Home » Мақалалар » ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҚҰРЫЛЫСТЫҢ ДАМУЫ

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҚҰРЫЛЫСТЫҢ ДАМУЫ

Куанышбеков Талгат Турарович,
Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің
өндірістік оқыту шебері, Тараз қаласы

     Қазақстан Республикасы егеменді, тәуелсіз мемлекет ретінде күрделі әлеуметтік-экономикалық және саяси қайта құруларды жүзеге асырып, бүгінгі таңда өркениетті дамуға нарықтық экономика арқылы жетуді көздеп отыр. Осы орайда еліміздің өткен тарихына көз жіберу, жинаған тәжірибеден сабақ алудың маңызы зор. Әсіресе республикамыздың индустриалдық дамуы мен құрылыс саласының қалыптасуына баса назар аударған абзал. Құрылыс саласы қазіргі таңдағы Қазақстан экономикасындағы барынша қарқынды дамып келе жатқан саланың бірі болып табылады.

Саланы дамытудың негізгі бағыттарына шолу жасайтын болсақ, олар:

  • Құрылыс индустриясын дамытудағы мемлекеттік саясат бәсекеге қабілетті, энергияны үнемдейтін құрылыс материалдары, қосылған құны жоғары бұйымдар мен конструкциялар өндірісін инновациялық негізде дамытуға сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметін мемлекеттік реттеуді жетілдіруге, құрылыс өнімі сапасы мен қауіпсіздігін арттыруға бағыттау;
  • Саланы дамыту шеңберінде ішкі сұранысты қамтамасыз етуге және экспорт мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған жұмыс істеп тұрған өндірістерді жетілдіру және жаңа өндірістерді салуды жүзеге асыру;
  • Индустриялық құрылыс комбинаттарының төңірегінде құрылыс материалдарын (терезелер мен есіктер, ламинат, линолеум және басқалары) өндіретін және қызмет көрсететін (жобалау-іздестіру, дизайнерлік, әрлеу және басқалары) кемінде 130 шағын және орта кәсіпорынды дамыту үшін жағдай жасау.

Осындай ауқымды мемлекеттік қолдаудың секторлық және жобалық шараларын іске асыру үшін білікті кадр-ресурстарды дайындау мәселесі туындайды. Сондықтан да колледждерде жүзеге асырылып отырған дуальды білім беру бағдарламасына сәйкес, жоғары кәсіптік оқу орындары түлектерін өндіріс кәсіпорындарында практикадан өткізу жүйесі іске асып отыр. Себебі бүгінгі күні құрылыс саласында жаңа технологияларға негізделген небір жаңа материалдар пайда болып, тұрғын үйлер мен ғимараттардың беріктігін нығайтып, сәніне сән қосты. Ең бастысы, бұрын қиындықпен жүргізілетін күрделі құрылыстар жеңілдеп, олардың өзіндік құны да төмендеді.

Сонымен қатар Қазақстан Республикасының құрылыс саласын техникалық реттеу жүйесін реформалау жүзеге асырылып отыр. Реформаға сәйкес колледждерде білім беру мен сапалы маман дайындау стандарттарына да өзгерістер енгізілді. Соған байланысты, білім беру стандарттарына жаңа жағдайға бейімделген нормативтік база әзірленіп, жаңартылған білім беру мазмұнына сәйкес жаңаша оқыту қалыптасты.

