Home » Мақалалар » ЖАСТАРДЫҢ МАМАНДЫҚҚА ДЕГЕН КӨЗҚАРАСЫ

ЖАСТАРДЫҢ МАМАНДЫҚҚА ДЕГЕН КӨЗҚАРАСЫ

Шонмырзаев Уркен Токтанбекович,
Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің
өндірістік оқыту шебері, Тараз қаласы

Қазіргі таңда қоғамдағы өзекті әлеуметтік мәселелердің бірі – жастар арасындағы жұмыссыздық.  Тіпті кейінгі жылдары жоғары оқу орындарының түлектері арасындағы заңгер, экономист, қаржыгер және бірқатар гуманитарлық  мамандықтары бойынша жұмыссыздық  деңгейінің өскені айқын байқалып отыр.

Бұл еңбек нарығындағы тепе-теңдіктің сақталуына кері әсерін тигізуде. Оған түрлі фактілерді келтіруге болады. Ал ең басты себептердің бірі мектеп қабырғасында болашақ мамандық таңдауға қатысты жүргізілетін кәсіби бағыт-бағдар беру іс-шараларының толық деңгейде болмауында. Бір сөзбен айтқанда мектеп бітірушілердің еңбек нарығындағы сұранысты, өзінің жеке және басқа да мүмкіндіктерін ескермей жасалған таңдауының нәтижесі. Оған түлектердің қазіргі заман талабына сай мамандықтар мен кәсіп иелері туралы толық ақпараттанбауын да жатқызуға болады.

2017 жылдан бастап елімізде «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасың қолға алынды. Жобаға сәйкес, мемлекет әрбір қазақстандық азаматтың алғашқы техникалық білімді тегін алуын қамтамасыз етеді. Себебі кәсіптік-техникалық білім беру – уақыт талабы.

Осы ретте ел өркендеуіне үлес қосу – әрбір жас азаматтың борышы десек, ерінбей еңбек ету де жастарымыз үшін маңызды. Бүгінгі жаһандану дәуірінің талабына сәйкес,  әлемдегі елдердің барлығы күн санап өркендеудің жаңа сатысына көтеріліп жатқанын естен шығармаған жөн. Сонымен қатар бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына енуді мақсат еткен Қазақстан үшін жан-жағына жалтақтауға да уақыт жоқ. Жаңа техниканың тілін соңынан емес, бірінші меңгеріп, өзгелерге тамсанып емес, таңдай қақтырып жұмыс істеу – ең алдымен жастардың міндеті.

Елімізде индустрияландыру бағытына сәйкес, кәсіптік-техникалық мамандарды даярлауға соңғы жылдары ерекше ден қойылып отыр.

Жалпы, кәсіптік-техникалық білім – кәсіптік-техникалық оқу орындарында және өндірісте оқыту жолымен шаруашылық салалары үшін білікті жұмысшы кадрлар даярлау жүйесі, белгілі бір жұмысшылық кәсіп, мамандық бойынша жұмысты біліктілікпен орындауға мүмкіндік беретін жүйеленген білімнің, ісмерлік білік пен машық-дағдылардың жиынтығына айналып отыр. Мемлекеттік саясаттың басты ұстанымы — Қазақстанның жас азаматтары білімді, еңбекқор, бастамашыл болуы тиіс. Жұмыс пен сұраныс бар болса, шеберліктің шыңына жете білсе, мамандықтың бәрі жақсы.

Қазіргі уақыт — техникалық мамандықтардың, ғылым мен инновацияның күні туған заман. Ерінбей еңбек еткен, талмай ғылым іздеген, озық техниканы жалықпай меңгерген адам көптеген жетістіктерге жетеді. Сондықтан да елімізде жүзеге асырылып жатқан түбегейлі реформалар мен атқарып жатқан қыруар істердің бәрі жастардың болашағы үшін жасалуда.

Кез келген елдегі экономикалық және әлеуметтік тұрақтылықтың кепілі техникалық және кәсіптік білімді дамыту өнеркәсіппен қатар, аграрлық, медицина, құрылыс, қызмет көрсету секторларының өрге басуына ықпал етеді.

Қазақстанда кәсіптік және техникалық маман иелеріне деген сұраныс еліміз егемендікке қол жеткізгеннен кейін көбейді. Осы кезеңде елдегі кіші-гірім өндіріс орындары қайта ашылып, бәсекеге қабілетті орта буын мамандарының еңбегі елене бастады. Алайда кейінгі жылдары кәсіптік және техникалық мамандықтарға бет бұратын жастар қатары санаулы ғана. Бүгінгі жастардың басым бөлігі таза кеңседе отыруды көздейді. Бірақ елімізге қазір сол жастар «менсіне бермейтін» мамандық иелері аса қажет болып тұр, оларға сұраныс көп.

