықтың 2500-ден астам тілі бар екендігі белгілі. Ғалымдардың айтуынша, әр жыл сайын, әр ай сайын, тіпті, күн сайын бір тіл жойылып отырады екен. Сондықтан кез келген халықтың  тілдерінің жойылып кету қауіпі өте жоғары. Кез келген ұлт өзінің туған ана тілінің жойылып кетпеуі үшін күресе білуі қажет. Соңғы кездері біздің де ана тіліміздің жойылып кету қаупі бар екендігі аңғарылады. Әсіресе, өз ана тілімізде сөйлей алмайтын ұрпақтың өсіп келе жатқандығы бәрімізді алаңдатады. Оған еліміздегі үш тілділік саясатының кері әсерін беріп отырғандығы байқала бастады. Ана тілін толық меңгермеген балаға шет тілдерін оқытудың нәтижесі бізді мәңгүрттікке қарай алып бара жатқандай болып көрінеді. Осы орайда тіл тазалығы үшін күресе білген педагог, лингвист ғалымдарымыздың бірі Рабиға Сыздықованың «Үш тілді бірдей меңгерген баланың ана тілі болмайды. Одан жазушы да, журналист те, суретші де шықпайды» деген пікірлерінің жаны бар дегіміз келеді. Осы ретте ана тілімізді ардақтай біліп, оны жас ұрпаққа терең сіңіре білудің жолдарын қарастырудың маңызы зор деп білеміз.

        ХХ ғасырдың басында орын ала бастаған тіл шұбарлығына қарсылық білдірген тіл жанашыры, ақын, педагог, лингвист-ғалым                                  А. Байтұрсынов: «Біз сияқты мәдениет жемісіне жаңа аузы тиген жұрт басқа жұрттардың дайын сөздерін ала бермеуіміз қажет. Өйткені, жат жұрттардың тілдерін араластыра беретін болсақ, өз ана тіліміздің қайда қалғанын білмей, түбінде айырылып қалып жүрмейік» деген еді. Сондықтан олардың ғылыми әдебиеттерін қазақ тіліне аударғанда өз ана тіліміздегі сөздерді тауып қолдануымыз керек. Сонда ғана әдебиетіміз шұбарланбай, тіліміз де таза болып сақталатын болады деген пікірлері қазіргі таңда да өз мәнін жоймай отыр. Қазіргі таңда тіліміз шұбарланып, жаһандану мен инновацияны желеу етіп, түрлі ағылшын, француз, неміс сөздері сол қалпында тілімізге еніп жатыр. Бұл жағдайға қазірден бастап, назар аудармасақ тіліміздің болашағы бұлыңғыр болмақ!

Жазушы М. Әуезов көген  көз қазағыма қаратып мінбе құрып, сол мінбеге шығарып: «Ақырғы діліңізді айтыңызшы, Мұхтар!» – десе «тас үгітіліп құмға айналады, темір тозады, ұрпақ озады, дүниеде өлмейтін сөз ғана» [5], деп сөздің құдіретті күшін айшықтай түседі.  Сондықтан халқымызбен бірге жасап келе жатқан асыл сөздің құнын ешқашан түсірмеуіміз қажет. Айбынды ана тілімізді қастерлеп, оны жас ұрпақтың бойына жастайынан сіңіре білудің – басты парыз екендігін ұмытпаған жөн!

     Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Байтұрсынұлы А. Көп томдық шығармалар жинағы. – Алматы: Алаш, 2006.
  2. Кәкішұлы Т. Мағжан және Сәкен. – Алматы: Қазақ университеті, 1999.
  3. Дулатұлы М. Шығармалар. 2 томдық. – Алматы: Ғылым, 1996.
  4. Бөкейхан Ә. Таңдамалы. Шығармалар. «Қазақ энциклопедиясы. Бас редакциясы, 1996.
  5. Нұрғали Р. Әуезов және Алаш. – Алматы: Санат, 1997.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.