Home » Мақалалар » Біздің тұлға — 01

Біздің тұлға — 01

Уақыт ұшып барады от қанатты,
Жақындатып жырақтан болашақты.
Үлкен ойлайд(ы) бүгінге берешекті,
Жас ойлайды ертеңнен алшақтықты – деп, ақын Әбділдә Тәжібаев жырлағандай, 70 жасқа таяған, өзі «бүгінге берешегім бар ма?» деп ойда болары сөзсіз. Әрине, 70-ті аз жас деуге де келмес. Осындай 70-ті алқымдаған Сәрсенғали ағамыз да ауыл үшін орны бөлек тұлға.

Сәрсенғали Рахметұлы 1952 жылы 1 сәуірде Жалпақтал ауданының Көктерек совхозында дүниеге келген. Ағамыз 1970 жылы Көктерек орта мектебін аяқтап, сол жылы әскер қатарына алынып, 1972 жылы азаматтық борышын өтеп келді. 1974-1981 жылдары ағамыз Көктерек орта мектебінің жанындағы жатақханада тәрбиеші, меңгеруші қызметтерін атқарды. 1981 жылы Орал қаласындағы А.С.Пушкин атындағы педагогикалық институтының тарих факультетін бітіріп, Көмекші сегіз жылдық мектебінде тарих пәнінің мұғалімі болып, кейін Кіші Талдықұдық сегіз жылдық мектебінің директоры қызметін атқарып, 1991 жылдан бастап Көмекші ауылындағы Нүпи Дүйсенғалиев атындағы мектепте тарих пәнінің мұғалімі болып еңбек етті. Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі (2006).

Еңбек жолын Көктерек орта  мектебінен бастаған ағаның ұстаздық мақсаты – шәкірттеріне білім беруде өлкетану баспасөз материалдарын жергілікті тарихты пайдалану арқылы оқушылардың тарих пәніне деген қызығушылығын, танымдық біліктілігін арттыру. Ұстаздың еңбегі шәкірт арқылы танылатыны сөзсіз. Әрідегі жылдарды еске алмай-ақ, 2008-2009 оқу жылында мектептің 11-сыныбын бітірген 5 оқушының біреуі тарих пәнінен «бестік» деген баға алса, қалған төртеуі «төрттік» деген баға алып, грант иегерлері атанды.

Заман талабынан қалмай еңбек етіп жүрген ағамыздың шәкірті Мейрамбек Темірғалиевтің жетістіктерін ерекше атауды жөн көріп отырмыз. 2008 жылы Қазталов ауданының 80 жылдығы мен Алаш қозғалысының 90 жылдығына арналған оқушылардың ғылыми конференциясына «Ел  осы-Көмекші» деп аталатын ғылыми жұмыспен қатысқан осы оқушысы ынталандыру сыйлығын иеленген болатын. Сәрсенғали ағамыздың шәкірті Мейрамбектің жұмысы аудандық әдістемелік кабинеттің ұсынысы бойынша Повлодарда өткен «Қ Сәтбаев оқуларына» (Қ. И. Сәтбаевтың 110 жылдығына) жіберілді. IX  «Сәтбаев оқулары» атты жас ғалымдар, студенттер және оқушылардың ғылыми конференциясының материалдары жарияланған кітаптың 96 бетінен орын алған. Осы жұмыстар Сәрсенғали ұстаздың еңбегінің жемісі деп білеміз.

      Сәрсенғали Рахметұлының шағын ғана ауылдың белгілі адамдары, тарихи мәдениеті, өсімдіктері, табиғаты, аң-құсы туралы қысқаша энциклопедиясы жарық көрген болатын. Ұстаздың ұзақ  жылғы ізденісі ретінде бұл жинағы облыс, аудан көлемінде тарихшы мұғалімдерге өлкетану тарихымен жұмыс жасауға үлгі ретінде аудандық әдістемелік кабинет арқылы таратылды. Сонымен қатар «Үлгілі ұстаз-ел мақтанышы» атты кітапшасы басылып, аудан көлемінде таратылды.

«Ауылдың үздік мұғалімі-2003» байқауына қатысып, «Ауылдың ардақты  ұстазы» атағына ие болып, аудандық білім бөлімінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Қолы шебер Сәрсенғали Рахметовтың кабинетіндегі көрнекі құралдар өз қолымен эстетикалық талғамға сай жинақталғанын мақтана айтамыз.

Ардагер ұстазымыздың шәкірттері Теміржан Нұғыманов БҚО сотының апелляциялық сот алқасының төрағасы, Марат Бабасов Шыңғырлау ауданының прокуроры, Тұрар Кенжеғалиев «Қазақстан-Орал» телеарнасының жаңалықтар бөлімінің жүргізушісі, Жанат Әмірғалиева Құрманғазы атындағы саз колледжінің актер және режиссура бөлімінде оқытушы, Арайлым  Дүйсенғалиева БҚГА-ның тарих пәнінің оқытушысы, Елтай Мұстанов Астана қаласында жастар театрының актері, Лаура Меңдешова Астана қаласындағы Қ.Қуанышбаев атындағы театрдың қызметкері болып, қазіргі таңда еліміздің түкпір-түкпірінде жемісті еңбек етіп жүр.