Осы ретте Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде дайындалып отырған «Дәнекерлеу ісі» мамандығы туралы айта кеткенді жөн көріп отырмын. Бұл мамандықтың артықшылығы халық шаруашылығының түрлі салаларында қызмет істеуге болады. Сондықтан да «Дәнекерлеу ісі» мамандығы – өте қажет мамандық. Кез келген өндірістік кәсіпорында электр газымен дәнекерлеу қолданылады. Электр газымен дәнекерлеу – қосылыс жерін  балқу немесе иілу күйіне дейін қыздыру әдісі  арқылы металл бөлшектердің қозғалыссыз, бөлінбейтін қосылыстарын алу үрдісі.

Электргаз дәнекерлеудің көмегімен көліктердің, әртүрлі металл құрылымдардың, көпірлердің, цистерналардың немесе қазандардың және құбырлардың  металл бөлшектері жалғанады. Материалдық өндірістің кез келген саласында электр газдәнекерлеуші атқаратын жұмыстар болады.

Сонымен қатар дәнекерлеу – көліктердің, құрылымдардың бөлшектерін ажырмайтындай етіп қосатын сенімді әрі үнемді тәсіл болып табылады. Дәнекерлеуші шойын, болат құбырлардың құрылымдарын, тетіктерді қолмен, доғалы, плазмалы және газбен дәнекерлеуді орындайды, сонымен қатар телевизионды, фотоэлектрондық және басқа да құралдармен жабдықталған автоматтарда дәнекерлейді. Электр газымен дәнекерлеушінің міндетіне бетті жұмысқа дайындау, технологиялық режимді таңдау, дәнекерлеу үрдісін және сапасын бақылау, тиісті жабдыққа қызмет көрсету енеді. Осы ретте колледжде студенттердің кәсіби дайындық сапасын, олардың шеберлігін анықтап, жастар арасында жұмыс мамандықтарын насихаттау арқылы заманауи жағдайларда олардың беделін көтеру мақсатында көптеген іс-шаралар өткізіледі. Қазіргі  заман  болашақ  мамандарынан тек өз пәнінің терең білгірі болу емес,  тарихи-танымдық, психологиялық-педагогикалық, технологиялық тұрғыдан сауатты және ақпараттық-коммуникациялық технологияны жан-жақты меңгерген ақпараттық сауаттылығы, ақпараттық мәдениеті мен ақпараттық құзыреттілігі қалыптасқан маман болуы талап етуде. Осы бағытта колледжде студенттерге білім беруде жаңа оқыту технологияларын қолдану, инновациялық бағытта жұмыс жасау заман талабына сай  орындалуда. Оқу процесінде компьютерді тиімді пайдалану  және қолдану кейінгі жылдары айтарлықтай оң тәжірибе беріп отыр. Атап айтсақ, студенттердің өз бетімен ізденісі, мамандыққа деген қызығушылығын арттырып, шығармашылығын дамытуға, оқу қызметінің мәдениетін қалыптастыруға, дербес жұмыстарын ұйымдастыруға ерекше қолайлы жағдай туғызып отыр. Мұндағы мақсат – теория мен тәжірибені ұштастырып, кәсіби білікті маман дайындау.

«Қазіргі заманда болашақ жұмысшы мамандарды ақпараттық технологиямен байланысты әлемдік стандартқа сай мүдделі жаңа білім беру өте қажет» деп Елбасы атап көрсеткендей, жас ұрпаққа білім беру жолында ақпараттық технологияны оқу үрдісінде оңтайландыру мен тиімділігін арттырудың маңызы зор. Ақпараттық-коммуникациялық технологияны оқу-тәрбие үрдісінде қолдану білім алушының өз мамандығына қызығушылығын арттырып, шығармашылық шабытын шыңдап, ғылыми көзқарасын қалыптастырып, мамандық сапасын арттырып, еңбек нарығындағы бәсекеге қабілетті мамандар даярлауда үлесі мол.

Сонымен қатар, кәсіптік-техникалық білім беру жүйесі мектеп бітіргеннен кейін оқуға түсе алмай қалғандардың бір мамандықты игеріп шығуына мүмкіндік береді. Мамандардың пікірінше, кәсіптік-техникалық білім беру жоғары оқу орындарына тәжірибелі, өзінің болашақ мамандығынан хабары бар талапкерлерді қабылдауға көмектеседі. Себебі қазіргі таңда елімізде өз жұмысын тыңғылықты орындай алмайтын, оның байыбын аяғына дейін толық түсінбеген жас мамандар барлық салада жұмыс істеп жүргенін көріп жүрміз. Сондықтан да еліміздегі жастардың мамандыққа деген көзқарасын өзгерту мен осы бағытта түсіндіру жұмыстарын жүйелі жүргізіп отыру қажет деп есептеймін.

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.