Адамзат өмірінің соңғы он жылдықтары экономика мен тұрмыста түрлі технологиялық үдерістердің күрт қаулап өсуімен ерекшеленеді екен. Солардың алдыңғы қатарында құрылыс саласы да бар. Құрылыстың қарқынды дамуы жер бетінде көптеген жаңа қалалардың пайда болып, олардың санының артуына алып келді. Сонымен қатар, бұрынғы шағын қалалар барған сайын қанатын кең жайып, агломерациялық үдерістерді дамытты. Қалалардың қарқынды даму нәтижесінде айналасындағы елді-мекендердің сол қалаларға қосылып кетіп жатқан үдерістері елімізде аз емес. Мәселен, мұндай құбылыс қазіргі күні Алматы, Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Түркістан мен Теміртау қалаларының бет-бейнелерінен байқалып отыр. Мысалы, Түркістанда бұрын біздің өңірімізде болмаған небір ғажайып ғимараттар мен сарайлар тұрғызылуда. Осы тұрғыдан келгенде, Қазақстан әлем елдерінің арасында құрылыс қарқын алған елдердің қатарында тұр.

Тәуелсіздігімізге ие болғанымызға 30 жыл ғана өткеніне қарамастан, біз бұл салада едәуір тәжірибе жинақтадық деп айтуға болады. Жалпы, құрылыс саласының дамуына ықпал ететін факторлар бірнеше себептерден тұрады екен. Соның ішінде бастылардың бірі – елде әлеуметтік-экономикалық жағдайдың жақсарып, халықтың үй сатып алатындай жағдайының болуы. Міне, осы бір фактордың нәтижесінде ғана алғашқы кезде елімізде құрылыс қарқындап жүрді. Бірақ ендігі кезекте басқа да факторлардың іске қосылуы қажет. Солардың алдыңғы қатарында құрылыс материалдары өндірісінің дамытудың маңызы зор. Қазіргі күні қолданыстағы зауыттар, темір-бетон, кірпіш шығаратын өндіріс орындарын қайта жарақтандыру мақсатындағы жұмыстар жүріп жатыр. Мұның өзі бірқатар тәсілдермен алға басуда. Осы ретте мемлекеттің құрылыс материалдарын шығарушыларды қолдау мақсатында өндірістегі басым бағыттар бойынша инновациялық гранттар бөліп жатқандығын айтуға болады. Сонымен қатар Қазақстан құрылысын тиісті кадрлармен қамтамасыз етудің нақты жобасы әзірленді. Сондықтан да колледждерде құрылыс саласының мамандарын дайындауға да үлкен талаптар қойылып отыр.

Ел экономикасын дамытуда, оны әртараптандыруда құрылыс саласының маңызы зор. Бұл саланың экономикамызға қаншалықты әсер ете алатындығын біз әлемді шарлаған пандемия жағдайына байланысты қалыптасқан дағдарыс тұсында анық байқадық. Енді оны кешенді жүйелі дамытудың неғұрлым сенімді жолдары қарастырылып, алға айқын міндеттер қойылып отыр.

Жоғарыда айтылған мәселелерге қосымша құрылыс нарығының негізгі ойыншысы болып табылатын құрылыс компанияларының бәсекеге қабілеттілігін объективті бағалау, оның нарықтағы орнын дәл айқындау, кәсіпорын басшылығының бәсекеге қабілеттілікті оңтайлы басқаруды ұйымдастыру және құрылыс ұйымының бәсекеге қабілеттілігін тиімді басқару әдістемесін жасау арқылы бәсекеге қабілеттілікті басқаруды жетілдіру қажеттілігі  де маңызды екендігін айта кеткен жөн.

Қазақстанның дүниежүзілік экономикадағы интеграциялық үрдістерде терең және жан-жақты ықпалдасуы жағдайында отандық құрылыс компанияларының өркениетті де аса қатаң бәсекелестік күреске дайын болуы бүгінгі күннің өзекті мәселесі екені анық және осы ретте колледждерде дайындалып жатқан болашақ мамандардың бәсекеге қабілеттілігін, құрылысшы – адамзат өркениетінің бастауында тұрған мамандық екендігін де естен шығармағанымыз жөн. Соған байланысты, өз мамандығының майталманы атанып, туған жерді түлетуге аянбай үлес қосатын білікті де бәсекеге қабілетті мамандар дайындау – басты міндетіміз.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.