Облыстық, аудандық баспасөз беттерінде сырлы жырларымен танылған жыр сүйер, жаңалыққа жаны құштар халықтың көңілінен шыққан ақын ағаның өлеңдері кім-кімнің де көкейіндегі көңіл пернесін дөп басқандай. Қоғам өміріне өз пікірімен үн қосып, мақала жазып отыратын азамат ағаның өзіндік көзқарасы мен дүниетанымының, білім-білігінің өте биік екенін танығандай боласыз. «Ақын жанды бір ұлыңмын, халайық» деп поэзияда өз ерекшелігімен жыр жазатын ұстаздың еңбегі ескеріліп, 2006 жылы Қазақстан Журналисттер Одағының мүшелігіне өтті. Сарсенғали Рахметұлы 2009 жылы «Дағдарыстан-дамуға» жыр мүшәйрасында «Сұрайтыным халқымнан» өлеңі үшін ынталандыру сыйлығына ие болып, «Орал өңірі» газетінің атынан дипломмен марапатталды. Сонымен қатар ағамыз аудандық ішкі саясат, тілдерді дамыту бөлімінен де әлеуметтік, қоғамдық өмірге өз өлеңдері, мақалалары арқылы үлес қосқаны үшін 2008 жылы алғыс хатпен марапатталған болатын.

Сәрсенғали ағаның жанұясын «ұстаздар отбасы» деуге болады. Зайыбы Роза Меңдешқызы бастауыш сынып мұғалімі болса, ұлы Сәбит – ата-ана жолын қуған өнегелі ұстаз.

Жаңа мақала басында келтіріп кеткен өлең жолдарындағыдай «Үлкендер бүгінгі күнге берешегін ойлайды» деп, туған еліне қызмет еткен, «Мен-осы елдің азаматымын» деп есептеген адамның берешегі шектеліп қалмайды. Жас ұрпаққа білім мен тәрбие беруде айтулы шығармашылықпен жұмыс жасап жүрген ауылдың ардақты ұстазы Сәрсенғали Рахметұлына еңбегіңіз жемісті болып, шәкірттеріңіз биік белестерден көріне берсін деген тілегімізді айтамыз.

1991жылдан зейнеткерлікке шыққанға дейін (2015)  Көмекші ауылындағы Н.Дүйсенғалиев атындағы негізгі жалпы білім беретін мектебінің тарих және қоғамтану пәнінің мұғалімі болып жұмыс жасады. 2015ж. Зейнеткер.

«Наз»-атты жыр жинағының авторы (2012).

Казталов ауданы әкімінің дипломы (2005 ж.), аудандық білім бөлімінің Құрмет грамотасымен (2005 ж.), аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің Алғыс хатымен (2006 ж.) марапатталған.

 

Батыс Қазақстан облысы
Казталов ауданы
Көмекші ауылы
Н.Дүйсенғалиев атындағы негізгі орта мектеп
мұғалімі
КЕНЖЕБАЕВ МЭЛС ЖАСБОЛАТОВИЧ

 

 Ақын өлеңінен…
Жетелейін десең арман, үмітің

Бала кезден жалған сөзге қас қаны,
Ақшыл түске боялған мұрт, шаштары.
Бір танысым сәлемнен соң мұңая,
Сәл күрсініп, былай деп сөз бастады.
-Тәңір менің ағартып, мұрт, шашымды,
Жылдан-жылға ұлғайтса да жасымды.
Қуаныштың орнына мұң беріп,
Домалатпай қойды өрге тасымды.
Не істедім ренжірдей құдай бек,
Деп отырған менен ақыл сұрай кеп.
Сол бір жанға өз-өзінен дал болған,
Сәл ойланып, жауап бердім
— былай деп
Бұл жалғанда таңды әсем таңғы ұрып,
Күндіз-түні еш уайымсыз сән құрып.
Шетсіз-шексіз қуанышқа кенеліп,
Жүрген жанды таба алмайсың мәңгілік.
Бітсе бірі, шығар жаңа сыны алдан,
Өлшеулі ғып берген бізге бір Аллам.
Өмір осы – қысқа, тәтті алдамшы,
Бір өкініш, бір үміттен құралған.
Өмір сенен алыстатып жайлы ісін,
Ұсынса тек өзіңе кіл қайғысын.
«Ей, жігітім» дегені ғой бұл оның,
«Күресуге, тіресуге саймысың?!»
Шынында да өзіңді әркез жігітім,
Бұл жалғанда талмай алға күні-түн.
Ылайым тек аппақ қардай аяулы,
Жетелейін десең арман, үмітің.
Жарытпасын енді көріп ештеңе,
Өтті, кетті, бітті бәрі, кеш деме?!
Күндіз-түні сары уайымға салынып,
Қарауыңды қойып оған сескене.
Өмір саған: «Күресейік, кел десе!»
Тұрма қорқып, кет онымен белдесе.
Мақсат емес, жеңу әлде жеңілу,
Жетіп жатыр, маңдайың сәл терлесе.
Алла жар боп, шыққаныңда белге бір,
Саған қарап күлсе өмір, сен де күл.
Өмірдегі қай жайға да сонан соң,
Басқа көзбен қарарыңа мен кепіл.
 Сәрсенғали Рахметов
Көмекші ауылы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.